«ӘОД ҒПО» ұжымы мерекелік концерт ұйымдастырды

0
59

29 қарашада Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті күніне орай «Әлеуметтік оңалтуды дамыту ғылыми-практикалық орталығында» мерекелік концерт ұйымдастырылды. Думанды шара барысында көрермендерге Н. Назарбаевтың өз отандастарының қазіргі және болашақ ұрпағының алдындағы барлық жауапкершілікті сезіне, біле атқарып отырған қызметі жайында арнайы дайындалған бейнероликтер және слайдтар көрсетілді.

Мерекелік концертке жиналған қауым назарына №51 сәбилер-балабақшасынан келген дарынды балалардың орындауында «Батырлар ұраны», №4 мектепте білім алатын домбырашылар өнері және вокалшы қыз балалардың әні, №2 мектеп оқушыларының музыкалық қойылымы және үнді биі, №1 мектеп-интернатынан келген балалардың орындауында «Шаттық» биі, №63 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Арыстан Аруайдың орындауында «Құс» әні ұсынылды. Ән мен би көпшіліктің көңілінен шығып, мерекелік бағдарламаны одан да көңілдірек етті. Осы ретте, біздің дарынды әріптестеріміз Талшын Асқарова мен Ерлан Сапаровтың орындауындағы лирикалық әндер құлақтан кіріп, бойды алып, көпшіліктің жылы лебізіне бөленді. Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биікті бағындырды. Соның бірі медициналық-әлеуметтік саладағы жетістіктер. Осы орайда, «ӘОД ҒПО» ШЖҚ РМК бас директоры міндетін атқарушы Смайлова Салтанат Мирамбекқызы өзінің құттықтау сөзінде «Бұл ретте, біздің Орталығымыздың қызметіне тоқтала кетсем. Мамандарымыз кохлеарлы имплантация жасалған кішкентай балалардың сөздік корын кеңейтіп, әлеуметтік ортаға бейімдеуде. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік интеграциясына жағдай жасап, олардың әлеуметтік статусын және өздігінен қоғамдық және отбасылық-тұрмыстық қызмет ету қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған протезші-ортопед мамандарымыздың қажырлы еңбегін атап өткен жөн. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің жемісі» – деп атап өтті. Сонымен қатар, «ӘОД ҒПО» ғылыми-ұйымдастырушылық бөлімінің жетекшісі Саякова Анжела Мырзағалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік іс-шараға жиналған қауымға, әріптестеріне және өнерлерін ортаға паш еткен бүлдіршіндерге өз алғысын білдірді. Балалар шығармашылық ұжымдарының ортаға шығып, ән айтып, би билеулері ересек көрермендерді бей-жай қалдырмады. Олардың өнеріне тәнті болған қауым қолпаш көрсетіп, ықылас танытты. Әр мерекені асыға күтетін балалардың өнері осы күнгі мерекелік думанды қыздыра түсті.                                          Мереке соңында Орталық атынан өнер көрсеткен балаларға алғыс хаттар мен сыйлықтар ұсынылды.

«ӘОД ҒПО» ШЖҚ РМК

Баспасөз қызметі

Жауап қалдыру