NIS – орта білім беру жүйесінің эталоны

0
30

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев 1 жел­тоқсан күні Зияткерлік мек­тептері» дербес бі­лім беру мекемесінің 10 жыл­дығына арналған «Ұлы дала мұ­рагерлері» атты форумға қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев сөй­леген сөзінде форумға қаты­сушылардың бәрін зият­керлік мектептердің 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мектептер еліміздің білім бе­ру жүйесінде ерекше орын ала­тынын атап өтті.
– Зияткерлік мектептер мем­ле­кетіміздегі орта бі­лім бе­ру жүйесінің эталонына ай­налды. Бүгінде Қазақ­стан­ның барлық мектептері сіздерге қарап бой түзейді. Өс­келең ұрпақтың қазіргі заманғы талаптарға сай болуы базалық білімге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңір­лерде ашылған 20 зияткерлік мектепті қазіргі кезде 8 мыңнан астам оқушы бітіріп шыққанын айтты.
– Еліміздегі әрбір дарынды баланың әлемнің үздік стандарттары бойынша білім алу­ына мүмкіндік туғызу біз үшін маңызды болды. Оның басты қағидаттары – оқу үдерісінің жүйелілігі, мақсаттардың ай­қын­дығы және тәжірибе жү­зінде оқыту, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы білім бе­рудің озық әдістемелерін және іріктеудің қатаң жүйесін енгізу нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары математикалық сауат­тылық бойынша әлемнің үз­дік 10 елінің оқушыларының қатарына қосылғанын атап өтті.
– Бүгінде мұнда еліміздің барлық өңірінен келген балалар білім алуда. Солардың 3 мыңнан астамы – көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары болса, 2,5 мыңы – ауылдық жерлер мен шағын қалалардан келген оқушылар. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің және әрбір талантты баланың өзін-өзі танытуы үшін жасалған мүмкіндіктің нақты көрсеткіші, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті оқушылардың STEАM-дайындығын кү­шейт­іп, алған білімдерін жобалық және зерттеу жұ­мыс­тарын орындау ар­қылы тәжірибеде жүзінде қол­дануды қамтамасыз ету­дің маңыздылығы туралы айтты.
– Ағылшын тілінен аудар­ған­да, STEАM дегеніміз – жара­тылыс­тану ғылымдары, технологиялар, инженерия, өнер және математика салалары. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманда сұранысқа ие болып келе жатқан пәндер. Мұндай пәнаралық және қолданбалы әдісті қолдану балаларды сыни ойлауға үйретеді. Соның ар­қасында жаңашылдар мен өнер­тапқыштардың жаңа буыны қалыптасады, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы төртінші бағыт ретінде шет тілдерді мең­герудің маңыздылығын атап өтті.
– Биылғы оқу жылында зияткерлік мектептерде оқушы­лардың таңдауы бойынша екінші шет тілін меңгеру қолға алынды. Жаһандану жағдайында шет тілдерін білудің маңызы аса зор. Тілдерді білу басқа елдердегі адамдардың менталитеті мен мәдениетін түсінуге жол ашып, жоғары білім алу және жұмысқа орналасу барысында таңдау жасау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойы дамудың жаңа кезеңі және еліміздің өркендеуі жолындағы жаңа ауқымды жетістіктердің бастауы болатынына сенім білдірді.

Жауап қалдыру