Өнеркәсіптік өңірдің өсімі қарқынды

0
142

29-маусым күні Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болған кезінде бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарының қызметімен танысты.
Нұржан ҚУАНТАЙ, арнайы «Президент және Халық» газеті үшін – Өскеменнен

Елбасы алдымен облыстық Қан орталығына барып, меке­менің жұмысымен танысты. Сон­дай-ақ донация және қан құрамдауыштарының сапасын автоматтандырылған зертха­на­лық бақылау әдісін енгізуге мүмкіндік беретін жаңа меди­циналық құралдармен жабдық­талған орынжайларды аралап көрді.
Қазақстан Президенті орта­лық қызметкерлерімен әңгіме­лесіп, қаланың медици­налық мекемелерінің қажетті емха­налық және диагнос­тика­лық жаб­дықтармен қамтама­сыз еті­ліп жатқанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев ұжым­ның табысты болып, қызмет нәтижелерінің арта беруіне тілектестігін білдірді.
Мекеме қызметкерлері медицина саласына жүйелі қолдау көрсетіліп отырғаны үшін ризашылықтарын жеткізді.
Облыстық Қан орталығы донор қанымен және оның құ­рам­дауыштарымен қамтама­сыз етеді. Мекеменің жобалық қуаты жылына 24 мың литр қан әзірлеуге жетеді.
Мұнан кейін Мемлекет басшысы Өскемен қаласындағы «АЗИЯ АВТО Қазақстан» акционерлік қоғамында болды.
Нұрсұлтан Назарбаев толық циклды режим бойынша автомобиль шығаратын кәсіпорын мен автоқұрамдауыштар өндіретін технопарк қуатын біріктіретін автоөнеркәсіп кластерін құру жөніндегі инвестициялық жоба­ның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Қазақстан Президентіне тех­нологиялық цикл, өндіріс­тік және инвестициялық көрсет­кіштер, сондай-ақ жобаны жү­зеге асыру кестесі жөнінде баян­далды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмыс­шыларымен әңгімелесіп, зауыт­тың табысты дамуына және бәсекеге қабілеттілігінің жоға­ры болуына тілектестік білдірді.
Заманауи автоөндірісті жол­ға қою бағытында «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ жүзеге асырып жатқан жоба жылына 120 мың автомобиль шығаруға лайықталған. Жоба арқылы Қазақ­станның ішкі нары­ғын­дағы сұранысты қамтамасыз етіп, өнімді таяу елдерге де экспорттау көзделіп отыр.
Артынша Елбасы Шығыс Қазақстан облысына жаса­ған жұмыс сапарының қоры­тын­дысы бойынша БАҚ өкіл­деріне арналған брифинг өткізді.
Қазақстан Президенті Шы­ғыс Қазақстан облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі екенін және қазіргідей күрделі жағдайда жақсы өсім қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.
– Мен облысқа ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығында келіп отырмын. Өнеркәсіптік өндіріс өсімі биылғы 5 айда 39% бол­ғаны, ауыл шаруашылығы 13%-ға өскені, ал еңбекақы 11%-ға ұлғайғаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірде индустриялық бағдарламаның, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында автомобиль жолдары құрылысының тиімді жүзеге асырылып жатқа­нын айтып, облыстың өнеркәсіп­тік әлеуетіне тоқталды.
– Мұнда «Қазмырыш», «Қазақ­мыс», Өскемен титан-магний комбинаты, Үл­бі метал­лургия комбинаты, ең ірі су электр стансасы сияқ­ты еліміздің жетекші кәсі­по­рындары орналасқаны мәлім, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарының бірқатар негізгі тұстарына тоқталып өтті.
– Мен біздің машина жасау индустриямыздың алғаш­қы қарлығашы – «Азия АВТО» кәсіпорнына бардым. Қазақ­стан ешқашан автомобиль шы­ғар­маған еді, ал қазір біз­де құрастыру өндірісі жолға қо­йылды. Дамыған автомобиль индус­триясы бар көптеген ел нақ осы құрастырудан бас­таған. Сосын мамандар даярлап, жергілікті қызметкерлер үле­сін ұлғайтып, біртіндеп төл өндірісін іске қосты, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы шетелде оқып келіп, бүгінде отандық кәсіпорындарда жұмыс істеп жатқан жас мамандардың үлесін атап өтті.
Қазақстан Президенті «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған облыстық Қан орталығы сияқты әлеуметтік мекемелер қызметінің маңыз­дылығын айтты.
– Бұл нысан денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды, халық та мұны түсініп, қан өт­кізу үшін топ-топ болып келіп жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы облыстың жалпы қалыпты дамып келе жатқанын, ал түйт­кілді мәселелер жүйелі шешімін табатынын айтты.

Жауап қалдыру