Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі

0
172

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы 5 наурызда Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті.

Құрметті
қазақстандықтар!

Наурыз айының еліміздің Тәуел­­сіздік күнтізбесінде ерекше орны бар. Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап өтеміз. Сонымен бірге, бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде. Қымбатты әйел­дерімізді де мерекесімен наурыз айында құттықтаймыз. Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған. Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындар­лы саясатының арқасында бар­лық сынақтардан абыроймен өттік.
Ел иесі қазақ халқының маңы­на ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды. Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан об­лыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауы­рына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды. Қазақ халқы да оларға ұлттық тари­хымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді. Осындай өзара құрмет пен сенім мыз­ғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айналуда. Жақ­сылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашан да биік.
Заманауи Қазақстанның өсіп-өр­кендеуіне әрбір отанда­сы­мыз өз үлесін қосты. Мен этно­мә­дени бірлестіктерге де ай­рық­ша ризашылық білдіремін. Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қи­лы замандардан өттік. Тәуел­сіз­діктің ең тағдыршешті сәт­те­рінде мені әрдайым қолдаған хал­қыма да алғыс айтамын. Өт­кен сайлаулардың бәрінде хал­қымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат – осы.
Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді. Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, бола­шақ­та да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол се­бепті, мен бүгін Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің қа­быр­ғасынан жаңа әлеуметтік бас­­­тамалар көтеріп, халқыма үн­­деу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері ме­нің кө­кейімде жүр. Бірақ, Қа­зақс­тан алдымен бойына күш, қа­зы­насына қаржы жинап, қуат­ты ел­ге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!
Бұл – біздің қоғамның әлеу­мет­тік бірлігін нығайту үшін жіге­­рімізді жанып, нақты іске кірі­сетін сәт. Біз оны ауқымды әлеу­меттік жобалар арқылы жү­зеге асырамыз. Мемлекет осын­дай түбегейлі шараларды қолға алады. «Қазақстан – біздің ор­тақ үйіміз» деген идея жаңа ма­ғы­намен толыға тү­су­ге тиіс. Жаңа ұсыныстардың маңыз­ды­лығын ескеріп, мен әрбір қазақ­с­тандықтың әл-ауқатын әрі қа­рай жақсарта түсуге бағыт­талған жаңа әлеуметтік бастамаларымды өздеріңізбен талқылау үшін бү­гінгі Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысын шақырттым.
Бірден айтайын: бүгін айты­латын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағ­дар­лама. Бұл – елдің игілігіне ар­налған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен өр­кендеген Қазақстан – ең алды­мен мемлекеті өзін қорғап, қол­дай­тынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз.
Қымбатты дос­тар! Біз бү­гін әлеу­мет­тік жаңғыру жо­лын­­да жаңа, ауқымды қадам жасауға дай­ынбыз. Мен Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасын ұсы­намын.

Бірінші бастама:
«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру».
Біз соңғы жылдары қазақс­тан­дықтардың баспана алу мүм­кін­діктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұр­ғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Де­ген­мен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы бас­панасыз жүр. Бұл – айрықша әлеу­меттік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипо­текасының қалың көпшілікке жап­пай қолжетімділігін арттыру ар­қылы табуға барлық жағдай жа­сау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюд­жетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.
Сондықтан, мен «7 — 20 — 25» бағ­дарламасын ұсынамын. Жұ­мыс істейтін әрбір қазақстан­­дық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөл­шер­лемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор на­рығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша бе­ретін жаңа ипотекалық несие­лерін сатып алуға жұмсауы қажет.
Бағдар­ла­маны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор сер­пін береді. Нәтижесінде мил­ли­ондаған қазақстандық үшін бас­пана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл эко­номиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс іс­тейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады!

Екінші бастама:
«Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».

Салыстырмалы түрде жала­қысы төмен қазақстан­дықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салу­ды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін же­ңіл­дету керек. Ал осылайша са­лықты азайтудан шығатын қар­жы олардың жалақысын кө­бейтуге жұмсалуы қажет.
Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүм­кіндігін зерделеуі керек.
Үшінші бастама:
«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».

Қазір еліміздің жоғары оқу орын­дарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қол­жетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бө­лінетін 54 мың грантқа қосым­ша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.
Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология са­ла­сының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының ай­қын көрінісі. Сонымен бірге, тех­­никалық және ауыл шаруа­шы­лығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жо­ғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл –жалпы әлемдік тренд. Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым.
Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. Қазір жоғары оқу орындары мен кол­ледждердің студенттерін жа­тақ­ханамен қамтамасыз ету мә­се­­лесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелопер­лік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағи­дасымен жатақхана салуды бастауы керек.
Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқы­лы жатақхана құрылысына жұм­сал­ған инвестициялардың бел­гілі бір бөлігі біртіндеп қайта­рылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жыл­дарда өсе түсетін сұраныс­ты ескергеннің өзінде жатақ­хана тапшылығын біржола шешеді.

Төртінші бастама:
«Шағын несие беруді көбейту».

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғын­дардың арасында жаппай кә­сіпкерлікті дамыту үшін ат­қарылып жатқан жұмыс­тар­дың аясында жеңілде­тіл­ген шағын несие беру неғұр­лым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыс­тырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек.
Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді.

Бесінші бастама:
«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру».

Елімізде газ өндіру Тәуел­сіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше­метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір елі­міз­дегі тұрғындардың 50 про­центке жуығы газбен қам­тама­сыз етілген. 9 об­лысқа газ тар­тылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қара­өзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Те­міртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады.
Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президенттің бес бастамасы – осы. Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады. Үкімет пен Ұлттық Банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетік­терін жасауды тапсырамын. Парламент депутаттары­нан заңнамаға қажет өзгеріс­терді уақытылы енгізуді өтінемін. Бастамалардың айрық­ша маңызды екенін ескер­сек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңі­нен талқылауды қажет етеді. Халық пен бизнес өкіл­дерінің арасында түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу де ма­ңызды. «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақы­лауға алады.
Құрметті отандастар!
Мемлекеттің жаңа қадам­дары бүкіл қазақстан­дық­тарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Қоғам өз тағдырын Қа­зақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жос­парлаудың тың мүм­кіндігіне ие болады. Бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймын. Оны іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түспек. Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет – әлеуметтік мемлекет.
Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тіккен елміз. Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін.
Ардақты ағайын!
Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген. Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра біл­генінің арқасында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы! «Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заман орнатты. «Байлық – бай­лық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан қалған қағида.
Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана жерін жаудан тазарта алды. «Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны айтқан. Қазақтың осынау үш ханы – ел тарихындағы үш асқар тау, оларды асқақ­татқан – ел бірлігі. Сонымен бірге, алтыбақан алауыз­дықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездер де аз емес. Бұл да – тарихтың ащы сабағы.
«Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуі­­рінде татулық пен бір­ліктің, тыныштық пен тұрақ­тылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде. Табысымызды еселеп, Тәуел­сіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.
Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана, хал­қымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көр­кейіп, дами береді. Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады. Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа ұластырайық!
Іске сәт!

(ҚазАқпарат).

Жауап қалдыру