Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың жеті қыры

3
98

21 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жа­рияланды. Мақаланың толық мәтінімен төмендегі материалдан таныса аласыздар.
Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.
Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылна­масына көз жүгіртсек, олар­дың мыңдаған жылды қам­титын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жө­нінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мә­дениеті бар ежелгі Үн­дістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан біре­гей өркениет ретінде қарас­тыруға болады.
Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.
Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтас­тай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйек­тері­міз де жеткілікті.
Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аума­ғында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.
Екіншіден, біз айтқалы отыр­ған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырт­тан келген жоқ, керісінше, көп­шілігі осы кең-байтақ өл­кеде пайда болып, содан ке­йін Батыс пен Шығысқа, Күн­гей мен Теріскейге таралды.
Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз за­манындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңа­лық­тарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қа­зақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тари­хымыздың көкжиегі бұ­ған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.
Сонымен бірге ұзақ уақыт­тан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отыр­ғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.
Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқи­ғаны таңдамалы және конъюнк­туралық тұрғыдан ға­на сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғым­дар. Бұлар өзара бірлес­кенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.
Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рө­лімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ
Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дү­ние­лерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адам­дар талай техникалық жаңа­лық­тар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарих­тың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.

1. АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңірін­дегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргі­зілген қазба жұмыстары жыл­қы­ның тұңғыш рет қазіргі Қазақ­стан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыш­та­рының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.
Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адам­зат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Қазіргі киім үлгісінің база­лық компоненттері Дала өрке­ниетінің ерте кезеңі­нен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ық­шам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ың­ғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шал­бардың алғашқы нұсқа­сы пайда болды.
Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимыл­дауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киіз­ден, кендір мен жүннен, кенеп­тен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қой­мады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шал­барлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі етік­тер­дің барлық түрі көшпен­ділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етік­тің «мұрагерлері» екені белгілі.
Ат үстінде жүрген көшпен­ділер тақымына басқан сәй­гүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.
Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еура­зия көшпенділерінің айрық­ша маңызды әскери жаңа­лығына баланған мұздай те­мір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.

2. ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГИЯ
Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пай­да болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорыт­палары алына бастады.
Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өн­діру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгері­леуіне жол ашты. Қазба жұмыс­тары барысында та­был­ған металл қорытатын пеш­тер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұр­ғыдан қаншалықты қар­қынды дамығанын көр­сетеді.

3. АҢ СТИЛІ
Біздің ата-бабаларымыз қор­шаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген ха­лық­тардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалып­тас­тырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақ­станның ежелгі тұрғын­дарының озық мәдениеті болды.
Олардың мұрасының жар­қын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының ай­шықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейне­сін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара бай­ланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған.
Олар жыртқыштардың, негізі­нен мысық тұқымдас аңдар­дың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақ­станның символ­дары­ның бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.
Бұл ретте, аң стилі ба­баларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жа­сау­дың және құймалар құю­дың, жайма алтын дайын­даудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.
Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.

4. АЛТЫН АДАМ
Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарау­ға жол ашып, әлемдік ғы­лым үшін сенсация санал­ған жаңалық – 1969 жылы Қа­зақ­станның Есік қорға­ны­нан табылған, өнертанушы ға­лымдар арасында «қазақ­стан­дық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
Бұл жауынгер талай тыл­сым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көр­кем­дігімен тамсандыра­тын аса жоғары деңгейдегі көр­кем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен ап­талған киімдері ежелгі ше­берлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгер­генін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық
Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгі­лейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлық­тап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне кө­теріп асқақтатқан. Қорым­дағы сән-салтанатты жа­сау-жабдықтар ежелгі баба­лары­мыздың зияткерлік дәстүр­лерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жаны­нан табылған күміс кесе­лердің бірінде ойып жазыл­ған таңбалар бар. Бұл – Орта­лық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атау­лы­ның ішіндегі ең көнесі.
(Соңы 2-бетте).

5. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ
Қазақтардың және Еуразия­ның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақ­стан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біз­дің дәуіріміздің І мыңжыл­дығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.
Тарих пен география түркі мемле­кеттері мен ұлы көш­пен­ділер империялары сабақ­тастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның эко­номикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.
Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және оты­рықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауда­ның орталығына ай­нал­ған ортағасырлық қала­лар­дың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасыр­дағы Отырар қаласы әлем­дік өркениеттің ұлы ойшыл­дары­ның бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қала­сында өмір сүріп, ілім таратқан.

6. ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ
Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еу­разия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әр­түрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Ба­тысы, Солтүстігі мен Оң­түс­тігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы бай­ланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.
Бұл жол халықтар арасын­дағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалып­­тасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.
Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасыр­лардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәне­кері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.
Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік имерия­ларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.

7. ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қа­рапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жеміс­тің терең тарихының симво­лы ретінде еліміздің оңтүс­тігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.
Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергі­лікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біз­дің жерімізде Тянь-Шань тау­ларының етегі мен шөлейт дала­ның түйісер тұсын­да пай­да болған. Қазақ топы­ра­ғындағы осынау қарапайым, сон­дай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халық­тың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
Бүгінде жер жүзінде қызғал­дақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.

ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткі­зіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүние­танымымыздың, халқы­мыз­дың өткені мен бүгінінің жә­не болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.

1. АРХИВ – 2025
Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өтке­нін зерт­теуге қатысты ауқым­ды жұмыстар атқарылды. Елі­міздің тарихи жылна­масын­да­ғы ақтаңдақ­тарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдар­ла­масы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.
Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын.
Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мә­дениеттанушылардан құрыл­ған арнайы топтардың отан­­дық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыс­тарын жүргізуіне баса мән беру керек.
Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «ака­демиялық туризмге» айнал­мауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.
Өз тарихына деген мақта­ныш сезімін ұялатып, отан­шылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлке­тану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозға­лыс­тар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру бар­ша қазақстандықтардың бо­йын­да өз бастауларына де­ген ор­тақтық сезімін қалып­тас­тырады.

2. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ
ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ
Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.
Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.
Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.
Екіншіден, мақсатты мем­ле­кеттік тапсырыс ұйым­дас­тыру арқылы қазіргі әде­биеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақын­дар және ел билеген тұл­ғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.
Сондай-ақ бұл жерде клас­­сикалық қалыптан тыс, бала­малы жастар өнері­нің креативті әлеуетін де пайда­­ланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығар­ма­шылық ұжымдарды да тартқан жөн.
Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғала­ры» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет.
Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көп­бейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһар­мандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміз­дегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.

3. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ГЕНЕЗИСІ
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.
Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Уикипедияның үлгісінде Қазақстанның мо­дера­тор­лығымен Түркі ха­лықтарына ортақ туын­ды­лардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды.
Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түр­кіс­танды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.
Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.

4. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЕЖЕЛГІ ӨНЕР ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МУЗЕЙІ
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкін­дігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгі­лерін – аң стилінде жасал­ған бұйымдарды, «Алтын адам­ның» жарақтарын, жыл­қыны қолға үйрету, ме­тал­лур­гияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман да­йын­дау үдерісін көрсететін зат­тар­ды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға бола­ды. Он­да Қазақстан жері­нен та­былған құнды архео­логия­лық ескерткіш­тер мен архео­логиялық кешен­дер­дің экс­по­зициялары қойы­лады. Бұл заттар тарихи дәуір­лер­дің қандай да бір кезе­ңіндегі әр­түрлі шаруа­шылық сала­ларының даму үдерісін көр­сетеді.
Сонымен қатар «Ұлы да­ланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.
Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үй­лері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырға­лары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.
Осының негізінде білімді дә­ріптеуге және туризмді да­мытуға баса мән берілуі қа­жет.

5. ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫ МЕН МУЗЫКАСЫНЫҢ МЫҢ ЖЫЛЫ
Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагер­лерінің өткен мыңжыл­дық­тағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.
Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.
Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.
Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.
Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.
Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады.
Сонымен қатар фольклор­лық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет.

6. ТАРИХТЫҢ КИНО ӨНЕРІ МЕН ТЕЛЕВИЗИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ
Қазіргі замандағы халық­тардың тарихи таным-түй­сігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы ха­лықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми моногра­фиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады.
Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет та­ри­хы­ның үздіксіз дамуын көр­сететін деректі-қойылым­дық фильмдердің, телеви­зиялық сериалдар мен толық­метражды көркем картина­лардың арнайы циклін өнді­ріске енгізу керек.
Аталған жобалар кең ха­лықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Қызықты әрі мелодрама­лық сарындармен қатар, кө­рермендер үшін танымал фэн­тези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің эле­мент­терін қоса отырып, жа­ңа тарихи теле-кино туын­ды­лардың жанрларын ба­рын­ша кеңейту қажет.
Осы мақсатпен Ұлы дала­ның бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады.
Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультип­ликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұр­пақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.
Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қа­зақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша елік­теу­ге лайықты тұлғалар.

ҚОРЫТЫНДЫ
Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақалам жарыққа шықты.
Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын.
«Рухани жаңғыру» жал­пы­ұлт­тық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-баба­ларымыздың көп ға­сыр­лық мұрасының цифр­лық өр­кениет жағдайында тү­сінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүм­кіндік береді.
Төл тарихын білетін, баға­лайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті

3 Коментариялар

  1. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 21 қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы рухани жаңғыруымызды жалғастыратын, тарихи құндылықтарымызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа дәріптейтін өте құнды дүние. Халқымыздың мәдениеті мен тарихы мақтан етуге тұрарлық үлкен байлық. Мақалада көрсетілген ұлы даламыздың жеті қыры айғақты дәлелдері, көтерілген тың ойлар мен нақты ұсыныстар Қазақстан азаматтарын қайрат, жігер беріп, болашақтағы жаңа ізденістер мен бастауларға жол ашатыны күмәнсіз. Менің ойымша бұл мақала барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде жас ұрпақтарға насихатталу қажет.
    Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің Экономика және басқару ғылымдары факультетінің экономикалық және туризм мамандықтарының оқытушылары мен білімгерлері арасында, кураторлық сағаттарда талқылануда. Қазіргі күні мақала аясында іс-шаралар жоспары құрылды. 2018-2019 оқу жылында факультет жастары өз тарихын, өлкесін терең танып білу мақсатында Алматы қ. ҚР мемлекеттік орталық мұражайы, «Есік» қорық-музейі мен басқа да мұражайларда ғылыми-танымдық семинар өткізу, бұдан басқа Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылындағы «Жеті қазына» құсбегілер мектебінің жетекшісі және қатысушыларымен кездесу жоспарлануда.

    Экономика және басқару ғылымдары факультетінің деканы,
    Остапца-Свешников атындағы
    Халықаралық өлкетану және туризм жастар академиясының академигі (РФ, Мәскеу қ.) Б.Ш. Мамоев

  2. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 21 қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы рухани жаңғыруымызды жалғастыратын, тарихи құндылықтарымызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа дәріптейтін өте құнды дүние. Халқымыздың мәдениеті мен тарихы мақтан етуге тұрарлық үлкен байлық. Мақалада көрсетілген ұлы даламыздың жеті қыры айғақты дәлелдері, көтерілген тың ойлар мен нақты ұсыныстар Қазақстан азаматтарын қайрат, жігер беріп, болашақтағы жаңа ізденістер мен бастауларға жол ашатыны күмәнсіз. Менің ойымша бұл мақала барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде жас ұрпақтарға насихатталу қажет.
    Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің Экономика және басқару ғылымдары факультетінің экономикалық және туризм мамандықтарының оқытушылары мен білімгерлері арасында, кураторлық сағаттарда талқылануда. Қазіргі күні мақала аясында іс-шаралар жоспары құрылды. 2018-2019 оқу жылында факультет жастары өз тарихын, өлкесін терең танып білу мақсатында Алматы қ. ҚР мемлекеттік орталық мұражайы, «Есік» қорық-музейі мен басқа да мұражайларда ғылыми-танымдық семинар өткізу, бұдан басқа Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылындағы «Жеті қазына» құсбегілер мектебінің жетекшісі және қатысушыларымен кездесу жоспарлануда.

    Шет тілдер және іскерлік карьера университеті Алматы қ.
    Экономика және басқару ғылымдары факультетінің деканы,
    Остапца-Свешников атындағы
    Халықаралық өлкетану және туризм жастар академиясының академигі (РФ, Мәскеу қ.) Б.Ш. Мамоев

  3. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын толық оқып шықтым. Мақалада «Туризм» мамандығы студенттері үшін түйіп алатын мәліметтер келтірілген, әсіресе туризм тарихы үшін маңызды болып табылатын Ұлы Жібек жолы, сонымен қатар этникалық туризмде қарастырылатын дала фольклоры мен аң стилі жақсы келтірілген. Бұл мақаланың жастар үшін беретін білімі мен тәлім-тәрбиесі зор!
    Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, «Экономика және басқару» кафедрасының аға оқытушысы А.Т. Алдажарова

Жауап қалдыру