Нұрлан Ноғаев: Мектеппен қоштасу қалтаға салмақ салмауға тиіс

0
44

Соңғы қоңырауды кең көлемде атап өтудің қажеті жоқ. Аймақтағы білім беру саласы басшыларымен өткен жиналыста Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осындай ой айтты.
– Жақында кезекті оқу жылы аяқталады. Әр жыл сайын соңғы қоңырау салта­натын ұйымдастыру тақы­рыбы көтеріледі. Әрине, кез келген ата-ана, оқушылар да бұл мерекелі күнді жоғары деңгейде өткізгісі келетінін түсінеміз. Тіпті кейбір ата-аналар осы шараларды өткі­зуге несие алады екен. Соңғы қоңырауды атап өтуге керек қажеттіліктерді сатып алуға, мейрамханаларда той­лауға қанша қаражат шығын­да­лады? – деді Нұрлан Но­ғаев.
Облыс әкімінің пікірінше, сал­танатты шараны қара­пайым түрде өткізуге де болады. Одан еш нәрсе маңы­зын жоймайды. Ата-аналары­на өкпелеп жататын кейбір балаларға осыны дұрыстап түсіндіру керек.


– Мұғалімдерге сыйлық са­тып алудың қажеттілігі жоқ. Қайта мұғалімдер мен мектеп басшылары оқушы­лар­мен, ата-аналармен әң­гі­ме­лесулері тиіс. Әрине, бұл дәстүр бұрыннан бар, бі­рақ барлық отбасының әлеу­мет­тік жағдайы бірдей емес. Біз мектеппен қоштасу – өмір жолының бастауы екенін тү­сін­діруіміз керек. Алда мектеп түлектерін аз қиындық күтіп тұрған жоқ. Міне, осы жай­лы ойланған жөн. Алдымен балаларымыздың қауіп­сіздігіне мән берейік.– деп есептейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі білім беру саласы басшыларына оқу бөлмелерінің жөндеуіне ақша жинауға қатысты жауапкершілік алатындарын ескертті. Жергілікті бюджетте бұл мақсатқа қаралған қаражат жеткілікті.


– Жыл сайын мектептердің ағымдағы жөндеуіне қаржы бөлеміз, өткен жылы осы мақ­сатқа 116 млн теңге бөлінді. Биыл 135 млн теңге. Қаражат әр оқу орнына жеке жіберіледі. Осы жеткіл­ікті, ата-аналардан ақша жинау­дың қажеттілігі жоқ. Мек­теп директорлары мен білім беру саласының жауапты тұлға­лары заңсыз ақша жинағаны үшін жауапкершілікке тартылады.– деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Жиналыста биыл облыс­тағы үздік мектеп түлек­теріне ресми құрмет көр­сету салтанаты 15 маусым күні об­лыстық әкімдік ғимара­ты­ның алдында болатыны нақ­тыланды.

Тасым ӘБІШ

Жауап қалдыру