«Нұр Отан» партиясы жаңғыру тетіктерін қалыптастыруы тиіс

0
198

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 3 қараша күні «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Жиынға Саяси кеңес мүшелері – Үкіметтің, Парламенттің, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыста еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қо­рытындыланып, оның қыз­метін әрі қарай жетілдіру мәсе­лелері қаралды.
– Бүгін біз «Нұр Отан» партиясын жаңғыртуға қатысты ма­ңызды мәселені талқы­лаймыз. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, Қазақстанды дамыту мен халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты. Партия бірнеше парламенттік сайлаудан лайықты өтіп, еліміздің басты партиялық-саяси күшіне айналды, – деді Саяси кеңес отырысын ашқан Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті пар­тияның еліміздегі страте­гиялық реформаларды іске асыру жолындағы жетістіктері мен атқарған жұмысына тоқталып, күрделі әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігі және оларды дәйекті іске асырудың маңыздылығы жөнінде айтты.
– Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Ол кедергіге де тап болуы мүмкін. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен, жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруға тиіс. Билік тармақтары арасындағы бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты конституциялық реформа мәселелеріне келетін болсақ, бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мақсатында жасалған маңызды қадам, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын «Нұр Отан» пар­тиясының қазіргі идеоло­гиялық жұмысының платформасы деп атады.
– Партия қызметін жаңғырту жөнінде айтқан кезде, біз жаң­ғырудың 2017 жылы жария­ланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсінуіміз керек. Осы бағдарламаларды жүзеге асы­руға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті партия қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына назар аударып, Партия Төра­ға­сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің есебін тыңдады.

Жақып ЖАҚАН

Жауап қалдыру