Мемлекетаралық қатынастардың жарқын үлгісі

0
60

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев 8 маусым күні Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен алдымен шағын құрамда, артынша кеңейтілген құрамда кездесті.
Елбасы кездесуде екі ел ара­сында сенім мен ынты­мақтастықтың жоғары деңгейі орныққанын және Қытай Халық Республикасы басшысының Қазақстанға үшінші рет сапармен келіп отырғаны соның дәлелі екенін атап өтті.
– Біздің сенімді байланыс­тары­мыз үкіметтеріміз арасын­дағы өзара іс-қимылдың бар­лық бағытына әсер ете­ді. Қазақстан мен Қытай арасындағы мем­лекетаралық қатынастар үлгі етуге тұрарлық деп нық сеніммен айтуға болады. Арамызда шешімі табылмаған мәселелер жоқ, туындайтын кез келген проблемалар өз шешімін тауып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті тікелей шетелдік инвестициялардың, бөлінген несиенің көлемі мен бір­лескен кәсіпорындардың саны жағынан ҚХР еліміздің негіз­гі экономикалық серік­тестерінің біріне айналғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, сон­дай-ақ, энергетика, көлік және логистика саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыз­дылығына тоқталды.
– Өзіңіз алғаш рет Қазақстанда жария еткен Ұлы Жібек жолын дамыту жөніндегі «Бір белдеу, бір жол» идеяңызды ерекше атап өткім келеді. Біз осы идеяны «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштастыру жөнінде бірлескен келісімге қол қойдық. Қазақстан Қытайдың шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі теміржолды жалғастырып, Хоргосты Алматымен байланыстырды. Сол арқылы ҚХР-дың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен байланысы жолға қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Жауап қалдыру