Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты мәлімдемесі

0
27

Үстіміздегі жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жарияланды. Мұның алдында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Онда былай делінген:

Қымбатты отандастар!
Қазақстан әлемдегі түрлі сы­нақ­­тарға төтеп беріп, қар­қын­ды эко­номикалық даму жолына бет алды.
Еліміздің 2050-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда.
Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз.
Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық.
Рухани жаңғыру бағыты бо­йынша кешенді іс-шаралар жүр­гізілуде. «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасы қабыл­данды.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін адамзат жаңа өнеркәсіп­тік революция дәуіріне аяқ басып отыр.
Заманауи технологиялар дү­ниені өзгеріске ұшыратуда.
Жаһандық технологиялық іл­ге­рі­леу­шіліктер өзімен бірге сын-қа­терлерді де, сондай-ақ өсімнің жа­ңа мүмкіндіктерін де алып келу­де.
Бұл – біздің әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз.
Қазақстан халқына жыл сайын­ғы Жолдауым жарияланды.
Ол елімізді Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайында дамытуға арналған.
Мен алдымызда жүзеге асыратын 10 негізгі мін­детті көріп тұр­мын.
Енді олардың мәнін қысқаша мазмұндап бер­сем деймін.
Бірінші. Қазақстан индустриясы жаңа техно­логияларды енгізу­дің көшбасшысына айналуы тиіс.
Біздің өнеркәсібімізге еңбек өнімділігінің дең­гейін өндірістік процестерді цифрландыру және заманауи бизнес-модельдерді меңгеру арқылы арттыру керек.
Екінші. Ресурстық әлеуетті пайдаланудың тиім­ділігін айтар­лықтай жақсартқан жөн.
Ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу талап етіледі.
Олар алынатын ресурстардың үлесін, оларды қай­та өңдеудің ауқымын ұлғайтуға, сондай-ақ өндірістің энергия тиімділігі мен эко­логия­лы­­­лы­ғын арт­­­ты­руға мүм­кін­дік бе­реді.
Үшінші. Аг­ро­­өнеркәсіп ке­­­ше­нін жаңа тех­ноло­гия­лық деңгейге көтеру керек.
Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арт­тыруға тиіс.
Төртінші. Транспорт пен логистикалық инфра­құрылымды одан ары дамыта беру.
Цифрлық технологияларды ен­гізу мен Интел­лектуал­ды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді.
Бесінші. Құрылыс пен тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығында заманауи технологияларды қол­дану.
Құрылыстың жаңа тәсілдері, ғимараттардың энергия тиімділігіне талап­тардың арттырылуы, инф­рақұры­лымдарды бас­қару­дың интеллектуалдық жүйе­лері қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Алтыншы. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Банк жүйесін сауықтыру шаралары бақылауды күшейтумен қоса жүруі және қарапайым азамат­тар­дың мүддесін ескеруі тиіс.
Банк иелері мен оларды бас­қа­ра­тындардың жауапкершілігін айтарлықтай арттыру қажет.
Несиелендіруді кеңейту және қор нарықтарын дамытуды қам­тамасыз ету талап етіледі.
Жетінші. Адами капиталдың жаңа сапасы.
Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шын­дығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс.
Бұл арада мұғалім маман­дығының беделін арт­тыру керек.
Денсаулық сақтау саласында жаңа техноло­гия­ларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, ме­дициналық қыз­­мет көр­се­тулердің са­па­сын жо­ғарылатуы тиіс.
2016-2017 жыл­­дары әлеу­мет­тік төлемдер үш рет арттырылды.
Оның ішінде база­лық зей­нетақылар 29%-ға, ын­тымақты зейнетақылар 32%-ға, ден­сау­лық сақтау саласы қызмет­кер­лерінің еңбек­ақы­лары 28%­-ға де­йін, білім беру саласы қыз­­мет­кер­лерінің еңбе­кақы­лары 29%-ға дейін, мемлекеттік қызметшілердің еңбек­ақы­лары 30%-ға ұлғайтылды.
Бұл үрдіс жалғастырылатын болады.
Үстіміздегі жылы әлеуметтік салаға деген бюд­жет шығындары 12%-ға арттырылып, 4 триллион теңгеден асып түседі.
Базалық зейнетақы жұмыс өтілі ескеріле оты­рып, орташа есеппен 1,8 есе көбейеді.
Оқу бағдарламаларының жа­ңар­­тылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктілігін дәлелдеуіне байланысты 30-дан 50%-ға дейін өсетін болады.
Сегізінші. Бұл – тиімді мемлекеттік басқару.
Цифрлық технологиялар бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуды жалғастыруға, мем­лекеттік қызмет көрсетулер мен мемлекеттік қол­дау сапасын жақсартуға, азаматтар сұранысын то­лығырақ ескеруге мүмкіндік береді.
Өңірлердің экономикалық ер­кіндігі мен жер­гілікті өзін-өзі бас­қаруы кеңейтілетін болады.
Тоғызыншы. Заң үстемдігі мен жем­қорлықпен күрес мемлекеттік сая­саттың басым бағыттары болып қала береді.
Оныншы. «Смарт сити» технологияларын енгізу өсіп келе жатқан қалалардың проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік беріп, олардың инвес­торлар үшін тартымдылығын арттырады.
Бүгінде баршамызға осы он міндетті шешу жолында жұдырықтай жұмылу қажет.
Олар Жолдаудың толық мәт­інінде егжей-тегжейлі маз­мұн­далған.
Құрметті қазақстандықтар!
Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек.
Ол үшін Үкімет пен әкімдер кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.
Отанымыздың көркеюі әркім­нің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты.
Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек.
Қазақстанның жарқын бола­шағы жолында бар­лық мақ­сат­тарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін!

Жауап қалдыру