Маңызды мәселелер жедел шешілуі тиіс

0
193

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2-3 мамырда Алматы облысында жұмыс сапарымен болды. Мемлекет басшысы сапар барысында «Айбалта – 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына барды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Айбалта – 2019» командалық-штаб­тық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жат­тығу барысында шартты қарсыласты жою кезіндегі Қарулы Күштердің мүмкін­дік­тері көрсетілді.
Қазақстан Президенті ко­ман­далық пунктке барып, әскери техникалар мен қа­ру-жарақ үлгілерін, инф­рақұры­лымдық нысандарды, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қойма­сын, пилотсыз ұшатын ап­парат­тарды басқару пунктін ара­лап көрді.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, сон­дай-ақ Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қыз­меттеріне табыс тіледі.
   – Қарулы Күштердің басты міндеті – Тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы – күшті әрі мобильді. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әске­ри бө­лім­шелер кәсіби дағды­лары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерьге барып, «солдат ботқасынан» дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.
Қазақстан Президенті Жетісу өңіріндегі сапарында бұған дейін облыс жұртшылығымен кездескен болатын.
Талдықорған қаласындағы Салтанат Сарайында өткен жиынға зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары, жастар өкілдері, мәслихат депутаттары және өңірдің мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Мемлекет басшысы Жетісу жерінің тарихи тамыры терең екенін атап өтіп, облыстың қай­та жаңғырған Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасуы өңірді дамыту үшін жаңа мүм­кіндіктерге жол ашатынын айт­ты.
– Бүгінде Жетісу аймағы жо­ғары қарқынмен дамып келеді және ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі жөнінен көш басында. Өңірдегі өңдеу өнер­кәсібінің үлесі еліміздегі ең жоғары – 86 пайыз. Алматы облысы адам капиталы жөнінен Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда. Олар – еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқан өздеріңіз сияқты жас мамандар, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар мен еңбек ұжымдарының өкілдері, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті жедел шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерге назар аударды.
– Басқа өңірлердегі сияқ­ты Алматы облысында бұ­рынғыша ауызсумен қамта­ма­сыз ету проблемасы бар. Әкімдік елді мекендердің перспективті дамуын есепке алып, сумен қамту жүйесінің құрылысы мен қайта жөндеу жөнінде кесте жасап, жұмыс­тарды жүргізуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев апат­ты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектеп­тердің проблемаларына тоқ­та­лып, Үкіметке және облыс әкімдігіне 2021 жылға де­йін мектеп құрылысына қа­тыс­ты мәселені шешуді тапсыр­ды.
– 14 мектептің құрылысына 2018-2019 жылдары респуб­ликалық бюджеттен 15,4 мил­лиард теңге бөлінді. Бірақ, аймақ тағы да 20 мектепке зәру болып отыр. Бұл үшін 2020-2021 жылдары 29 миллиард теңге бөлу керек. Бұл менің тапсырмам, – деді Қа­зақстан Президенті.
Мемлекет басшысы облыста дәрігерлердің жетіспейтіндігін атап өтіп, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендегенін ескертті. Сонымен қатар, жас мамандарды қаладан ауылға көшіру үшін ынталандырып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында жас кадрларды жұ­мысқа қабылдау үшін жағ­дай жасау керектігін айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды баспанамен қамту мәселе­леріне ерекше назар аударды.
– Баспана кезегінде әлі күнге дейін 41 мың адам тұр. Оның 11 мыңы – бірінші кезекте мәселелері шешілуі тиіс тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар. Жас мамандар мен жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жүргізу қажет. Әкімдік жас мамандарды баспанамен қамту үшін өзге өңірлердің үлгісімен «7-20-25» бағдарламасы бо­йын­ша алғашқы жарнаны жабатын тұрғын үй сертификаттарын беру тетігін іске қосуы қа­жет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шылығына қажетті жер­лерді мақсатты пайдалану, суармалы жүйелерді модер­низациялау мен суарма­лы жүйелерді қалпына келтіру сияқты мәселелерге тоқ­тал­ды. Сонымен қатар, жер учас­келерін бөлу және олар­­ды тиімді пайдалануға бақы­лауды қамтамасыз ету ісінде облыстың агроөнеркәсіп ке­ше­нін қолдау үшін көліктік қыз­меттерге тарифтерді төмен­дету керектігін атап өтті.
– Тағы бір маңызды мәселе – Жетісудың туристік индустриясын дамыту. Өңір еліміз үшін туризм орталығы ретінде кеңінен танылды. Бұл жерде туристерді тартатын негізгі орын – емдік қасиетімен аты шыққан Алакөл көлі. Өткен жылы ғана 2 миллион адам демалып, туристер саны 20 пайызға өскен. Алайда қызмет көрсету сапасы, көліктік, қонақ үй инфрақұрылымы сын кө­термейді. Үкіметке әкім­дік­пен бірлесіп, шипажай аймағы­ның инфрақұрылымын жақ­сарту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ай­мақтың көлік-логистикалық әле­уетіне ерекше тоқталып, жер­гілікті жолдардың сапасын арт­тырудың маңызды екенін атап өтті.
– Алматы облысы – стра­тегиялық аймақ. Еліміздің ма­ңызды көлік торабы мен логистикалық орталығы болу үшін облыстың әлеуеті жеткілікті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль магист­ралі құрылысының аяқта­луы­на байланысты Алматы облысы Азия мен Еуропаның арасын жалғайтын көлік қоз­ға­лысы үшін қақпаға айналды. Сонымен қатар, облыс жол­дарының 22 пайызы сын көтер­мейтін болғандықтан, бұл өзекті мәселе болып отыр. Об­лыс әкіміне аталған мәсе­лемен жүйелі түрде айналысып, тозығы жеткен жолдарды біртіндеп қалпына келтірудің 2025 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кез­десу соңында мемлекеттік наг­ра­­далар еңбек адамдарына, әсіресе ғалымдар, құры­лыс­шы­лар, қарапайым жұмыс­шы­ларға берілуі керек екенін атап өтті.
Қазақстанның әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени да­муына үлес қосқаны үшін об­лыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Е.Келем­сейітті, «Хильниченко и К» серік­тестігінің басқарма басшысы В.Хильни­ченконы, «Алматы көп­салалы ауруханасының» бө­лім меңгерушісі Е.Кенже­бе­ковті және №40 орта мектебі директорының орынбасары А.Ибраимованы алғыс хаттармен марапаттады.
Мемлекет басшысы мұнан соң Алматы облысының Кә­сіп­кер­лерге қызмет көрсету ор­талығына барды. Қазақ­стан Президентіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның өңірдегі жобаларының іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді, сондай-ақ Мемлекет басшысы «жалқы терезе» қағидаты бойынша кәсіпкер­лерге консультативтік және әдіс­темелік көмек көрсету мүмкіндіктерімен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ша­ғын және орта бизнеске қол­дау көрсету мемлекеттік орган­дардың маңызды міндеті сана­латынын айтып, облыс әкім­ді­гіне кәсіпкерлік субъектіле­рі­не қолайлы жағдайлар жасауды тапсырды.
Қазақстан Президентіне өңір­­дің әлеуметтік-экономи­ка­лық даму нәтижелері, об­лыс­­тың көлік-логистикалық және туристік әлеуетінің іске асы­ру барысы туралы ақпа­рат ұсы­нылды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы мен мемлекет-жекемен­шік серіктестік аясындағы жо­баларға және әлеуметтік жағ­дайы төмен тұрғындарға қол­дау көрсету ісіне баса мән бе­рілді.
Қазақстан Президентінің сапары «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Мемлекет басшысы кәсіпорынның аккумулятор батареяларын құрастыру жұмысымен, шығарылатын өнім­дердің үлгілерімен таныс­ты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мем­ле­кеттің қолдауымен об­лыс орталығындағы кәсі­порын­да кең көлемде модер­ни­зация жүргізілгенін атап өтті. Соның нә­тижесінде өткен жылы өндіріс көлемін 2,5 миллион акку­муляторға дейін артырып, ТМД елдеріне, Германияға, Польшаға, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріне экс­порт­тауға мүмкіндік алған.
Қазақстан Президенті ең­бек ұжымымен кездесу ба­ры­­сында, зауыттың бәсе­кеге қабілеттілігі нығайып, жаһан­дық нарыққа экспорттау мүм­кіндіктерін арттыра алатындарына сенім білдірді.
Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаратал ауданы әкім­дігіне болды. Онда «Сервистік әкімдік» қағидаты бойынша істейтін мемлекеттік органның жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұн­дай әдіс мемлекеттік қыз­мет­шілердің жаңа ұйым­дасты­рушылық мәдениеті екенін, азаматтарға сапалы, жедел және жайлы жағдайда қызмет түрлерін алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстан Президенті кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына өту мемлекеттік органдардың ашық әрі қол­же­тімді екенінің көрсеткіші деп атап өтті.
Қазақстан Президенті Үш­төбе қаласындағы мектепке барғанында білім беру меке­месінің материалдық-тех­ни­ка­лық базасымен танысып, инфор­матика, робот техникасы ка­бинеттерін, мектеп кітап­ха­насы мен музейін аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мек­теп оқушыларымен және ұс­таз­дармен әңгімелесу бары­сында еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға септігін тигізетін сапалы білім алу жас­тардың негізгі міндеті еке­нін атап өтті.
Қазақстан Президенті оқу­шы­ларды Отанымыздың ла­йық­ты азаматы болуға ша­қы­рып, оқуларына табыс тіледі.
Педагогтар мен оқушылар Мемлекет басшысына бі­лім жүйесін үнемі назарда ұс­тай­тыны үшін алғыс білдірді.
Бұл мектепке 1996 жылы со­ғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілген.
Артынша Қазақстан Президенті «Қаратал-АГРО» сервистік дайындау орталығында болды. Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарының ба­рысымен танысып, ауыл шаруа­шылығы техникаларын аралап көрді.
Қазақстан Президентіне об­лыс­тағы агроөнеркәсіп ке­ше­нінің негізгі көрсеткіштері, мал шаруашылығы мен өсім­дік ша­руашылығы жөнінде баяндал­ды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккер­лері­нің жұмысын жоғары бағалап, оларға табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Жауап қалдыру