Мақсат – жаһандық бәсекеге қабілеттілік

0
177

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:
табыс пен тұрмыс сапасын арттыру

Үстіміздегі жылғы 5 қазанда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауын жариялады. Аты айтып тұрғандай бұл жолғы құжат ел азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған. Сондай-ақ өзге салалар бойынша да түйіткілді мәселелерге толымды жауап айтылған. Төменде ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген Жолдаудың ықшамдалған нұсқасы ұсынылып отыр.
Елбасы сөзін стратегиялық маңызды мәселелерге назар аударудан бастады.
– Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. 2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық. Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жарияладық. Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік. Оның басты міндеті – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз ететін эконо­микалық өсімнің жаңа моделін құру. Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады. Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз, – деді мемлекет басшысы
Қазақстандықтардың әл-ау­қаты, ең алдымен, табыс­тары­ның тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін атап өткен президент халық табысының өсірудің бірнеше шешіміне тоқталды.
– Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.
Біріншіден, Үкіметке 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорын­дарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.
Екіншіден, бизнесті өркенде­тудің тұрақты көздерін қалып­тастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұ­мыс орындары ашылып, қазақ­стандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.
БІРІНШІ. Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
ЕКІНШІ. Экономикада бәсеке­лес­тікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашыл­ығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек.
Коммуналдық қызмет пен та­биғи монополияларды реттеу сала­ларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жи­нал­ған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес. Моно­полистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр.
ҮШІНШІ. Бизнесті заңсыз әкім­шілік қысымнан және қыл­мыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заң­намасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын. Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн. Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлегейлі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын.
ТӨРТІНШІ. Экспортқа бағыт­талған индустрияландыру мә­се­лесі экономикалық сая­саттың негізгі элементі болуға тиіс. Үкімет өңдеу секторындағы экспорт­таушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кеше­нінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.
АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды да­мытуға ерекше көңіл бөлген жөн. Ең алдымен, «болашақтың эконо­микасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамта­масыз ету қажет.
ЖЕТІНШІ. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы сек­торының рөлін күшейтіп, ұзақ мер­зімді макроэкономикалық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету қажет. Бағаның өсуі, қаржылан­дыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы – міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттың қызығушылығын тудырып отыр. Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс, – деді Н.Назарбаев.
Президент өмір сүру деңгейі­нің артуы әл-ауқатымыз­дың екінші бір сипаты екенін айтты.
– Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Осыған орай, Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиіс.
БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет.
ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек.
ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Назарбаев зияткер­лік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды. Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.
ТӨРТІНШІ. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.
БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Біз грант­тардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жо­ғары оқу орнының табыс­ты­лығын бағалаудың басты кри­терийі – оқу бітірген студент­тердің жұмыспен қамты­луы, жала­қысы жоғары жұмысқа орнала­суы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қа­жет.

АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеу­меттік көңіл-күйінің аса ма­ңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы меди­циналық-санитарлық кө­мек­тің қолжетімді болуын қам­тамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жа­ла­қысын кезең-кезеңмен 20 па­йызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 мил­лиард теңге бөлінеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүр­гізуге көшуге тиіс. Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық клас­тер­лердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлт­тық ғылыми онкологиялық ор­талықтың құры­лысын бастау ке­рек.
ЖЕТІНШІ. Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.
СЕГІЗІНШІ. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ. Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты.
Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елдімекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс, – деп атап өтті Елбасы.
Мұнан соң Нұрсұлтан Назарбаев өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру жайын сөз етті.
– Тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елдімекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы басты қажеттілік.
БІРІНШІ. Сапалы әрі қол­же­тімді тұрғын үй. Бүгінде біз тұр­ғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипоте­касының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.
ЕКІНШІ. Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет. Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы қалаларда түзіледі. Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қазірдің өзінде қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді. Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық ма­ңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық. 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі.
Практикалық шараларды жү­зеге асыру үшін нақты іс-ша­ра­ларды, жобаларды және қар­жыландыру көлемін көр­сете отырып, Өңірлерді дамы­тудың 2025 жылға дейінгі прагма­тика­лық бағдарламасын әзір­леуді тапсырамын. Өңірлік даму­дың аталған аспектілері іске асы­рылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларында еске­рілуі керек.
ҮШІНШІ. Құқық қорғау ор­ган­дарының жұмысына те­рең және сапалы өзгерістер қажет. Үкіметке Президент Әкімші­лігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын. Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс.
Біріншіден, Ішкі істер минис­трлігінің штаттық санын оңтай­ландырып, полицияны өзі­не тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қара­жатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге бағыттаған жөн.
Екіншіден, полиция қыз­мет­керінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек.
Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін тү­бегейлі өзгерткен жөн. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қа­ғидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
ТӨРТІНШІ. Сот жүйесін одан әрі жаңғырту.
Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар, құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы. Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн. Екіншіден, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек. Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет. Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын, – деді президент.
Елбасы жаңа кезең жағ­да­йында мемлекеттік аппарат қа­лай өзгеруге тиіс екенін атап өтті.
– БІРІНШІ. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбе­гейлі арттыру. «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс.
Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге таға­йындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет.
Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды. Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделін енгіздік. Барлық пилоттық жобалар жақсы нәти­желер көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2 — 2,5 есе өсті. Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды. Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты.
ЕКІНШІ. Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайта­рымының мол болуына қол жеткізу керек. Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі.
ҮШІНШІ. Сыбайлас жем­қор­лықпен белсенді күрес жалға­сатын болады.
Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мем­лекеттік қызметшілердің тұр­ғындармен тікелей қарым-қаты­насын азайтуға қол жеткізген жөн. Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұрт­шылықты мазалайтын мә­селелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.
Екіншіден, қарамағындағы қыз­меткерлер сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты құқық­бұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс.
Үшіншіден, «Сыбайлас жем­қорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжі­рибесін тарату керек.
ТӨРТІНШІ. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмы­сында формализм мен бюрократияны азайту қажет. Соңғы кездері Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердің саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулі түрде көбейді. Үкімет әкімдердің және олардың орынбасарларының қатысуымен күніне 7 кеңес өткізетін кездері де болады. Олар қай кезде жұмыс істейді? Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек.
БЕСІНШІ. Қойылған міндеттер­ді тиімді жүзеге асыру үшін ре­фор­малардың жүргізілуіне ба­қы­лау механизмдерін күшейту қажет. Үкімет пен мемлекеттік ор­ган­дар жыл соңына дейін да­му­дың аталған барлық мәсе­ле­лерін қамти отырып, нақты ин­ди­ка­торлар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ ре­фор­ма­ларды іске қосу үшін қа­жет­ті заң жобаларының бәрін Пар­ла­ментке уақтылы енгізуі керек.
Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қа­рас­тырып, қабылдауға тиіс. Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жү­зеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкім­шілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Артынша мемлекет басшысы Қазақстанның табысты жаң­ғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жү­зеге асыру қажеттігіне назар аударды.
– Біздің бейбітсүйгіш бағы­ты­мыз бен осы саладағы нақты ай­қындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр. Қа­зақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемле­кет­аралық байла­ныстардың эталоны болып саналады.
Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды. Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стра­те­гиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қы­таймен қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөнін­дегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз – Еу­ропа Одағымен қарқынды ынты­мақ­тастығымызды жалғ­астыра береміз, – деді прези­дент.
Соңында Елбасы әрбір қазақ­стан­дық жүргізіліп жат­қан ре­фор­малардың мәнін және олар­дың Отанымызды өркен­дету жо­лындағы маңызын жете тү­сінуге тиіс екеніне назар аударды.
– Реформаларды табысты жү­зеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.
Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айна­луға тиіс. Жастардың бар­лық санатын қолдауға ар­налған шараларды толық қам­титын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалып­тастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын. Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн.
Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі са­лаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр. Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсе­рі одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция.
Мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Н.Назарбаев.

Жауап қалдыру