Мақсат – аграрлық- өнеркәсіптік бағыт

0
230

Мемлект басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8-9 қараша күн­дері Қостанай облысында жұмыс сапарымен бол­ды. Елбасы жұмыс сапары аясында өңірдің бірқатар әлеуметтік нысандарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өндірістік кәсіпорындарын аралады.
Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев «Әуежай» жаңа шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне «Нұрлы жер» бағдар­ламасының Қостанай облысында іске асырылу барысы жө­нін­де баяндалды.
Шағын аудан аумағында әлеу­меттік инфрақұрылым нысандары да салынуда, соның қатарында 900 орындық жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестігі аясында спорт және ойын-сауық кешенінің құры­лысы бой көтеруде.
Жаңа шағын ауданның көлемі – 31,7 гектар. 2014-2017 жылдарда жалпы көлемі 80 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын 16 үй пайдалануға берілген. Бүгінде тағы 12 үй салынып жатыр.
Мұнан соң мемлекет басшысы «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Нұрсұлтан Назарбаев автомобиль өндірісімен айналысатын отандық кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Қазақстан Президенті мұнан соң «Kostanay Plaza» сауда және ойын-сауық орталығында болды. Мемлекет басшысы сауда орындары галереясы, от­басылық ойын-сауық сая­ба­ғы, 6 залы бар кинотеатр және тағамды жедел әзірлейтін мейрамханасы бар фудкорт орналасқан жаңа сауда және ойын-сауық орталығын аралап көрді. Сауда және ойын-сауық орталығының жалпы аумағы 25 мыңнан астам шаршы метрді құрайды.
Жұмыс сапарының екінші күні Елбасы табиғи сүттен сапасы жоғары өнімдер шығаруға маманданған «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Онда Қазақстан Президенті балмұздақ пен ашытылған сүттен жасалған өнімдерді көріп, оларды өндірудің техно­логиялық үдерісімен танысты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыстағы ауыл ша­руашылығы кәсіпорындары жетекшілерімен әңгімелесті.
Елбасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсет­кіштері, соның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы са­ласының өсіп келе жатқанын атап өтті.
– Соңғы уақытта облыста, әсіресе әлеуметтік салада көп жұмыс атқарылуда. Спорт кешендері, ойын-сауық және сауда орталықтары салынып жатыр. Өнеркәсіп көлемі артуда, облыс аграрлық-өнеркәсіптік өңірге айналып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елі­міздің заманауи көлік инф­рақ­ұрылымын қалыптас­тыру аясында облыс экономикасы үшін жолдар желісін дамытудың маңызды екенін айтты.
– Жол дегеніміз – өмір. Заманауи жолдардың салынуы экономиканы дамытып, өніміміздің бағасын арзандатуға және оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға септігін тигізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы агроөнер­­кәсіп кешенін дамытуда ғы­лымды, ғылыми жетістік­терді пай­даланудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Ғылым ауыл шаруа­шылы­ғында көп мәселені шешеді. Қазақстанда үш аграрлық университет бар, олардың әрқайсының өз бағыты бар. Сіздер ғылымнан ауыл шаруашылығы үшін қажеттіні талап етуге тиіссіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Артынша Нұрсұлтан Назарбаев «Теннис орталығы» спорт кешені мен Ауыр спорт түрлері академиясына барды.
Елбасы 6 теннис корты, соның ішінде 3 жабық корты бар кешен аумағын аралап көрді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жас теннисшілермен кездесіп, әңгімелесті.
Қостанай қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Ауыр спорт түрлері академиясын аралаған Елбасы жергілікті спортшылармен, сондай-ақ Қазақстанның ауыр атлетикадан жасөспірімдер құрамасының мүшелерімен әңгімелесті.
Академия спорттың ауыр атлетика, пауэрлифтинг, бодибилдинг, армрестлинг сияқты түрлерінен спортшылар дайындайды.

Дастан ҚАДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру