Мұнайлы өлкенің мұраты биік

0
32

Маңғыстау облысының әкімі Алик АЙДАРБАЕВ:

Маңғыстау – археология және тарихи ескерткіштерге бай өлке. Мұнда орналасқан ақ таулар да жаратылыстың табиғи тылсым сырларынан хабар береді. Бір сөзбан айтқанда бұл аймақ әулиелер мен әмбиелердің рухы жатқан киелі өңір. Қойнауы «қара алтынға» толы аймақтың бүгінгі келбеті, экономикалық жетістіктері, тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы, тыныс-тіршілігі, алдағы бағындырар биік белестері жайлы өңір басшысы Алик Айдарбаев ой бөліседі.
Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес барлық дең­гей­дегі әкімдер жұртшы­лық арасында болып, атқарған жұ­мыс­тары жайлы есеп беру жиындары өткізіліп жүрге­ні бел­гілі. Осыған орай мен де біраз аумақтарда болып, ауыл, аудан әкімдерінің есеп беру жиындарына қатыстым. Көзі­міз жеткен бір нәрсе – қа­зір жұрт­шы­лық­тың белсен­ді­лі­гі арта түскен. Пікірлерін ашық айтады, кемшіліктерді түзеу­дің ба­ғыт­тарын батыл көрсете алады. Сондықтан, ортақ жағ­дай­ды бір­ауыз сөзбен түйіндесек, істе ілгерілеу бар, ха­лық­тың әл-ауқат жағдайы бір­қа­лып­ты жақсы, кә­сіп­керлікті дамыту, жұ­мыс­сыз­дық мәселесін шешу ба­ғы­тын­да жұмыстар жүр­гі­зі­лу­де, өзек­ті деген мәсе­ле­лер іс-қимыл жоспарына еніп, жобалары әзірленуде. Жүз­де­сіп, тіл­дес­кен жер­гі­лік­ті тұр­ғын­дар­дың, таныс-бі­ліс­тер­дің кө­ңіл-күйі­нен де нара­зы­лық­ты бай­қай ал­ма­дық. Демек, бұ­дан жалпы ахуал­дың қа­на­ғат­та­нар­лық­тай бол­ға­ны ғой деген ой түйе­міз.
Осы өңірге басшылық жұ­мыс­қа келгеніме екі жылдан асып барады. Жасыратыны жоқ, ал­ғаш келгенімде мұнда қыруар қаржы бөлініп, басталған жобалар аяқсыз қалып жататынына көз жеткіздім. Содан бастап осы жо­ба­лар­дың толықтай жү­зе­ге асуына күш салдым. Қыр­уар қаражат жұмсалған сол жобалар енді-енді жүзеге асып, ел игілігін көре бастады. Солар­дың бірі, түбектің ең өзек­ті мәсе­лесі – ауызсу өндіретін зауыт­тың іске қосылуы деп айтар едім. Кезінде Мемлекет бас­шы­сы­ның қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған, бір­ақ, көпке бармай ісі ақсап, он жылдай жұмысы тоқтап қал­ған теңіз суын тұщытатын кә­сіп­орын­ның қатарға қосылуы Ақ­тау қаласымен қоса, іргелес Мұ­най­лы ауданы мен Құрық­тың тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесін шешуге оң ық­палын тигізді. Шетпеде цемент шығаратын, Ақтауда жол құры­лысына арналған битум өнді­ре­тін зауыттар ашылып, қазір тұ­рақ­ты жұмыс істеп тұр.
Әкімнің есеп беру жиы­нын об­лыс­тық телеарнада тіке­лей эфирде көрсетіп, барлық аудан, қа­ла­лармен телекөпір байланысы арқылы өткізуді дәс­түр­ге айнал­дырдық. Бұның бір ерек­шелігі, телеарна эфирін­де көр­се­тілген телефондарға ке­ліп түс­кен қоңырауларды қа­был­дап, сауалдарды тіркейтін байланыс ор­та­лығы, яғни call center көр­ші­лес «әйнекті залда» жұмыс жасап, онда тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға құ­зыр­лы органдардың басшылары жауаптарын беріп отырды.
Өткен 2014 жыл біздің өңір тұр­ғындары үшін аса табысты жыл болды деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан На­зар­баев­тың «Нұрлы жол – бол­а­шақ­қа бастар жол» атты Жол­дауын­да айтыл­ған тапсырмаларды іске асыру бағы­тын­да ау­қым­ды шаралар ат­қа­рыл­ды. Өңір­де­гі негізгі макро­көр­сет­кіш­тер кө­те­ріліп келеді. Бере­ке­лі бір­лік­пен біткен ең­бек­тің ар­қа­сын­да көпшілік салалар бойынша қол жеткен жетіс­тік­тер де ауыз толтырып ай­тар­лық­тай болды. Қолда бар ре­сурс­тардың, экономика­ның тарихи қа­лып­тасқан құры­лымын, та­биғи-кли­мат­тық жағ­дайларды, сондай-ақ біздің об­лыс­тың географиялық орналасуын есепке ала отырып, өңір эко­номикасы дамуының мына не­гіз­гі стратегиялық ба­ғыт­та­ры ай­қын­далды: бірін­ші­ден, об­лыс­тың дәстүрлі база­лық сала­сы – мұнайгаз саласын дамыту, екін­ші­ден, мұнай сервис­тік клас­тер­ді дамыту, үшін­ші­ден, кө­лік пен логистика, төр­тін­ші – құ­ры­лыс ин­дустриясы, бе­сінші – туризм саласын дамыту бойынша іс-шаралар жоспары жү­зе­ге асырылды.
Маңғыстау өңірінің елі­міз­де­гі тау-кен өндіру саласын­да­ғы үлесі 92,4 пайызды құрай­ды. Жалпы облыстың өнеркә­сіп­тік өнім көлемі өткен жыл­дар­ға қа­ра­ған­да әлдеқайда артып, 2 трлн. 391 млрд. теңгені құра­ды. Шикі мұнай өндіру ал­дың­ғы жылдан 2 пайызға өсіп, 19 млн. тоннаға жеткенмен, та­би­ғи газ өн­діру 3 пайызға төмен­де­ді. Жасыратыны жоқ, өңірдің өзін-өзі газбен қамтуға қоры жетпей отыр­ға­нын ашық мойындауымыз қажет. Дегенмен, жа­ңа­дан газ кенорындарын із­дес­ті­ріп, ашу қажеттілігі күн тәр­ті­бін­де тұр. Бұл ретте жаңадан игері­ліп жат­қан «Қансу» газ кенорнына үлкен үміт артып отырмыз. Аталмыш газ кенорны іске қо­сыл­са, өңірді толықтай табиғи газбен қамтуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар облыс­тың сыртқы сауда айналым кө­ле­мі 10,1 млрд. АҚШ дол­лары­нан асып түсті. Негізгі капитал­ға 529 млрд. теңге қаржы құйылып, өңірге жалпы сомасы 163 млрд. теңге болатын шетелдік инвестиция тартылған. Жан басына шаққандағы инвестиция көлемі бойынша (5 мың АҚШ доллары) облысымыз еліміз бойынша алдыңғы екінші орынға табан тіреді. Өткен жылдармен салыстырғанда химия өнеркәсібі өнімдерінің өн­ді­рі­сінде (бір жарым есе), өзге де металл емес минерал­дық өнімдер өндіруде (бір жарым есеге жуық), машина жасауда (20 пайызға), резеңке және пластмасса бұйымдар өн­дірі­сін­де (17 пайызға), азық-тү­лік өнім­дері өндірісінде (6 пайыз­ға) өсу байқалды. Сол сияқ­ты электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптаудағы өнім кө­ле­мі есепті кезеңде 66 млрд. тең­ге­ні құрады. Сөйтіп, өт­кен жылмен салыстырғанда 120 пайыз­ға өсу байқалды. «Сумен жаб­дық­тау, канализация­лық жүйе, қалдықтарды жинақтау жә­не бөлуді бақылау» саласында 17 млрд. теңге көлемінде өнім шығарылды немесе 2013 жылмен салыстырғанда 114 пайыз­ға өсу байқалды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында өңірде 2014 жылы 57 млрд. теңге сомасына 815 тұрақты жұмыс орны құрылған 10 жоба іске асырылды. Олардың қатарында цемент зауыты, газ-турбиналық электрстанса, киім тігетін және химиялық тазартатын цехы, құрылыс комбинаты, асфальт-бетон және қиыршықтас өндіретін зауыт, жүнді қайта өңдейтін цех бар.
Құны 172 млрд. теңгеден астатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы ауданы 587 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының аясында бір жыл ішінде 8 млрд.-қа жуық теңге бөлініп, тұрғындарды баспанамен қамтуда біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Сол сияқты, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы белсенді жұмыс істейтін субъектілер саны да жыл санап артып келеді. Айталық, бұл күндері осы салада 100 мыңдай адам еңбек етіп, солардың күшімен 481 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 2 млрд.-қа жуық теңге бөлініп, 58 жоба іске асырылды. Екінші деңгейдегі банктер арқылы бизнес субъектілеріне 15 млрд. теңге несие берілсе, ауылдағы кәсіп­кер­лік­ті қолдау мақсатында микро­қар­жы ұйымдары арқылы 945 млн. тең­генің 283 микрокреди­ті беріліп, 418 жұмыс орны құ­рыл­ған. Бұл бағыт алда­ғы уақытта да жалғасын таба бермек. Мәселен, Үдеме­лі индустриялық-инновация­лық дамудың екінші бесжылдығын­да жалпы құны 1 трлн. теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыруды межелеп отырмыз.
Жұмыссыздық проблемасын шешу мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар мен жас мамандарды өндірісте оқытып, кә­сіпке үйрету бағытын­да­ғы жақ­сы бастамаларымыз да бар­шы­лық. Расымен де өңірде ша­ғын және орта кәсіпкер­лік­тің дамуына мол мүмкіндік жасалуда. Оны төмендегі бір ғана дерек­тен көз жеткізуге болады.
Жыл соңында ұйымдас­ты­рыл­­ған ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті етуді мақсат еткен және кәсіп­кер­ліктің әлеуметтік жауапкер­ші­лігін арттыратын Мемлекет бас­шысының «Алтын сапа» жүл­десіне және «Парыз» сый­лы­ғын алуға үмітті облысымыздан аса үздік деп таныл­ған 34 жеке кәсіпкер қатысқан болатын. «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының 2-дәре­же­лі дипломын «Ақбидай терминал» акционерлік қоғамы мен «Эко-Техникс» ЖШС-і же­ңіп алып, облыс мерейін үстем ет­ті. Болашақта бұлардың қа­та­ры арта түсетіні анық.
Осы арада шетелдік кә­сіп­кер­лермен жанды іскер­лік бай­ланыс орнатып жат­қаны­мыз­ды айтпай кетуге болмас. Осы мәселеге қатысты арнайы мә­се­ле қаралып, алыс-жа­қын да­мы­ған елдермен іскер­лік бай­ланысты нығайтып, бо­ла­шақ ынтымақтастықты жан­дан­дыру мәселелері сөз болды. Онымен қоса мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салалары мен инвестициялар тарту жөніндегі мәселе­лері жан-жақты талқыланды. Осындай бағ­дарлы бастамаларымыз оң нә­тижелерін бере бастады. Мәселен, жуырда ғана Канада елшісінің ресми сапары шеңберінде «КУДУ Индастриз Қа­зақ­стан» ЖШС зауытының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл зауыт толық құрылымдағы бұ­ран­далы сорғы жүйесін өн­ді­ретін үздік серіктестік болып табылады. KUDU-ның бұрандалы сорғы жүйесі ауыр, орташа және жеңіл мұнайды өн­діруге бағытталған. Аталмыш зауыт біздің аймақ үшін статор, ротор, зәкір, ұңғымалық жаб­дық­тар­дың басқарма шкафы және басқадай өндіретін озық технологиялық жабдықтарымен қаруланған маңызды нысан болып тұр. Енді бұрандалы сор­ғы­лары мен басқа жабдық­та­ры өз­ге шетел мемлекеттерінен тасымалданбайтын болады.
Елбасымыз Н. Назарбаев «Қа­зақ­стан – 2050» Стратегиясында елі­мізде «Жасыл экономиканы» дамыту жолына негіздел­ген, тиімді және тұрақты экономика құру міндетін қойды. Біз табиғаттың байлығын тиімді пайдалануымыз керек. Бүгінде облысымызда күннің сәу­ле­сі мен желдің күшін қолдану ар­қы­лы экологиялық мәселелерді шешуге, экономиканы жақсар­туға мүмкіндік туып отыр. Шамамен 140 гектар аумаққа салынатын зауыт күн сәулесін пайдалану арқылы қуаты 50 МВт электр энергиясын, тәулігіне 10 мың текше метр тұшытылған су өндіруге қауқарлы болады. Жобаны іске асыру барысында Ақтаудың климатына қарай 20 пайызға артығымен энергия қуатын өндіретін «жұқа қабыршақты» технология пайдалануды жоспарлап отырмыз. Осы өңірде іске қосылатын зауыт 20 жыл компанияның бас­қаруында болып, кейін ақы­сыз мемлекет меншігіне бері­леді. Ин­вес­ти­циялық құны 86 млн. АҚШ долларын құрайтын жа­ңа жобаның жүзеге асуымен 150 жа­ңа жұмыс орны ашылады. Сон­дай-ақ, жергілікті жер­де­гі оқу орындарында ғылыми ор­та­лық ашуға, кадрлар дайындау мә­се­ле­лері де күн тәртібінде тұр.
Сонымен бірге, өңірдегі әлеу­мет­тік-мәдени саланың да жан-жақты дамуын басты назар­да ұстап келеміз. Білім орындары мектептер мен бала­бақ­ша­лардың материалдық базасын жақ­сарту күн тәртібінен тү­сіп көр­ген жоқ. Ағымдағы жылы өңір­дегі апатты мектептер мә­се­ле­сіне нүкте қойылады. Мә­де­ни-рухани салада, тұрғын­дар­дың денсаулығын жақсарту бағытында «Саламатты Қазақ­стан» бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыстар белгіленді.
Енді алдағы атқарар іс-­шараларға, мақсат-міндет­тер­ге келсек, алдымен мем­ле­кет­ті­лі­гі­міз­дің бастауы бол­ған ма­ңызды тарихи дата – Қазақ хан­дығының құрыл­ғаны­на 550 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Же­ңіс­тің 70 жылды­ғы, Кон­сти­ту­ция­мыздың қабылдан­ғаны­на және Қазақ­стан ха­лық­та­ры Ассамблея­сының құ­рыл­ға­ны­на 20 жыл толуын лайықты түр­де атап өтуіміз керек.
Осы ретте Президентіміз жария еткен, түп негізі ұлттық бір­лік пен татулықты ту еткен «Мәңгілік Ел» идеясының ма­ңызын дұрыс ұғынып, түсінуіміз қажет. Оған арқау болған ұлт­тық бірлік пен татулық, бар­лық азаматтардың теңдігі, Ота­ны­мыздың абыройы мен тағдыры үшін баршамыздың ортақ жа­уап­кершілігіміз – біздің ұрпа­ғы­мызға қалдыратын ең асыл мұ­рамыз.
Ел өміріндегі тағы бір аса жауапты саяси науқан Президент сайлауы алдымызда тұр. Егеменді еліміздің Тұтқасын халқымыздың болашағын ойлайтын, қандай сәтте де нардың жүгін арқалай алатын, Ұлтының болашағы мен тыныштығын, бірлігін сақтай алатын Тұлға ие болуы керек. Солай болады да. Маңғыстау жұртшылық осыны жақсы түсінеді.

Жауап қалдыру