Әлеуметтік сала әлеуеті артуда

0
20

25 көкек күні Орталық комму­никациялар қызметін­де Аты­рау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев брифинг өткізді. Онда аймақ бас­шысы журналистерге өңірдің әлеуметтік саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі.
Қазіргі таңда Атырау облысында әлеуметтік салада жалпы сомасы 215,5 миллиард теңге болатын 103 жоба іске асырылуда. 388 әлеуметтік объектінің жобалық-сметалық құны әзірленуде. Оның ішінде 113 объект білім беру саласында: 45 балабақша, осындай мөлшерде мектеп, 7 лицей мен колледж, 7 музыкалық мектеп, жатақхана, екі пансионат салу бойынша 3 жоба. Мұнан басқа – балаларға арналған сауықтыру лагері, балаларға арналған сауықтыру орталығы, отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, сондай-ақ жасөспірімдер үй бар.

– Біз денсаулық сақтау саласындағы жағдайды жақ­сарту бағытында да жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі күні 18 объекті құрылысы бойынша ЖСҚ дайындалу сатысында – бұл дәрігерлік амбулаториялар, емханалар және басқалары, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. – 17 мәдениет объектісінің құрылысына арналған ЖСҚ әзірленуде – негізінен бұл мәдениет үйлері Атырау облысы аудандарының ауыл­дық жерлерінде салынатын болады.
Өңір басшысы түсін­діргендей, спорт саласында 27 жоба іске асырылатын болады – бұл спорттың көпшілік түрлерін дамытуға оң әсер ететін спорт кешендері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері болмақ.
– Мемлекет басшысы үнемі айтып жүргендей еліміз өз азаматтарына қамқорлық жасап келеді. Әлеуметтік саладағы объектілер саны­ның өсуі тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативті әсер етеді.

Бұл объектілердің құры­лы­сына арналған қаражат жергілікті және республикалық бюд­жеттердің трансферттері және жер қойнауын пайдаланушылар мен ин­весторлардың аударымдары есебінен бөлінетін болады, – деді Нұрлан Ноғаев
Әкімдіктердің тұрғын­дар­мен кері байланысының ұтым­ды тәсілдерінің бірі әлеуметтік желілер болып табылады, мұнда әрбір азамат өзін қызықтыратын сұрақтарын қоя алады. Сонымен бірге облыс әкімі­нің тұрғындарды жеке қабыл­дауы кезіндегі қарым-қатынасы көптеген мәселерді шешуге ықпал етеді.
– Жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жолға қою бағытында ау­қым­ды жұмыстар атқаруда. Егер жеке қабылдаулар туралы айтатын болсақ, 2017 жылы өңір тұрғындарымен 40-тан аса жеке қабылдау өткіздім, – деді Нұрлан Ноғаев. – 400-ден астам адам облыс әкіміне әртүрлі сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара қарым-қатынас тетіктерін жақсарту бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкімдігі Telegram қосымшасында чат-арна ашып, мұнда бар­лық деңгейдегі әкім­дер, басқармалар мен ком­му­налдық мекемелердің бас­шылары тұрғындардың сұрақ­тарына тікелей жауап береді. Қазіргі таңда чат-арнада 3100 пайдаланушы бар, 1500 сұрақ қаралды.

Облыс әкімі сондай-ақ облыс орталығында осын­дай қағидатпен жұмыс жасайтын «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосым­шасы қолданы­латынын да айтып өтті. Мұнда 3162 пайдаланушы тіркелген, бүгінгі күнге 600-ден астам сұрақ қаралды.
– Өзі үшін маңызды сұ­рақпен хабарласқан әрбір пай­даланушы барлық қа­жетті ақпаратты ала алады. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың барлық сауалдарына жедел әрі сапалы жауап беру үшін кері байланыстың жаңа механизмдерін енгізу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында онлайн құ­ралдарға ерекше ба­сымдық берудеміз, – деп нақ­тылап өтті Нұрлан Ноғаев.
Жиын барысында өңір бас­шысы Анкарада Дина Нұр­пейісованың мүсіндік композициясы ашылатынын айтты. Бұл жобаға Аты­рау облысының бизнес құры­лымдарының өкілдері қолдау білдірді. Танымал қазақ ком­позиторының ескерт­кі­шін орнатуға 15 млн теңге жұмсалатын болады.

Мүсіндік композиция Қа­зақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 20 жылдығын Түркияда мерекелеу аясында 2011 жылы Анкарада ашылған Дина Нұрпейісова атындағы саябақта орнатылады. Сол жылы Түркияда атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілген болатын.
– Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани және мә­дени құндылықтарды сақ­тауға және молайтуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді, «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мә­дениет» жобасы аясында қазіргі таңда қазақ мә­дениетінің үздік туынды­лары­мен әлем жұрт­шылығын таныс­тыру үшін жағдайлар жаса­луда. Бұл отандық шығар­машылық зия­лы қауым үшін үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады, – деді Нұрлан Ноғаев
Қазақстан Елшілігінің, Түр­кияның мәдениет және туризм министрлігінің, Түрік мәдениеті халықаралық ұйы­мының (ТЮРКСОЙ) және Анкара қаласы Этимесгут ауданы мэрінің ұйым­дастыруымен 2011 жылы Дина Нұрпейісова атындағы саябақ ашылғанын естеріңізге саламыз. Бұл танымал күйшінің атындағы шетелде ашылған алғашқы саябақ.
Атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісова тек қазақ халқының емес, бүкіл түрік жұртшылығының ықыласы мен құрметіне бөленген түрік әлеміндегі алғашқы әйел.

Амангелді МАҚСАТ

Жауап қалдыру