Әлеуметтік қамқорлық бағытында

0
103

Кеше Атырау облысында жұмыс сапарымен бол­ған үкіметтік комиссия жұмысын жалғастырды. Республикалық «Әлеуметтік қамқорлық» бағдар­ламасы аясында ҚР Премьер-Министрінің орын­басары Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы көпбалалы отбасылармен кездесті. Үкіметтік комиссия төрттен сегіз балаға дейін тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларға барды.
Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің дерегіне қарағанда комиссия мүшелері алдымен көпбалалы ана Зульфия Қайырованың шаңырағына бас сұққан. Ол алты бала тәрбиелеп отыр. Отбасы айына 45 мың теңгеге шағын жеке үйді жалға алған. «Күміс алқа» иегері қазір декреттік демалыста. Зульфияның жолдасы жүргізуші болып жұмыс істейді, жалақысы – 150 мың теңге. Мемлекеттен алатын жәрдемақыларды қоса есептегенде отбасының жалпы табысы баспана алу үшін қаражат жинауға жетпейді.
Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы анаға атаулы әлеуметтік кө­мек пен тұрғын үй көмегін алу ережелерін түсіндіру керек­тігін айтты. Зульфияның өңір­дегі «Іскер ана» жобасына қатысуы отбасылық жағдайдың жақсаруына сеп­тігін тигізбек. «Курсқа қатысу арқылы жаңа ма­ман­дықты меңгеріп қана қоймай, өзіңізге ұнаған кез келген мамандық бойынша қайта оқуға болады. Алдағы күндері жеке кәсіп ашуға бір реттік қайтарымсыз ақшалай сертификат беруді бастаймыз. Мамыр айынан бастап көпбалалы отбасыларға жалға берілетін үй, тиімді шарттармен ипотекалық несие бе­ріледі, осы шаралар елдің әл-ауқатын көтеріп, пробле­ма­­ларды шешеді деген сенім­­де­міз», – деді Гүлшара Әбді­қа­лықова.

Үкіметтік комиссия барған көпбалалы отбасылардың басым бөлігін тұрғын үй мәселесі, жұбайлардың бі­рі­нің жұмысы болмауы, мем­­лекеттік қолдау тура­лы насихаттың аздығы тол­ғандырды. Ауылдан көшіп кел­гендер үшін қалаға тіркеуге тұру мәселесі өзекті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әр әйелмен жеке сөйлесіп, жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер туралы түсіндірді.
Жұмыс сапарының со­ңында ҚР Премьер-Ми­нистрінің орын­­басары Гүл­шара Әбді­қалықова мен Бер­дібек Сапарбаев аза­мат­тарды қабыл­дады. Көпба­лалы аналар тиісті әлеуметтік төлемдер туралы, әлеуметтік осал топта­ғы­лар мемлекеттік қолдау ша­ралары туралы мәлімет алды.
Бұдан кейін ҚР Премьер-ми­нистрі­нің орынбасары Гүл­­­­шара Әбдіқалықова бас­таған Үкімет мүшелері БҚО тұрғындарымен кездесті.
БҚО мәслихатының мәжі­ліс залында өткен шарада Гүлшара Әбдіқалықова қол­ға алынып жатқан өзг­еріс­термен халықты кеңі­нен таныстыру және шара­лардың жүзеге асырылуын бақылау қажеттігін нықтап айтты.

Елжан ЕРАЛЫ

Жауап қалдыру