Курорттық аймақ: инфрақұрылым дамытылуы қажет

0
75

Үстіміздегі жылғы 11 шілдеде Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының туристік кластерін аралап көрді. Елбасына Щучинск-Бурабай курорттық аймағын, «Абылай хан» алаңын, «Ақ бура» курорттық аймағын және басқа да нысандарды одан әрі дамытуға арналған жобалар таныстырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев трам­плинді шаңғы спорты­ның республикалық базасын аралап көрді. Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жүргізуге, дайындық жасау­ға әрі жарыс өткізуге арнал­ған жаңа спорттық және туристік нысанмен танысты.
Республикалық шаңғы спор­ты базасы шаңғы стадионын, мылтықпен ату алаңын, жүзу бассейні мен жаттығу залы бар жабық спорт кешенін, трамплиннен секіруге арналған орынды, әкімшілік-тұрмыстық және басқа да мақсаттағы үй-жайларды қамтиды.
Спорт базасымен танысу барысында Қазақстан Пре­зидентіне еліміздің ту­ризм саласын дамыту пер­с­пек­тивалары туралы мәлім­­делді. «Туристік Қа­зақ­стан» бағдар­лама­сы­ның алдағы уақытта жү­зе­ге асырылу және Щучинск-Бурабай курорттық айма­ғын әрі қарай жетілдіру жоспарлары жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Мә­дениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин баяндама жасады.

Баяндамаларды тыңда­ған Мемлекет басшысы Қа­­зақ­станның туристік әле­уе­тін арттырудың өзекті­лігін айт­ты.
– Қазіргі уақытта қазақ­стан­дықтар Отанымыздың көрікті жерлерімен таныса алатындай демалыс орындарын салу басты міндет саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Щучинск-Бурабай курорттық айма­ғының аумағындағы инф­­ра­қ­ұрылымды да­мыту­дың қажеттілігін айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті кадрлар­ды даярлау есебінен туристік қызмет көрсету сапасын жақ­­сартудың маңызды­лы­ғына ерекше тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев бү­гінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылатынын айтты. Бұлар – Имантау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Каспий жағалауы және басқалары.
– Туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отыр. Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Біз эконо­миканың осы саласына зор мән беруіміз керек, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өңір­лердің басшыларын және инвесторларды еліміздің туристік кластерін дамыту үдерісіне белсенді атса­лы­суға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев оның алдында Щучин­ск-Бура­бай курорттық айма­ғындағы жаңа туристік «Promenade Burabay» ныса­ны­ның құрылыс жоспарымен танысты. «Promenade Burabay» кешені жайлы қонақ бөлмелерді, пентхаус­тар­ды, коммерциялық орын­дар мен конгресс орта­лық­ты қамтиды.
Елбасы бұған дейін «Визит-Центр» орталығында бол­ған-ды. «Визит-Центр» ор­та­лығы – тақырыптық музей­лер, «5D» кинотеатры, «Бурабай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи саябағында өмір сүретін және өзге елдерден әкелінген жабайы хайуанаттар саябағы бар туристік кешен.

Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру