Коммуналдық тарифтердің құны төмендеуі керек

0
238

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

Коммуналдық тарифтердің құны төмендеуі керек

13 қарашада ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет бас­шысының Қауіпсіздік кеңе­сінің жақында өткен отыры­сында берген тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тариф­терді төмендету бойынша қабылданып жатқан ша­ралар және жалпы тариф қалыптастыру жүйесінің ай­қын­дығын қамтамасыз ету жө­нінде баяндады.
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын іске асыру мақ­са­тында министрлік бірқатар шаралар қабылдады.
Қысқа мерзімді шаралар шеңберінде, біріншіден, ҚР Бас Прокуратурасының ұсынымын орындау аясында монопо­листердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді төмендету бойынша жұмыс жүргізілді.
Осылайша, бүгінде тарифтер төмен­детілді. Астана және Алматы қала­лары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша 10 монополист жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын 4,4 млрд теңге сомаға төмендетті. Астана, Алматы және Шымкент қалалары, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары бо­йынша 14 монополист электр энергия­сын тарату және жабдықтау қызмет­терінің бағасын 12,1 млрд теңге сомаға азайтты.
Екіншіден, халықпен кері байланысты ұйымдастыру үшін барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалаларда 2018 жылғы 12 қарашада бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіп­керлер палатасының, «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласындағы түйіткілді мәсе­лелер бойынша халықты қоғамдық қабылдаулар ашылды.
Т. Сүлейменов тек қана бір күнде қатысушылар саны 617 адамды құрағанын атап өтті. Осындай қоғамдық қабылдаулар апта сайынғы негізде өткізілетін болады.
Үшіншіден, өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындылары бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін келіп түскен шағымдардың негізінде сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электр энергиясы мен газды беру, жабдықтау қызметтерін көрсететін базалық монополистер қызметіне жоспардан тыс тексерістер жүргізу ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, ұлттық экономика министрі орта мерзімді шараларға қатысты сөз қозғады. Мәселен, тарифтерді белгілеу және монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындауды бақылау ашықтығын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуде.
Бірінші. Қазір ҚР Парламенті Мәжілі­сінің қарауындағы «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы тарифтік сметаларды және инвестициялық бағдарламаларды іске асыру бойынша монополистердің есептерін қарау барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік­терді тартуды көздейді. Министр тұ­тынушылардың мүдделері үшін белгілі бір біліктілік талаптарына негізделген әлеу­меттік тапсырыс есебінен мемлекет­тік бюджеттен қаржыландыруды ұсын­ды.
Бұдан басқа, заң жобасында монопо­листердің тарифтерді бекіту және материалдарға толық қолжетімділікті қамтамасыз ету және барлық тұты­нушылар үшін тарифтерді есептеу үшін өтініштерін қараудың электрондық форматына көшіру қарастырылған.
– Е-монополист ақпараттық жүйесі осы жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілді. Бұл деректер базасы арқылы тұтынушылар енгізген ұсыныстар жүйе­лен­діріліп, әрі қарай қоғамдық тың­дау­ларда талқыланады, – деді Т. Сүлейменов.
Екінші. ҚР ҰЭМ ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасына Парламент Мәжілісі депутаттарының түзетулеріне арналған Заң жобасы қаралып жатыр. Ол төмендегіні қамтиды:
1. Монополистердің инвестициялық бағдарламаларды орындау іс-шара­ларының сыртқы техникалық сараптамасын енгізу.
2. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы объектілеріне тікелей барумен, БАҚ, «Атамекен» палатасының өкіл­­дерінің, қоғамдық бірлестіктердің, жер­гілікті атқарушы органдар мен мүд­делі тұлғалардың қатысуымен инвес­тициялық бағдарламаларды орын­даудың қоғам­дық мониторинг институтын енгізу.
3. Табиғи монополиялар субъекті­лерінің тарифтік сметалар мен инвес­тициялық бағдарламалардың орындалуы туралы тұтынушылардың алдын­дағы жария есептерін өткізуді жыл сайынғы мерзімнен жарты жыл сайын өткізіп тұру.
– Монополистердің қаражатты мақ­сатты пайдалануын толыққанды мемлекеттік бақылау мақсатында министрлік заңнамаға табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне тексеріс жүргізу жүйесін қайта қарауды және қатаңдатуды көздейтін жаңа түзетулерді әзірледі, – деді Т. Сүлейменов.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі заңнамаға ұсынып отырған түзетулер:
1. Монополистер қызметін мемлекеттік бақылауды Кәсіпкерлік кодексте көзделген тексерістер жүргізуді ұйым­дастырудың жалпы тәртібінен шығару. Бұл монополистерді тексеруді неғұрлым олардың санын кең қамтумен жүйелі негізде өткізуге мүмкіндік береді.
2. Тарифтік реттеушіге мемлекеттік органдардың деректер қорына қол­жетімділік ұсыну. Бұл тарифтік сметалар және инвестициялық бағдарламалар іс-шараларының орындалуы туралы есептерді қаржылай құралдарды, салықтық түсімдерді және өнімді өткізу көлемдерімен жалған, заңсыз сызбаларды анықтау үшін салыстыру қажет.
3. Тарифтік реттеушіге монополист азаматтық-құқықтық қатынастарда болған үшінші тұлғаларға қатысты кезікпе тексеріс жүргізу құқығын ұсыну.
4. Құқық қорғаушы органдардың тарифтік реттеушінің сұрауы бойынша монополистер қызметін тексерулерге қатысу мүмкіндіктерін белгілеу.
Осы түзетулер құпталған жағдайда «Табиғи монополиялар туралы» және «Бизнес ортаны және сауда қызметін реттеуді дамыту туралы» заң жобаларында көрініс табатын болады. Екі заң жобасы да Мәжілістің қарауында.
Баяндаманы тыңдап болған Премьер-Министр 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясы мен жылуға ғана емес, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы және интернет қызметтеріне тарифтердің төмендеуі керектігін атап өтті.
– Сонымен қатар ПИК тарифтерін қайта қарау керек. Бұл жергілікті әкімдердің құзыретінде. Бұл орайда, тарифтердің төмендеуі монополистердің көрсететін қызметтерінің сапасын төмендетпеуі тиіс, олардың өндірістері уақытылы жаңғыртылып отыруы керек. Құрылған Жұмыс тобы осы бағыттарда жұмыс істеуі тиіс, – деді ол.
Заңнамалық өзгерістер тұрғысынан тариф жобасын ұсынған кезде жұрт­шылық, сарапшылар білдірген пікірлерді, оның ішінде, электронды түрде келіп түсетін пікірлерді ескеру тапсырылды. Кері байланыс орнауы тиіс. Әкім­діктердің құзырындағы өңірлердегі тұтыну нормалары тарифтерін бекіту де жариялануы керек.
Мәселені қарау қортындысы бойынша Премьер-Министр бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Бірінші. Табиғи монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындамау, қызмет құнынан өндірістік емес шығындарын заңсыз қосу бойынша анықталған барлық фактілерге талдау жүргізу қажет. Жосықсыз монополистер мен тарифтерді көтеру арқылы пайдаға кенелген компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Оны тергеу барысы жариялануы керек. Екі аптадан соң ағымдағы жағдай туралы мәселе кезекті Үкімет отырысында қаралатын болады. Премьер-Министр құқық қорғау органдарымен және прокуратурамен жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.
Ұлттық экономика министрлігіне екі аптадан соң бюджеттен субсидия тү­рінде бөлінетін қаражатты монопо­листердің мақсатты жұмсауы туралы баяндауы тапсырылды. Халықты тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) қызметтерінің барлық түрлерімен қам­тамасыз ететін ұйымдардың мін­дет­темелерін орындауын бақылау нә­тижелері туралы есептер тыңдалатын бо­лады.
Екінші. Ұлттық экономика министр­лігінің Монополияға қарсы комитет пен оның өңірлік бөлімшелерінің жұмысын ретке келтіруге қатысты тәсілдеріне қолдау білдірілді. Б. Сағынтаев өз тарапынан табиғи монополиялар саласындағы саясат пен монополияға қарсы комитет жұмысына жетекшілік ететін ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің жазаланғанын хабарлады.
Үшінші. 1 желтоқсанға қарай ұлттық экономика, энергетика министрліктері электр, жылу, су мен газ беру, кәріз, телефон байланысы, интернет тарифтері қалай және қаншалықты төмендейтіні көрсетілген жан-жақты жоспарды енгізуі тиіс.
Президент «жұмысты ретке келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, ашық болып, адамдардың сеніміне лайық болу» міндетін қойды. Осыған байланысты энергетика, ұлттық экономика министрліктеріне желтоқсанның алғашқы онкүндігінде дөңгелек үстел өткізіп, бұл іс-шаралар жоспарын өңірлік бөлімшелердің, прокуратура өкілдерінің, монополистердің, депутаттардың, үкі­мет­­тік емес ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуымен талқылау тапсырылды.
Бақытжан Сағынтаев қоғамның Үкіметтің тарифтердің бағасының жасалуының ашықтығын қамтамасыз ету және 2019 жылы шекті тарифтерді қалыптастыру мәселелері бойынша тәсілдерін білуі тиіс екенін атап өтті. Ұлттық экономика, энергетика министрліктерінің басшылары, сонымен қатар өңірлік бөлімшелердің басшылары жыл соңына дейін халық пен БАҚ алдында монополистердің инвестициялық міндеттемелерін орындау тиімділігі, тарифтердің төмендеуі және халыққа монополистер заңсыз иемденген қа­ражаттарын қайтару шаралары туралы көпшілік алдында есеп беруі тиіс.
Төртінші. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ТКШ мониторингі республикалық жүйесін құру тапсырылды. Мониторинг жүйесі қоғам өкілдерінің қатысуымен жергілікті жерлерде жұмыс істеп, тарифтермен, қызмет сапасымен, халықтың сұранысымен байланысты барлық мәселелерді көтеруі тиіс.
Сонымен қатар ҚР ҰЭМ-іне осы аптаның соңына дейін ТКШ тарифтері бойынша жедел желі ашу тапсырылды. Қабылданған шаралар туралы БАҚ-қа хабарлап тұруы тиіс.
Бесінші. Ұлттық экономика, энергетика министрліктеріне және өңір әкімдіктеріне көмірдің, газдың, дәрі-дәрмектің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Бірінші кезекте, әкімдер баға­ның негізсіз өсуіне жол бермей, ком­паниялардың «бағаны өзара келісіп алуының», арадағы делдалдардың заңсыз­дықтарын анықтауы керек.
Алтыншы. Білім және ғылым, ден­саулық сақтау министрліктеріне осы салаларда халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізу тапсырылды. Негізгі акцент – оқу құнын, сондай-ақ медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектің бағасын төмендету. Орындалу мерзімі – екі апта.
Жетінші. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне барлық бағыттар бойынша осы жұмыстардың барлығын ақпараттық сүйемелдеуді жолға қою тапсырылды.

primeminister.kz

Жауап қалдыру