Үкімет пен Парламент құзіреті кеңейеді

0
62

Өмір ағыны бір орында тұрмайтыны рас. Уақыт өткен сайын ол жаңа проблемалар мен міндеттер ұсынады. Мұны дер кезінде көре білу де, сезе білу де маңызды. Ал бұл мәселе мемлекетті басқару формасына қатысты болғанда өзектілігі тіпті арта түседі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев мамыр айының соңында Бурабайда өткен ТМД-ға қа­тысушы мемлекеттердің Үкі­мет басшылары кеңесінің оты­ры­сында ТМД елдерінің мем­ле­кет және үкімет басшылары кездесулерінің, екіжақты және көпжақты келіссөздердің ма­ңыз­дылығына тоқтала ке­ліп, елде президент билігін әлсіре­тіп, басқарудағы үкімет пен парламенттің рөлін нығайту қажеттігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде жұрттың көбіне тө­беден жай түскендей әсер етті. Өйт­кені, ел тәуелсіздігінің елең-алаңында мықты президенттік басқару қажет болғандықтан арнайы заң қабылданып, Пре­зи­денттік билік енгізілген бо­латын. Ішкі және сыртқы саяси жағдайларға байланысты ары қарай президенттік басқару нығайтылды. Мемлекетті та­ба­ны­нан тік тұрғызуда ол орын­ды да болатын. Енді Қазақ­стан алдына қойылған көпте­ген міндеттерді ойдағыдай орын­дап шыққан кезінде ен­ді мем­­лекетті жетілдірудің жа­ңа та­лап­тары бой көтерді. Сон­дықтан да болар Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сол ал­қалы жиында «Үкімет пен пар­ламентке көбірек құқық берген дұрыс сияқты. Бізде әлі күнге дейін президенттік билік болғанын білесіздер. Президент билігі тікелей әрі мығым. Орта тап санының артуына қарай үкіметтің өз бетімен жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік беріп, парламенттің өкілетін арттыру қажет», – деп мәлімдеді.
Елбасының пікірінше, мемле­кет халықтың алдында есеп беруі міндетті және бұл Қазақ­стандағы демократияның бір көрінісі болмақ. «Біздің бар­лық атқарған және атқарар істеріміз ашық болуы тиіс. Егер мемлекеттік құпия болмаса, Үкіметтің шешімдеріне басқа да ақпараттардан халық толықтай хабардар болуы керек», – деді Қазақстан президенті.
Президент тарапынан мемле­кетті басқару ісіне қатысты айтылған пікірге сарап­шы­лар­дың көзқарасын білгенді жөн көрген едік. Бұрынғы дипломат Қазыбек Бейсебаев «Қазақстан дамудың белгілі бір деңгейіне жетті. Сондықтан қоғамда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан болашақтағы мем­лекетті бас­қару формасы қа­зір­гідей жағдайда қалады ма, әлде өзгереді ме деген мә­селеге қатысты пікірі көптен бері күтілген еді. Үкімет пен Парламенттің құзіретін кеңейту қазір өте-мөте орынды. Бұл демократияны тереңдетеді. Де­генмен «мұрагер операция­сын» да естен шығаруға болмайды. Ол біртіндеп жүзеге асырылуға тиіс. Оны жүзеге асыру үшін президенттің айналасында бе­делі мен ықпал ету деңгейі жоғары тұлғалар болуы керек.
Ондай адамдар бар және біріне-бірі деңгейлес. Бүгінде бір «топта» қызмет атқарушы­лардың арасынан бірін таңдауға тура келеді. Бірақ мұндай қа­дамдар саяси шиеленіс туды­ратын талас-тартыссыз бол­майтынына тарих куә. Алайда қазіргі жағдайда жалпы әлемде және елімізде экономикалық жағдай күрделі тұста, мұндайға жол беруге болмайтынын да ескеру қажет.
Орталық Азиялық демок­ра­тияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетә­лиева керісінше, бұл бастамаға күмәнмен қарайтындығын алға тартады. Айтуынша, бірін­ші­ден, бұл ел үшін маңыз­ды саналған «100 қадам» бағдар­ламасында жазылмаған. Екін­шіден, тіпті атқарушылық мін­деттер берілген күнде де ол «ауа райын» бұзбайтындардың қолында болады. Яғни, айтар­лықтай саяси өзгерістер орын алмайды. Ал жалпылай ал­ғанда, мұны Назарбаевтан ке­йін­гі кезеңдегі туындайтын жағ­дай­ды пысықтау ретінде қарастыруға болады. Бірақ, бас­қару­дың пар­ламенттік-прези­денттік жү­йе­сіне көшуге – ма­ңыз­ды институттар мен прин­циптер, реформаторлар тобы, қауқарлы саяси партиялар легі жоқ. Сондықтан жаңа кадрлар мен саяси реформа жасамай, қазіргі жағдайда басқару жүйе­сін өзгерту тұрақсыздық тәуе­кел­дерін күшейтеді. Мұн­дай пікірді өткен жылдың қара­ша айында ҚР Парламент Сена­тының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде бір­тін­деп басқарудың прези­денттік-пар­ламенттік фор­ма­сы ен­дірі­летінін айтқан бола­тын.

Ерлан БАПАНОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру