Кезектегілерді баспанамен қамтудың тиімді жолы

0
166

Кеше ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен болды. Үкімет басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтөбеде тұрғызылатын аз қабатты баспаналардың құрылыс-жобасының жүзеге асырылуымен танысты.
Аталмыш бағдарлама шеңбе­рінде Ақтөбеде үй құрылыс комбинатының технологиясы арқылы ірі тұрғынүй жобасы жүзеге асырлуда. Бұл тез тұрғызылатын, аз қабатты әрі несиеге берілетін баспаналар «Нұр Ақтөбе» деп аталатын қаланың жаңа шағынау­дандарында жүзеге асырылмақшы. Құрылыстың жалпы алаңы 100 гектар, құны 10 млрд теңгені құрайды.
Сәтін салып, бұл жоба өріс алған жағдайда, 2017 жылдың соңына дейін жер телімі мен пәтер кезегінде тұрған 700-дей отбасы жайлы баспанамен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Яғни, жаңа ауданда жыл аяғына дейін аз қабатты 500 үй (83 мың шаршы метрден астам) бой көтереді. Сөйтіп, жер телімі және әлеуметтік баспана кезегіндегілердің саны азаймақшы. Олардың санының көптігін ескере отырып, Қазақстанның тұрғынүй құрылыс жинақ банкі арқылы байқау-іріктеу жолымен кезекте тұрғандарға жер телімі де, тұрғынүй де сәйкестендіру арқылы бөлінетін болады. Тап бүгінгі күні баспана кезегінде тұрғандар саны – 26 мың адамға жуықтайды. Ал жер телімінің кезегіне – 135 мың адам тіркелген. Ал, ҚТҚЖБ салымшыларының саны – 62,1 мың адам.
«Таунхаус» түріндегі үш қабатты үйлердің құрылыс жұмыстарын «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС, «Соллерс» ЖШС, «Нектар» ӨК, «Досқалиев» ЖШ, «Крост» ЖШС, «Жидель+» ЖШС секілді бірнеше құрылыс мекемелері айналыспақшы. Құрылыс жұмыстарына жергілікті өндіріс пен ҮҚК-нің түрлі технологиялары қолданатын болады.
Бүгінгі күні құрылыс алаңдары қоршалып, құрылыс вагондарын орнату, жер қазу сияқты ілкідегі жұмыстар жүргізіліп, алаңға құрылыс материалдары жеткізілуде. Жаппай құрылыс сәуір айында басталады. Бұл үйлердің бір шаршы метрі – 120 мың теңгеден аспайтын болады.
– Біз аталмыш жоба аясында сапалы материалдардан әрі қысқа мерзім ішінде баспана сала аламыз, – деп сендірді Үкімет басшысын облыс әкімі Б.Сапарбаев. Сөйтіп, 3-4 жылдың ішінде Қазақстанда баламасы жоқ үлгілі қалашық тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Барлық ахуалды ескере отырып, тұрғынүйдің шаршы метрінің құны кезекте тұрғандар үшін қол жетімді болуы – негізгі  шарт. Бұл тек баспана мәселесін ғана емес, сонымен қатар үй құрылысы комбинатының жұмысын жандандырып, жергілікті өндірушілерді қолдап және бірнеше жаңа жұмыс орыны ашылады деген сөз.
Мұнан соң үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ақтө­бе­дегі «Грин Хаус Қазақ­стан» ЖШС-нің жұмы­сымен та­нысты. Бұл жылыжай кешені «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен үдемелі индуст­рия­лық­-инновациялық  даму-мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған болатын.
Құны 5 млн теңгеден асатын жоба облыс тұрғындарын көкөніспен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Соңғы кездері көкөністің артылған өнімі сыртқа да шығарылуда. 9,5 гектар алаңға орналасқан кешен жылына 6 мың тонна өнім береді. Кәсіпорында 60 адам  тұрақты жұмыспен қамтылған.
Артынша Премьер-Министр МЖС жобалары мен мемлекеттік бағдарламалардың Ақтөбе аймағындағы жүзеге асырылу барысымен танысты.

Інжу ТӘЖІҒҰЛОВА,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру