Кең-байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз

0
234

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы рә­сімг­е қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңіс мейрамымен құт­тықтап, әскери қызмет­ші­лер мен арнаулы мемлекеттік органдар қыз­мет­керлерінің Қазақ­стан Респуб­­ликасының қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету ісіне қос­­қан үлесін ерекше атап өтті.
– Батыр бабаларымыз ама­нат етіп қалдырған кең-бай­тақ жерімізді қорғау – бәрі­мізге ортақ парыз. Сіздер сияқ­ты ержүрек ерлеріміз Отаны­мыз­дың тыныштығын күзетіп тұр­ғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мем­лекетіміздің ішкі және сыртқы сая­си жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың әрқашан ай­рықша мән бергенін атап өтті.
– Егемендікті, Қазақстан Рес­публикасы аумағының тұтас­тығы мен ұлттық мүддені қорғау – біздің армиямыздың және Күштік құрылымдардың басты бағдары. Бұл стратегиялық ма­ңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына – генералдар мен офицер­лер­­ге зор жауапкершілік жүк­те­леді. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сіздердің сауатты басшы­лық­тарыңызға байланысты. Сіз­дердің барлық күш-жігер­леріңіз, білімдеріңіз бен тәжіри­белеріңіз Қарулы Күш­теріміздің жауынгерлік қабі­летін, құқықтық тәртіп пен конс­титуциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау орган­дары мен арнаулы қыз­меттің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Жауап қалдыру