Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады

0
48

Ағымдағы жылдың 9-шы маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комиссия отырысында ол ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары сайлау туралы қол­даныстағы заңнамаға қатаң сәйкес түрде әзірлен­ге­нін айт­ты.
– Науқанның жекелеген ке­зеңдерінің ұзақтығын ай­қындау үшін негіз «Қазақстан Республи­касындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-1-бабы болып табылады. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөнін­дегі іс-шараларды өткізу мер­зімдерін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Осы жоспарға сәйкес ҚР Пре­зидентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан күннен кейін, яғни 2019 жылғы 10 сәуірден басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде сағат 18-00-де аяқталады, – деді К.Петров.
Кандидаттарды тіркеу ағым­дағы жылдың 11 мамыры күні сағат 18-00-ге дейін жалғасады.  Кандидат ретінде тіркелу үшін ұсы­ныл­ған тұлға 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының кірістері мен мүлік туралы  декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қоры­тын­дыны  тапсыруы қажет. Тап­сырылған декларацияларда кандидаттың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағ­дайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеу күшін жоя алады. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың кемінде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін  сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталады. 2019 жылғы 1 қаңтардағы  жағдай бойынша, ҚР ОСК елімізде дауыс беру құқығы бар 11 814 019 азаматты сайлаушылар тізіміне қосқан. Осылайша әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы тиіс. Қол жинауды президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары  ұйымдастырады.
Кандидаттардың үгіт жұ­мыс­­тары 11 мамырда бас­та­лып, дауыс беру күні ал­дын­дағы күні 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күні 00-00-ге дейін жалғасады.
Сайлау жарнасы ең төменгі 50 жалақыны құрайды. Соған сәйкес сайлау жарнасының сомасы 2 млн 125 мың теңге. Сайлау жарнасы кандидатқа ол лауазымға тағайындалған жағдайда немесе жалпы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс жинағанда қайтарылады.

Марлан ЖИЕМБАЙ

Жауап қалдыру