Ұйым қызметінің дамуына тың серпін

0
41

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Фе­де­рациясына жұмыс са­па­рымен барды. Елбасы са­пар барысында Санкт-Пе­тер­бург қаласында өт­кен Жо­ғары Еуразия эко­но­ми­калық кеңес оты­рысына қатысты. Оты­рыс­та Жоғары Еура­зия эко­но­микалық кеңес мүше­лері күн тәртібіндегі цифр­ландыру мәселелерін іс­ке асыру барысы жөніндегі баян­даманы тыңдап, газ, мұ­най және мұнай өнімдері са­ла­ларында ортақ на­рық қа­лып­тастырудың, сон­дай-ақ интеграциялық бір­лестік ая­сын­дағы өзара ықпал­дас­тық­тың өзекті мәсе­лелерін талқылады.
Қазақстан Президенті Еуразия экономикалық одағының тарихында 2018 жылдың ерекше орын алатынын айтты.
– Әлемдік экономиканың құбылмалылығына байланысты сыртқы жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан, біз өсімнің оң қарқынын сақтап қала алдық. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы және өзара сауда-саттық көлемі айтарлықтай артты, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен кәсіп­орындар жұмысында оң үр­діс­тің бар екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті биыл Еуразия экономикалық ода­ғының жаңа Кеден кодексі күшіне енгенін айтты. Онда кеден ісін әкімшілендіруге, соның ішінде бизнес үдерістерін автоматтандыруға және «жал­қы терезе» қағидатын енгізуге қатысты заманауи тәсіл­дерді қолдану қарас­ты­рылған.
Сондай-ақ, Мемлекет бас­шысы күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерінің 2025 жылға дейінгі негізгі ба­ғыттарын іске асыру жөнін­дегі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
– Қазақстан және Ресей кеден қызметтері арасында тран­зиттік жүктерге спутник арқылы мониторинг жүргізу жөніндегі сынақ сәтті өтті. Өзара саудадағы кедергілер мен шектеулерді жою үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық ынты­мақтас­тық та белсенді дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Еу­ра­зия экономикалық ода­ғы аясындағы өзара ықпал­дастық­ты одан әрі кеңейту үдері­сіне қолдау білдіріп, Еуразия экономикалық комиссиясы мен оған мүше елдердің үкіметтері тарапынан жаңа жұмыс бағыттарының әрқай­сы­сының экономикалық тұр­ғы­дан мақсатқа қанша­лық­ты сай келетіндігіне терең тал­дау жасау қажеттігін атап өтті.
– Жалпы, біз Еуразия экономикалық одағының негізгі мақсаттарына – тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымын қамтамасыз етуге батыл қадам жасап келеміз. Сонымен бірге, Еуразия экономикалық одағының толық­қанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тағы да күш жұмылдыруымыз керек, –деді Мемлекет басшысы.
Елбасы төрт «еркіндікті» қамтамасыз етуге бағытталған құжаттар, со­ның ішінде Еуразия эко­но­микалық одағына мүше ел­дердің азаматтарын зейне­та­қымен қамту туралы келі­сім жөніндегі жұмыстарды аяқ­таудың маңыздылығын айт­ты.
– Бізге 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жою қажет. Бұл – бірлестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы. Комиссия мен үкіметтер осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Қазақстан Президенті бүгінгі отырыстың қоры­тындысы бойынша қабыл­данатын шешімдер ұйым­ның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Артынша Қазақстан Президенті ТМД елдері басшы­ларының бейресми саммитіне қатысты.

Жауап қалдыру