Қиындықтарды жеңуге ресурс жеткілікті

0
164

Елбасының төрағалығымен 11-ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста осы жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық саясаттың нақты шаралары айқындалды.

Іс-шара барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б. Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаев, инвестиция жә­не даму министрі Ә. Исекешев, энергетика ми­нис­трі В. Школьник, «Самұ­рық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ басқар­ма төр­аға­сы Ө. Шө­ке­ев, Алматы қа­ла­сы­ның әкімі А. Есімов, Атырау облы­сы­ның әкі­мі Б. Із­мұ­хан­бе­тов, Павлодар об­лы­сы­ның әкі­мі Қ. Бозымбаев, Алматы облы­сы­ның әкімі А. Баталов өткен жыл­дың қоры­тын­ды­лары мен 2015 жылға ар­нал­ған жоспарлар жө­нін­де баяндама жасады.

Мемлекет басшысы өз сөзін­де қа­зіргі уақытта елге жаңа жағ­дайға бейімделу керек болаты­нын, ол үшін экономика­лық жә­не заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екенін атап айтты.

Осыған байланысты Қазақ­стан Президенті Үкімет­тің, Ұлт­тық банктің және әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев инвес­тиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құратын «Нұрлы жол» бағдарламасы дағдарысқа қар­сы тиімді құрал болып саналатынына назар аударды.

– Бағдарлама Астанадан «шұ­­­ғы­ла қағидаты бойынша» тиім­ді көлік-логистикалық ин­фра­құ­рылым қалыптастыруға ба­ғыт­талған. Ұлттық қордан 2015–2017 жылдары 500 миллиард теңге бөлінеді, соның 180 миллиард теңгесі биыл пайдаланылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл қа­ра­жат өңірлерде уақытылы иге­рілуі тиістігін айтты.

– Барлық жобаларды осы айдан бастап қаржылан­ды­ру­ды тапсырамын, өйткені бұл біз­дің компаниялары­мыз­­­дың өнім­деріне ішкі сұранысты қам­тамасыз етеді, – деді Қазақ­стан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев қазір­гі эко­номи­ка­лық ахуалды еске­ріп, «Нұ­р­лы жол» бағдар­ла­ма­сын дағ­да­рыс­қа қарсы жа­ңа шаралармен толықтыру арқылы қолдау шараларының аясын ке­ңейт­кен жөн екендігін атап өтті.

– Бұлардың қатарында отан­дық машина жасау саласын және экспортшыларды қол­дау, ша­ғын және орта бизнес кә­сіп­орындары үшін ин­фра­құ­рылымдар жүргізу, АӨК-ні мем­лекеттік қолдауды ұл­ғай­ту, ішкі нарықты қорғау шаралары және басқа да бағ­дар­лар бар. Үкі­мет 250 миллиард тең­ге кө­ле­мінде шұғыл шаралар қа­былдау үшін резерв жа­сақ­та­уы тиіс. Бағдарламаны бір айда то­лық­тыруды және бекітуге ұсы­нуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті бюджет шығыс­та­рын оңтайландыруды дағ­да­рыс­қа қарсы шаралардың негіз­гі элементтерінің бірі ретінде атады.

– Басталған жобаларды ая­ғы­на дейін жеткізіп, жаңа бастамаларды, ұсыныстарды жағ­дай жақ­сарғанға дейін шегере тұ­ра­мыз. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкімдіктер­ге, ұлт­тық холдингтерге, ұлт­тық компаниялар мен мемлекет­тік кә­сіп­орындарға қатысты. Үкі­мет­ке 2015 жылға арнал­ған республикалық бюджет­ті 700 миллиард теңгеге немесе шы­ғыс­тардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте мем­лекеттің халық алдындағы әлеу­мет­тік міндеттемелері еш өз­ге­ріс­сіз қалуы тиіс, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұлт­тық бас­қарушы холдингтер де тиіс­ті шаралар әзірлегеніне тоқ­тал­ды.

Мемлекет басшысы еңбек дауларын дер кезінде шешу ісі­нің маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты әкім­дер­ге ірі кәсіпорындармен меморандум жасау және босаған жұ­мыс­шы­ларды жұмысқа орналас­тыру мәселесін шешу тапсырылды.

Қазақстан Президенті білім бе­руді және денсаулық сақтау­ды жаң­ғыр­ту жұмыстарын жал­ғас­тыру қажеттігіне тоқталды.

– Бұл – болашақ экономика­лық өсімге негіз қалауға мүм­кін­дік беретін адам капиталына салынатын ұзақмерзімді инвес­тиция. Білім беру саласында «Балапан» бағдарламасын жү­зе­ге асыруды және 12 жыл­дық бі­лім беру моделіне бір­тін­деп өтуді жал­ғастыру қа­жет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асы­ру­дың жалғасатынын айтты, оның аясында сомасы 600 миллиард теңгеден асатын, 7,5 мың­нан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бере­тін 75-тей жобаны іске қосу жос­пар­ланған.

Қазақстан Президенті бүгінде Ресей рублінің әлсіреуі мен ре­сей­лік тауарлар қысымы­ның артуы жағдайында отан­дық өн­ді­ру­шілерге оның зияны тиіп жат­қанына назар аударды.

– Мұның Еуразиялық эко­но­ми­ка­лық одақпен еш байланысы жоқ. Біз бір бөлшегі болып саналатын әлемдік нарық­тық экономикада мұндай ауыт­қу­лар болып тұрады. Бұл уа­қыт­ша жағ­дай, оның шешімі табылады. Ресейде сұраныстың азаюы – Қазақстан экспортын әр­та­рап­тандыру жұмысын кү­шей­ту­ге ынталандырады, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жиын со­ңында елімізде қазір­гі қиын­дық­тарды түбегейлі же­ңіп шы­ғу­ға мүмкіндік беретін бар­лық қажетті ресурстардың бар екенін атап өтті.

Жауап қалдыру