Ішкі жалпы өнім өсімі – 4 пайыз

0
49

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 15 қараша күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Мемлекет басшысы кездесу барысында Үкіметтің жыл басынан бері атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, экономиканың түрлі секторындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі сапалы іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
– Жыл аяқталып келеді. Осы уақыт ішінде көп жұ­мыс ат­қарылды. Біз ЭКСПО көр­месін, Ислам ынтымақ­тастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткіздік. Басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жалпы, экономикамыз тұрақты дамып келеді, – деді Елбасы.
Бақытжан Сағынтаев Қазақ­стан Пре­зидентіне биыл­ғы 10 айдағы әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық дамудың қоры­тын­ды­лары жөнінде баяндап, бірнеше көр­сеткіштер мен индикаторлар бойынша оң өзгеріс бар екенін атап өтті.
– Биылғы 10 айдың қоры­тындысы бойынша ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсті. Барлық негізгі салалар бойынша қыс­қа мерзімді экономикалық инди­каторлардың оң өсімі бай­қалуда. Сондай-ақ, жыл соңына дейін еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз, – деді Премьер-Министр.
Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевты жалпы капиталға салынған инвестиция көлемі 6,5 пайызға өскені жөнінде хабардар етті. Премьер-Министр бұл индикатор бойынша негізгі өсім ел экономикасына тартылған жеке инвестициялар көлемінің артуы есебінен болып отырғанын айтты.
Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Дастан ҚАДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру