Ішкі миграция квотасы бес есеге артады

0
107

20 желтоқсан күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысы барысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындысы қаралды.
ҚР еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз баяндамасында ағымдағы жылғы 11 айда 413 мың адам еңбекпен қамтылғанын, олардың ішінде тұрақты жұмысқа 279 мың адам тұрғанын атап өтті.
Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысушылардың саны 527 мыңға жетті, олардың 50 пайыздан астамы – ауыл тұрғындары. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, бағдарламаның негізгі индикаторларына қол жеткізілді.
– Бірінші бағыт аясында өңірлік еңбек нарықтарының қажет­тіліктерін қамтамасыз ету үшін 90 мың адамды оқыту ұйымдастырылды, олардың 21 мың адамы – бұл жұмыссыз жастар, қалған 69 мыңы – жұмыс­сыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Қысқамерзімдік оқыту курстарын 43,5 мың адам тәмәмдады, – деді Тамара Дүй­сенова.
ҰКП-ның «Bastau Бизнес» жобасы аясында «кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» бағыты бойынша 15 мың адам оқуды аяқтады, олардың 8,2 мың адамы өздерінің бизнес жобаларын қорғады және 3 мыңнан астамы – несиелер алды. Келер жылы «Bastau Бизнес» бағдарламасы бойынша оқитындар санын жұмыссыздар мен өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған азамат­тар­дың арасынан екі есеге (30 мың адамға дейін) арттыру жоспар­лан­ған.
Бағдарламаның үшінші ба­ғы­ты азаматтардың әлсіз са­наттарын еңбекпен қам­туда атаулы көмекті және еңбек ресурс­тарының жұмылғыш­ты­ғын арттыруды қарастырады.
– Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға 134 мыңға жуық адам жіберілді, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Бағдарламада азаматтарды еңбекке жұмылдыру бойынша бағыт ерекше орынға ие. Тамара Дүйсенова ағымдағы жылы келу өңірлерінің жұмыс берушілерінің қатысуымен бар­лық кету  өңірлерінде бос орын­дардың өңіраралық жәр­мең­­келері өткізілгенін атап өтті.
– Бүгінде Бағдарлама аясында бөлінген қаражат есебінен солтүстік өңірлерге оңтүстік облыстардан өз еркімен 381 отбасы немесе 1 479 адам көшті. Келесі жылға қоныс аударудың өңірлік квотасын 5 есеге арттыру, яғни 1700 отбасыға дейін немесе 7000-ға жуық адамға жеткізу жоспарланған, – деп баяндады Тамара Дүйсенова.
Сөз соңында министр аза­маттардың өз еркімен қоныс аударуына ынталандыруға, аза­маттардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, сондай-ақ оқыту жүйесін жақсартуға бағытталған Бағдарлама тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды Үкімет қарауына ұсынды.
Артынша ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бо­йынша өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова журналистердің электрондық еңбек биржасының жұмысы туралы сұрақтарына жауап берді.
ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында 2017 жыл­дың қазан айынан бастап жұмыс берушілердің, қызметкерлердің, жеке жұмыспен қамту агент­тіктерінің және онлайн интернет алаң­дардың өзара іс-қимылы үшін тегін бірыңғай цифрлық платформа ретінде құрылған Бірыңғай электрондық еңбек биржасы қызмет көрсетеді.
– Бүгінде электрондық еңбек биржасы іске қосылған. Біз шамамен өткен айда 8 мың бос жұмыс орнынан бастадық. Қазіргі таңда электрондық еңбек биржасында 25,5 мыңға жуық бос жұмыс орны орналастырылған. Биржа арқылы 15 мыңнан астам адам жұмыс тапты, – деді Светлана Жақыпова.
Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау вице-министрі, сон­дай-ақ, электрондық еңбек биржасының жұмыс істеу перспективаларын атап өтті. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап биржа өнеркәсіптік пайдалануға беріледі – оған елдегі барлық 199 жұмыспен қамту орталығы қосылады.
– Электрондық еңбек бир­жасы жұмыспен қамту орта­лықтарынан бос орындар туралы ақпарат алады, сонымен қатар жұмыс берушілерден бос орындар туралы ақпарат алып, жария­лайды, – деп қорытындылады вице-министр.
Сондай-ақ, жаңа жылдың екінші тоқсанында бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды жеңілдетілген түрде тіркеу модулін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл тетік пысықталып жатыр.
Қазіргі кезде Өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 21,1 мың адам оқып жатыр. Жал­пы алғанда, 5 жыл ішінде 106 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланып отыр. 2017 жылы бағдарламаны іске асыруға 4,7 млрд теңге бөлінді. Білім алушылар 271 мамандық бойынша бөлінген. Мәселен, «сервис және қызмет көрсету» мамандығы бойынша білім алушылардың шамамен 30 пайызы, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласы бойынша – 13 пайыз, көлік саласында – 19 пайыз оқытылып жатыр.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру