Индустриялық төңкеріс бізді айналып өтпеуге тиіс

0
155

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 14-ақпан күні жұртшылық және зиялы қауым өкілдерімен, саяси қайраткерлермен кездесті. Кездесуге М.Жолдасбеков, К.Сағадиев, Р.Шырдабаев, О.Әбдікәрімов, Б.Ізмұхамбетов, М.Қасымбеков қатысты.
Басқосу барысында конституциялық реформаларды талқылаумен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым және білім, шағын және орта бизнес салаларын жаңғыртумен, жүргізіліп жатқан жекешелендірумен байланысты халық үшін маңызды экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық ауқымды мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы тәуелсіз­діктің 25 жылында Қазақстан күрделі жол жүріп өткенін атап өтіп, республикамыздың одан әрі дамуының негізгі ба­ғыт­тары­на қатысты өз ойын ортаға сал­ды.
– Қазақстан танымал елге ай­налды, экономикамыз қар­қынды дамып келеді. Енді «Қазақ­станның үшінші жаң­ғыруы: жа­һан­дық бәсекеге қабілет­тілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін қол жеткен жетістіктерімізді пайдалана білу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандықтардың алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге назар аударды.
– Нарықтық қатынастар жолын таңдаған қоғамымыздың алдында орындалу тиімділігі елдің одан әрі дамуына ықпал ететін түбегейлі жаңа міндеттер тұр. Жаһандық экономика дәуірінде инновация күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Индустриялық төңкеріс бізді айналып өтпеуге тиіс. Біз экономикамызға инновациялық технологияларды енгізе білуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұл мақсаттың жүзеге асырылуы тиісті қаржы жұмсауды қажет ететінін атап өтті.
– Егер инновациялық тех­но­логиялар әзірлеуге қара­жат бөлмесек, онда бізге әлем­дік жаңа экономикалық құры­лым­­­ның ауқымынан тыс қалу қаупі төнуі мүмкін. Жаппай өнді­ріс­ті дамыту үшін жаңа­шыл­­дықтар енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырған жөн. Бұған кәсіпорындардың, сон­дай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындарының жаны­нан ғы­лыми-зерттеу институт­тары құрылып, оларға тиісті қол­дау жасалғанда ғана қол жет­кізу мүмкін болады. Мәсе­лен, мұн­дай ғылыми-зерттеу инсти­­туттарын «Алатау» иннова­циялық технологиялар паркінің, Назарбаев Университетінің жанынан құруға мүмкіндік бар, – деді Елбасы.
Кездесуге қатысушылар Мем­­­лекет басшысы бастама­шы болған, мемлекеттік би­лік тар­мақтары арасында өкілет­тіктерді қайта бөлуге бағыт­талған реформаларды толық қолдайтындарын білдірді. Бұл ретте ең алдымен Парламенттің және Үкіметтің өкілеттігін ке­ңейтуге, оның дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағыт­талған қадамдардың дер кезінде жасалғаны, прогрессивтілігі атап өтілді.
Бұған қоса, кездесуге қатысу­шылар республикалық және жер­гілікті бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жасауға, салалық бағдарла­ма­лардың орындалуына, жер ре­фор­масына, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы сананы ор­нық­тырып, «мүлдем төзбеу­­шілік» саясатын тиімді жүзеге асы­руға, сондай-ақ Бес инсти­туционалдық реформаны іске асыру бойынша Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді кезең-кезеңмен орындауға қатысты түйіткілді мәселелерге тоқталды.

Жауап қалдыру