Былтырғы жылды Атырау облысы жемісті қорытындылады. Өндіріс өнімі 21 пайызға өсіп, 5 триллион 600 миллиард теңгені құрады. Ал өңірге тартылған инвестиция көлемі 3 триллион теңгеге жетті. Мұнайлы өлкенің негізгі өндірісі мұнай-газ өнеркәсібінен өзге өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Өндірістің өркендеуі өзге саланы жандандырып, өңір тұрғындарының әл-ауқатының артуына игі ықпал етуде. Нәтижесінде облыста қолжетімді баспаналар көптеп салынып, әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп келеді.
Өндіріс саласы өркендеп келеді
Ел әлеуеті мен экономикасын өрге домалататын негізгі сала – өнеркәсіп. Былтыр Атырау облысындағы өнеркәсіп саласының даму қарқыны үдей түсті десек қателеспейміз. Облыс әкімдігі ұсынған есеп бойынша өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 676,1 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексi – 120,8%-ды көрсетіп алға қойылған жоспар артық орындалған. Облыс экономикасын алға сүйрейтін негізгі өндіріс локомотивтерін атап өтсек. Тау-кен өнеркәсібі 5 121,4 млрд. теңге сомасында өнім өндіріп көш бастап тұр. Жер қойнауы байлыққа мол өңірден 42 288,1 мың тонна мұнай және 20 888,9 млн. текше метр ілеспе мұнай газы өндірілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10%-ға артып, елімізді табиғи газ отынмен қамтамасыз етуде сүбелі еңбек етіп келеді. Жер қойнауынан шикізатты өндіріп қана қоймай, оны әрі қарай өңдеу өнеркәсібі де облыста дамып келеді. Мысалыға, өткен жылы облыстық өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 491,9 млрд. теңгені құрады. Мұның ішінде «АМӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 4 723,6 мың тонна мұнай өңделіп ел нарығына жол тартқан.
Қысқаша қайырсақ, өңірдегі өндіріс саласы өркендеп даму үстінде. Үстіміздегі жылға да ауқымды жобалар мен межелер қойылғанын ескерсек облыс экономикасы қарыштап дамитынына күмән жоқ.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы
Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясаты – дағдарысты еңсеруге жасалған басты қадам. Ол ел экономикасына ғана емес, әлеуметтік ахуалға да оң әсерін беріп келеді. Берік ұлттық қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті экономика және өңірлердің дамуы – бұл индустрияландырудың басты жетістіктері. «Сыртқы факторлардың жағдайға терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екені белгілі. Сондықтан, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек», – деген болатын Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші жылын қорытындылаған сәтте.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының берген мәліметтеріне сәйкес, 2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 344 жұмыс орнын құрумен құны 5 млрд. теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылды. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ:
Біріншісі, «Жігермұнай-сервис» ЖШС-нің роботтық дәнекерлеу әдісін қолданумен металлқұрылымдар шығару өндірісін құру (жоба құны 2,7 млрд. теңге, 49 жұмыс орны). «Жігермұнайсервис» компаниясы бүгінде шығаратын бұрғылау және мұнай өндірісі құрал-жабдықтары сияқты өнімдері сертификатталып, ҚР СТ талаптарына сәйкес келетін жүз пайыздық қазақстандық кәсіпорынға айналды. Жүз пайыз қазақстандық компания бастапқыда қашауларды жөндеуге бейімделген екен. Бірақ, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорында жоғары тереңдікте бұрғылауға арналған қашаулардың өндірісі іске қосылған. Осы уақытқа дейін әрқайсысы он мыңдаған АҚШ доллары тұратын қашаулар сырттан әкелінсе, «Жігермұнайсервис» өндірген отандық өнім 30-40 пайызға арзан болуымен қоса, жергілікті кәсіпорындардың қажеттілігін өтеуге қол жеткізді. Бастапқыда ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорында 350 адам жұмыспен қамтылды. Әрі жұмыс істейтіндердің барлығы дерлік жергілікті мамандар мен жұмысшылар болып отыр. Жыл сайын кәсіпорын өз қызметін кеңейту үстінде. Бүгінде олар өз өнімдерін Ресей, Түркіменстан, Біріккен Араб әмірліктері мен Африка елдеріне экспорттайды. Бұл – үдемелі индустриалды-иновациялық бағдарлама аясында жүзеге асырылған Атырау облысындағы серпінді жобалардың бірі екенін баса айтқан жөн. Өйткені, қазақстандық мұнай компаниялары сапалы отандық өнімді 50 пайыз арзан бағамен алуға мүмкіншілік алды. Отандық өнімге алғашқы тапсырыс берген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы болды. Ал, қазақстандық мамандар алғашқы жобаны жүзеге асыруға 1,5 жыл уақыт жұмсаған. Жалпы мұнарасының биіктігі 51 метрлік кешен 7 мың метр тереңдіктегі мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылайды. Сондықтан бұл кәсіпорынның болашағынан отандық мұнай-газ компаниялары көп үміт күтіп отыр.
Екіншісі, «Теплый Дом Атырау» ЖШС-ның мультиөндірістік кешен құрылысы (жобаның құны 75 млн. теңге, 45 жұмыс орны). Бұл өндіріс орны өңірдегі бірден-бір ірі компания болып табылады. Қызметіне үй құрылысына арналған жылыту құрал-жабдықтарын ұсыну мен құрылыс нысандарын сапалы, заманауи қаптау кіреді. Бүгінде облыста «Теплый Дом Атырау» ЖШС-ның өнімдерімен тұрғызылған көптеген үйлерді кездестіруге болады.
Үшіншісі, «Луговской конный завод» ЖШС балық шаруашылығының өндірісін құру (жоба құны 350 млн. теңге, 200 жұмыс орны). Елімізге танымал «Луговской конный завод» ЖШС-гі балық шаруашылығы өндірісін де қолға алмақ. Жоба бойынша бекіре балықтарын өсіруге арналған су қоймалары салынып, қолданысқа берілді.
Төртіншісі, Макарон өнімдерінің өндірісі «Карат» ЖШС (жоба құны 1,4 млрд. теңге, 20 жұмыс орны). Елімізде макарон өнімдеріне деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Осы қажеттілікті өтеу үшін нарыққа Ресей, Беларусь, Қытай елдерінің өнімдері келуде. Ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында құрылған өндіріс орны болашақта өнімдерін сыртқы елдерге де экпорттауды жоспарланған.
Бесіншісі, «FinWeldAzia» ЖШС-ның дәнекерлеу жабдықтарының өндірісі (жобаның құны 600 млн. теңге 30 жұмыс орны). Бүгінде құрылыс саласында дәнекерлеу жабдықтарының дені Қытайдан импортталады. Экономикасы алға жылжып, даму үстіндегі облыс үшін құрылыс жабдықтарының осы өңірден шыққаны ұтымды болары сөзсіз. Осы мақсатты орындауға бет бұрған «FinWeldAzia» ЖШС-гі дәнекерлеу жабдықтарына деген сұранысты толық орындамақ.
Мұндай ірі жобалардан бөлек облыста шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 42 897 бірлікті құрады. Өткен жылы Атырау облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 560 млн теңге бөлінген болатын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 56 бизнес жоба қаржылық қолдауға ие болды. Аймақтағы кәсіпкерліктің белсенді дамуының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Осылайша, өткен жылда жергілікті тұрғындар 2016 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 4,6 есе артық жұмыспен қамтылды. Ал пайыздық мөлшерлемелер субсидиясына 4,7 млрд теңгеге 93 бизнес жоба бекітілді. Аймақтағы жаңа кәсіпорындардың ашылуы жаңа 200 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Құлсары қаласында екі жергілікті тұрғын жалпы сомасы 21 млн теңгені құрайтын шағын несие алды және тағы 5 бизнес жобаны жүзеге асыруға 9 млн теңге бөлінді.
Бұдан өзге, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «ТШО» ЖШС былтырғы жылы «Жарқыра» бағдарламасы аясында 6 жобаға арналған қайтарымсыз гранттар ұсынды, 2 бизнес жобаны жүзеге асыруға пайызсыз несие ретінде 6 миллион теңге берілді.
Осындай жетістіктер арқасында облыс бойынша жұмысқа 22 059 адам орналастырылды, ақылы қоғамдық жұмыстарға 5 441 жұмыссыз және қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсына 2 793 адам жіберілді. 29 668 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 18 389-і – тұрақты, 11 279-і – уақытша жұмыс орындары. 2017 жылдың 4-ші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі облыста 4,9%-ды құрады.
Әлеуметтік құрылыс нысандары
Атырау облысында әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ Исатай ауданының Х. Ерғалиев ауылында 100 орындық, Жылыой ауданының Тұрғызба, Қосшағыл ауылдарында әрқайсысы 160 орындық және Жаңа Қаратон кентінде 280 орындық балабақшалардың құрылыстары аяқталды. Индер ауданының Аққала, Атырау қаласының Ақжайық ауылдарында әрқайсысы 120 орындық мектептердің құрылыстары аяқталып, тапсырылды.
Мұнан бөлек Атырау қаласының реабилитациялық орталығы мен Н.Тлендиев атындағы Кіші өнер академиясына жапсаржай салынады. Құрылыс саласындағы жаңалықтардан денсаулық сақтау нысандары да тыс қалмайды. Қазір Индер ауданы Көктоғай ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Атырау қаласында өкпе аурулар аурухасының аумағына бетон қоршау орнату жұмысы да жоспарға сай жүруде. Қызылқоға ауданының Миялы, Қарабау ауылдарында, Исатай ауданы орталығында және Атырау қаласы маңындағы Тасқала селосында денсаулық сақтау нысандары қолданысқа беріледі. Жылыой ауданында туберкулезге қарсы диспансер қайта жаңғыртылып, жүйке ауруларымен ауыратын адамдарға арналған үй интернатын салу үшін құжаттар дайындалуда.
Айта кету керек, әлеуметтік нысандар қатарының артуына аймақтағы мұнай компаниялары мен ірі кәсіпорындар да үлес қосып жүр. «Теңізшевройл» компаниясы Жылыой ауданындағы Тұрғызба, Қосшағыл, Майкөмген ауылдарына үш дене шынықтыру сауықтыру кешендерін салу үшін қаржы бөліп отыр. Осы ауданға қарасты Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Жаңа Қаратон ауылдарында да ТШО-ның қаражаты есебінен жаңа кешендер бой көтереді. ҰҚ «ҚазМұнайГаз» АҚ Атырау қаласы мен Ақжал елдімекенінде 5 спорт кешенін салып жатыр. Алдағы уақытта облыс орталығында тағы да 3 спорт зал болады.
Сонымен қатар облыста халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету де жүйелі жүргізілуде. Қолға алынған «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 9 нысанның құрылысы басталып, оның ішінде 6 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 3 нысанның құрылысы 2018 жылы жалғасатын болады. Бүгінгі күні облыс елді мекендерінің орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 78%-ға жетті.
Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар, қос құрлықты жалғаған көпірлер, күмбезін күн сүйген сәулет ескерткіштері, жаңарған инфрақұрылым, ел игілігіне берілген жаңа нысандар бүгінгі Атыраудың көркем келбетіне айналды. Елімізде, оның ішінде тек қана Атырауда ерекше өнім шығаратын кәсіпорындар қатары көбейді. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа зауыттар салына бастады. Әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Мұның бәрі алып құрылыс алаңына айналған Атыраудың ажарын айшықтап тұр.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Prezident & Halyq»