Елорда күніне елеулі тарту

0
109
????????????????????????????????????

Астана күні салтанатты түрде аталып өтілді. Арнайы ұйымдас­тырылған түрлі мерекелік іс-шаралар атаулы күннің көркін қыздыра түсті. Атырау облысында бұл күн бір топ азаматтардың кеудесіне мерекелік медаль тағу, 100-ден астам отбасыға баспана кілттерін табыстау, түнгі марафон және осы сияқты көптеген оқиғалармен есте қалды.

МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ МАРАПАТ

Ел жүрегі – Астана қаласының жиырма жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шарада Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындарды құттық­тады. Еліміздің бас қала­сын Алма­тыдан Сарыарқа төсіне ауыстыру туралы тарихи шешім­нің сындарлы кезеңде қабыл­данғанына тоқталған аймақ бас­шысы Елорданың бүгін­де ха­лық­аралық маңызы бар саяси, эко­номикалық орталық­қа айнал­ғанын атап өтті.
– Астана – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың идеясынан бас­тау алған тәуелсіздіктің теңдес­сіз туындысы. Бүгінде бас қала тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жетті. Әлемдік деңгейдегі озық үлгіге құрылған сәулет ғимараттары Астананың көркін арттыруда, – деді Нұрлан Асқарұлы.
Салтанатты жиын барысында еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени дамуына үлес қосып жүрген бір топ азамат «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен, «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Ел Президентінің Жарлығымен «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталғандардың арасында соғыс ардагерлері Айдын Айбаров, Орынғали Қара­саев, еңбек ардагерлері Ділдә Матайқызы, Айсұлу Көшекова, Қатимолла Ризуанов, мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев, облыстық «Атырау» газетінің аға тілшісі Лиза Сейтімова, ардагер журналист Светлана Муньянова және басқалары бар. Сондай-ақ, «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов пен «Қазақстан – Атырау» облыс­тық телеарнасының аға те­лео­пе­раторы Талғат Қуанышев «Ақпа­рат саласының үздігі» төсбел­гісімен наградталды. Газет фото­тілшісі Ерлан Алтыбаевқа ҚР Ақ­па­рат және коммуникациялар ми­нистр­лігінің «Құрмет грамотасы» тапсырылды. Салтанатты ша­ра соңы мерекелік концертке ұлас­ты.

195 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Береке ықшам ауданындағы 195 пәтерлі 4 тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілді. Осы жаңалықпен барлық жиналғандарды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов құттықтап, жаңа пәтер кілттерін тапсырды.
– Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырауда біздің мемлекет басшысымен бекітілген бағдарламалар аясында тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр, – деді Полымбет Хасанов. – Біз тұрғындардың барлығына қолжетімді болатындай тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Бұл жарқын мереке – еліміздің астанасы күнінде 195 отбасы жаңа қонысқа көшті. 2018 жылы облыста 3892 пәтерлік 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды, биылғы жылы 34 үй пайдалануға беріледі. Облыс орталығында 39 үй салынса, қалғаны аудандарда.
Айта кету керек, бұл рекорд­тық көрсеткіш тәуелсіздік жыл­дарындағы аймақтағы тұр­ғын үй құрылысының үлкен кө­лемі.

МАРАФОН ҚАТЫСУШЫЛАРЫНЫҢ КӨПТІГІ ҚУАНТАДЫ

Атырауда алғаш рет өткен түнгі жүгіру марафонына 2000-ға жуық адам қатысты. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған түнгі марафонның жалпы қашықтығы 5 шақырым. Қатысушылар Мұз сарайы жанынан жүгіруді бастап, орталық көпір арқылы облыстық әкімдікке дейінгі жолды жүгіріп өтті.
– Атырау қаласында марафон жылына бір рет өткізіледі. Ал түнгі марафонды алғаш рет қаланың тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын арттыру үшін ұйымдастырдық. Бұл жастардың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта балалар арасында және күзгі марафон өткізу жоспарда бар, – дейді «Atyrau Marathone-2018» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Мәреге алғаш болып Базарбай Дауталиев келіп, жеңімпаз медалін мойнына тақты. Барлық қатысушыларға жарыс алдында неон білезіктер, ал мәреге жеткен соң естелік медальдар берілді. Сондай-ақ, марафонның жүгірушілері спорттық костюмдерін мерекенің жалпы атмосферасын көрсеткен жарқын элементтермен, неон шамдармен безендірді. Алғаш келген үздік 10 қатысушыға ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді. Енді атыраулықтар күзгі марафонға дайындалады.

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БАСЫМДЫЛЫҚ

Атырау балықшылар күні мерекесін бірқатар іс-шарамен атап өтті. Ертемен Жайық өзенінің жағасында спорттық балық аулау бойынша турнир өтті, жеңімпаздар түрлі номинациялар бойынша жүлделер мен сыйлықтар алды. Шипажай жағалауында екі бекіре зауыты өзенге бекіре балықтарының 20 мың шабағын жіберді. Жас шабақтардың салмағы 3-тен 10 граммға дейін.
– Бүгінде 20 мың шабақты жіберуіміз кездейсоқ емес. Биыл Атырау облысының аумағында жұмыс істейтін екі бекіре зауыты өздерінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сондай-ақ, бұл маңызды күн Қазақстан Астанасының 20 жылдығына тұспа-тұс келді. Бұл жыл сайынғы дәстүр жас балықтардың шығарылуы аймақтағы құнды балықтар санының артуына әсер ететініне сенімдіміз, – дейді Жайық-Атырау бекіре зауытының директоры Ғилман Сарсемалиев.
Шара барысында фестиваль қонақтары үшін бекіре балықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық әкімдіктің алдындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында Атырау өндірушілерінің балық өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Мұнда Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтар жаңа піскен, құрғақ және ысталған балықты, сондай-ақ әр түрлі жартылай фабрикаттарды сатып алды.

Сұлтан Бейбарыс алаңында балықтан дәмді тағам дайындау, балықты тез тазалау, балық аулау және кір тасын көтеру мен арқан тартудан жарыс­тар болды.
Осыдан кейін мерекенің қатысушылары мен қонақтарын балықшылар күнімен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов құттықтады.
– Жыл сайын біздің екі бекіре зауыты өзенге шамамен 7 миллионға жуық жас шабақтарды жібереді. Біздің өндірістік кооперативтер жылына 12 тоннаға дейін балық алады, олардың 85-90 пайызы экспортталады. Бұл Атырау облысындағы балық өнеркәсібі жақсы қарқынмен дамып келе жатқанының тағы бір көрінісі, – деді Серік Шапкенов.
Шара барысында балық өнеркәсібінің ардагерлері мен осы сала қызметкерлері салтанатты түрде марапатталды. Атырау облысының әкімі атынан ең басты төрт қызметкер Алғыс хат алды. Облыстың 15 тұрғыны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Орман және жануарлар дүниесі аймақтық комитеті дипломдарымен марапатталды, содан кейін тұрғындар назарына мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Балықшылар күні мерекесі С.Бейбарыс алаңында мерекелік концерт пен отшашумен аяқталды.

ЖАҒАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Мерейлі күні Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығында жағалауды бекіту жұмыстары аяқталды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев облыс тұрғындарын атаулы күнмен құттықтады.
– Сарайшық – тарихи орын. Жібек жолы бойында орналасқан бұл көне шаһар енді туристік орталыққа айналады. 2015 жылы қалашық орнын Жайықтың тасқын суынан сақтап қалу үшін қаражат бөлінді. – деді Әлібек Нәутиев. – Қазақстандықтар үшін маңызды мереке – Астананың 20 жылдығында жұмыстың аяқталғаны да жақсылықтың нышаны. Мемлекет басшысы еліміздегі киелі орындарға әркез көңіл бөліп келеді. Болашақта туристік орталық салуды жоспарлап отырмыз. Айта кетейік, екі жыл ішінде құрылысшылар биіктігі 3,6 м, ұзындығы 1,5 м қорғаныс бөгетін салды.
Бұл Астана күні мерекесі қарсаңында аяқталған бір ғана нысан емес, бұған дейін Махамбет ауданының Береке ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Облыста бірнеше әлеуметтік нысан тапсырылды. Кеңөзек селолық округінде ДСК, дәрі­герлік амбулаториялық бөлімше ашылды. Жылыой ауда­нында 580 орындық екі балабақша жұмыстарын бастады. Атырауда 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.
Астана күнінде Атырау қа­ласы­­ның тұрғындары мен қонақ­тарына мерекелік бағдар­лама ұсынылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнім­­дерінің жәр­меңкесі, балалар шығара­шылығы фестивалі, стритболдан спорттық жарыс, қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті, мерекелік отшашу бар.

Мақсат АМАНГЕЛДІ

Жауап қалдыру