Елбасының төл туындысы – Елорда

0
105

Міне, Сарыарқаның төсінде бой көтерген сәулетті де сәнді қала Елордамыз – Астананың туған күні де келіп жетті. Бұл күн тек Астана қаласының тұрғындарының мерекесі ғана емес, күллі Алаш жұртының қуанышы. Әлемді сұлу сымбатымен, көрік-келбетімен тәнті еткен сүйікті қаламыз кәмелеттік 16 жасқа толып отыр. Осыған орай Астана қаласының тарихына аз-кем тоқтала кетсем артық болмас.

Аида БАЛАЕВА,
Астана қаласы әкімінің орынбасары

Оқырмандарымызға белгілі болар, осыған дейін еліміздің орталығы 4 рет ауысты. Ал Астананың – Елорда статусын иелену тарихына келсек, оның басында сарабдал сая­сат­кер, әлем мойындаған ұлы тұлға, Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев тұрғаны бел­гілі. Тікелей Елбасы­мыздың бас­тамасымен 1994 жыл­дың 6-шіл­десінде Қазақ­стан Респуб­ли­ка­сының Жоғар­ғы Кеңесі ел кін­дігін Алматыдан Ақмо­ла­ға көшіру туралы Қаулы шы­ғар­ды.
Бұған қаланың геосая­си жағ­дайы, көлік жә­не теле­коммуникация құры­­лы­­мы, бас қаланың өркендеуі үшін жет­кілікті бос жердің болуы себеп болды. Қазақ­стан­ның 319 мың тұрғыны бар шағын қаласы елдің кіндігіне айналды. 1997 жылы қаланың ауқымы 258 шаршы шақырым болса, бүгінде Астана 710,2 шаршы шақырым жерді алып жатыр. 1998 жылдың 6-мамырында Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Қау­лысы бойынша, Ақмола атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына арнайы медаль мен «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді.
Бүгінде Астана – саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша түрлі кездесулер өтетін Еуразия кеңістігінің орталығы болып саналады. Жас Қазақстанның тарихы да бай. Қала 130 жыл бойы Ақмола аталып келді. Одан кейін Целиноград, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында қайтадан Акмола атанды, енді, міне, Астана қаласы. Нақты сандармен бейнелейтін болсақ, қала халқы 1890 жылы – 5 640 адам, қала бюджеті – 16 000 рубль; 1912 жылы – 14 765 адам, қала бюджеті – 56 242 рубль; 1939 жылы – 32 000 адам, 1960 жылы – қала бюджеті 37 миллион 227 мың рубльге жетті. ХІХ ғасырдың соңында, Ақмолада 25 адамдық стационар істейтін, ал 1964 жылы Целиноградта 350 дәрігер болды.
Бүгінде елордада тамаша медициналық кластер жұмыс істейді. ХХІ ғасырға ерен ұмтылыспен кірген Астананы Орталық Азия феномені деп бекер айтпайды. Бүгінде Астана тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығының мәдени һәм рухани орталығына айналып отыр. Дәстүрге айналған әлемдік діндердің съезі, түрлі халықаралық мәдени шаралар осы сөзімізге дәлел. 17 жылға жетер-жетпес уақытта адам танымастай болып өзгерген Астанаға қызыға да, қызғана қарайтын елдердің қатары жыл санап көбеюде.
Енді Астана күні мерекесін атап өту жағдайына келсек, жыл­дағы дәстүріміз бойынша бұл күнді асыға күтеміз әрі айрықша мән береміз. Осы ме­реке қарсаңында қаламыздың сәулетіне сәулет қосылып, құла­шын кеңге жая түсті. Дәл осы күнге орайластырып әлеуметтік–мәдени нысандар мен ірі өн­діріс орындарының тұсауы ке­сіліп, жұртшылық игілігіне айналдыру дәстүрге айналған. Осы арада айта кетейін, мұның дені қала әкімі Иманғали Тасма­ғамбетовтің тікелей бақы­лауымен өткізіледі. Сондай шара­лар қатарында Астана күні ме­рекесі қарсаңында жыл сайын өткізілетін «Астана таңдауы» байқауы. Биыл ол үшінші рет өткізіліп отыр. Арнайы алқа отырысы қаланың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өр­кен­деуіне, мә­де­ни-рухани қызмет көрсету сала­­сындағы жетістіктеріне қосқан үлестерін талқылай ке­ліп, электрондық дауыс беру тәсілі негізінде жеңімпаздарды анықтайды. Олар арнайы сый­лықтармен марапатталады.
Байқауға 195 аталым бо­йынша 250 өтінім келіп түскен. Ағымдағы жылдың қоры­тындысында 7 аталым бойынша үздіктер анықталды. Айталық, бұлардың арасында «Үздік мұғалім» аталымында – «Астана Дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Май­ра Құрманбаева, «Үздік дәрі­гер» аталымында – №1 қалалық аурухананың жоғары дәрежелі дәрігер-урологы Ки­рилл Чичеров, «Үздік жол жөндеуші» аталымында – «Прогресс KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ин­женері Бекзат Мүсеев, «Үздік учаскелік инспектор» аталы­мында – Астана қаласы ішкі істер департаменті Алматы аудандық учаскелік инспекторы Бауыржан Таумаханов, «Үздік энергетик» аталымында – «Астана қаласы Энергетика басқар­масы» мемлекеттік ме­ке­­месі энергиямен қамту бө­лімі­нің басшысы Олжас Ищанов, «Үздік құрылысшы» аталымында – «Бай-Тан ком­паниясы» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің дирек­торы Еркін Омаров, «Үздік жүр­гізуші» аталымында – «№1 Автобус паркі» акционерлік қоға­мының жүргізушісі Серік Адаев жеңімпаз атанды.
Жоғарыда айтып кетке­нім­дей, биылғы жылы қала күніне орай сәулетті де сәнді 2 жалпы білім беру мектебі мен 2 балабақша пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Астанада жалпы білім беру мекемелерінің жүйесінде 83 мектеп (соның ішінде 71 мемлекеттік, 12 жеке меншікті мектеп) жұмыс істейді, онда 95 мың бала оқиды, оларға 6 мыңнан астам мұғалім білім береді. Сондай-ақ, 148 балабақша мен 25 шағын орталық бар, онда 33 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.
Белгіленген жоспарға сай биылғы Астана күні мерекесі «Қазақ елі» алаңында халықтық серуенмен басталады. 5, 6, 7-шілдеде «Қазақ елі» мону­менті алдындағы алаңда халық­тық серуен өтіп, «Шуақ­ты қала» отбасылық фести­валі ұйым­дастырылады. «Шуақ­ты қала» қалалық отбасы­лық фести­валінің артық­шылығы, оның өткізілетін аумағының ауқым­дылығымен ерекше­ле­неді. «Қазақ елі» монументі алдындағы алаң бұқаралық әрі әсерлі шара өтетін біртұстас сахна ретінде көрініс таппақ.
Аумақ барлық жас шама­сын­дағы адамдардың қызығушы­лықтары ескерілген 16 алаңға бөлінген. Оның әрқайсысы өз алдына бөлек безендірілген жеке кеңістік. Мысалы, әр­түрлі жас шамасындағы бала­ларға арналған ойын-сауық алаң­дары болады. Онда би, көркемөнер сайысы, қолдан­балы өнер түрінен шеберлік сағат­тары өткізіледі. Келесі алаңда ересектерге арналған спорттық-күлкілі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады: қаппен секіру, үш дөңгелекті велосипедпен жарыс, сумо жекпе-жегі, алып шахматта ойнау және т.б. спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Қысқасы, мереке кезінде әрбір адам жасына қарамастан өзіне ұнайтын ермек таба алады. Айта кетейік, мұндай шаралар отбасылық демалысты жандандыруға, өз әсеріңмен бөлісуге және жақын адамдарға уақыт бөлуге ықпал етеді деп ойлаймыз.
Сонымен бірге, Астана күні қарсаңында мерекелік көңіл-күй қалыптастыратын және тұрғындардың демалысына әсер беретін «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрінің халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Шараға ҚР Ұлттық ұланның Орталық әскери оркестрі (Астана), ҚР Қорғаныс министрлігінің үрмелі оркестрі, ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» үрмелі оркестрі (Алматы), Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының үрмелі оркестрі және Тыва Республикасы үкіметінің үр­мелі оркестрі қатысып, өз өнер­лерін көрсетті. Ертең 5-шіл­деде қаланың Ақбұлақ ауданын­дағы Саябақ аймағында батпы­рауықтар фестивалі өткізіл­мек. Мұның бәрі Астананың 16 жылдығын мерекелеу күндері қала тұрғындарына тамаша тарту болмақ. Батпырауықтарды басқару өнерін дәріптейтін атал­мыш спорт түрінен халықаралық чемпиондар өз өнерлерін ор­таға салады, ал Елорда тұрғын­дары мен қонақтары таза ауада жыландай ирелеңдеген батпырауықтар биіне қанығып, оны өздері жасап, ұшырады, шеберлік сыныптарына қаты­сады.
Сондай-ақ, 5 жылдан бері қаланың аудандары мен аула­ларында мерекелік бағдар­ламалар ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. «Астана Шат­тық» шығармашылық авто­керуені Железнодорожный, Мичу­рино, Пригородный, За­реч­ный, Өндіріс және Көк­тал тұрғын алаптарын ара­лап, жергілікті тұрғындарды елорданың 16 жылдығымен құттықтайтын болады. Авто­керуен аясында Астана шағы­н аудандары мен аулаларын­да қазақ өнерінің жұлдыздары Алтынай Жора­баева, Бауыржан Нұрым­бетов, Назым Сағынтай, «MYSTERIONS» және «Ақби­кеш» топтары, «Арнау» би ансамблі, домбырашы Жұлдыз Жабелова, фокусник-сиқыршы Айдархан Сұлтанбеков, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайрат­кері Мұрат Нұрғазиев пен елордалық КВН командалары өнер көрсетеді. Өнерпаздар жергілікті тұрғындардың риза­шы­­лықтарына бөленбек.
Астана күні мерекесі аясында Астанада алғаш рет «Қалалар айқасы» әзіл-сықақ фестивалі өтеді. Айта кетейік, фестиваль 2014 жылы 7- шілдеде «Бейбітшілік және келі­сім сарайында» басталады. Фестиваль бағдарламасына әзіл-сықақ бағдарламаларының көш­басында тұрған «Мәссаған» жобасы, «Лица Столицы», «KZландия» скетч шоуы енгі­зілген. Сонымен бірге «Наша Rusia», «Comedy Club» тележо­баларының авторы «Comedy Club» айтулы мүшесі – «Семен Слепаков», КТК ойындары атынан «Нарты из Абхазии» думанды тобы қатысады. Сөйтіп, Астана шексіз шат күл­кінің шаңырағына айналады деп күтіп отырмыз.

Жауап қалдыру