Елбасына өмір бойы Қауіпсіздік Кеңесін басқару құқығы берілді!

0
110

«Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңы күшіне енді. Аталмыш заңның мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің кешегі санында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш заң Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәрте­бесін, құзыретін және қыз­метін ұйымдастыруды айқын­дайды. Осы жылдың мамыр айында оны Парламент қабылдап, Қазақстан Президенті 5 шілде күні заңға қол қойған болатын. Құжатта «Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» екені жазылған. Сондай-ақ, заң бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңе­сінің Төрағасымен келісе отырып қалыптастырады. Заңда жазылғанындай, Қа­уіп­­сіз­дік Кеңесі ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конс­титуциялық құрылысты, мем­лекеттік тәуелсіздікті, ау­мақ­тық тұтастықты жә­не ха­лық­аралық арена­да Қазақстанның ұлт­тық мүд­делерін қорғау мақса­тын­да Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті құра­тын және Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қам­тамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады. «Қауіпсіздік Кеңе­сінің негізгі міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамта­масыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамта­масыз ету саласындағы мемле­кеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындайды», – делінген Заңда.

Жауап қалдыру