Елбасы тапсырды.

0
156

Парламент пен Үкімет қолдай ма?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 26 ақпан күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдағаны мәлім. Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдау аясында қойылған міндеттердің іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.
Елбасы инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ бұл үр­діске «Қазақстандағы 100 жа­ңа есім» жобасына қа­тысушылардың креативті әле­уетін пайдалану қажет екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев елі­міздің телеарналарындағы се­риялық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-медиа жас­тарға пат­риот­тық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Елбасы кибер­қауіпсіздікті қамта­масыз ету және отандық бұқаралық ақ­парат құрал­дарының бәсе­кеге қабі­леттігін арттыру мәсе­лелеріне назар аударды.
Кездесу барысында Дәурен Абаев Қазақстан Президентіне «Цифрлық Қазақстан» бағ­дарламасын іске асыру жоспары туралы баяндап, оның басым бағыттарын түсіндіруге байланысты шаралар жөнінде мәлімет берді.
– Біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Жалпы, бағдарлама аясында 120 бірлескен іс-шара көзделген, оның жиырмасы биыл орындалатын болады, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Сондай-ақ, Д.Абаев Нұр­сұлтан Назарбаевқа «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені инфрақұрылымының базасында құрылған «Astana Hub» халықаралық технопаркі жұмысының басталғанын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев кез­де­суде қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәсе­лесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арт­тыруға бағытталған ша­ра­лар қабылдаудың ма­ңыздылығын айтты.
– Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құ­қығын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы латын қарпіне кезең-кезеңмен кө­шу­дің маңыздылығын ай­тып, қазақ тілін үйрету әдіс­­т­емелерін жетілдіру мә­се­лелерін жан-жақты зерттеуді тап­сырды. Бұл іс жүзінде өте сүйінішті жайт. 26 жылдан бері үздіксіз айтылып жүрген мәселенің оқыстан оңдала бастауы жұртшылықтың ри­за­шылығын туғызды. Иә, Мемлекет басшысы тапсырды, ал Парламент пен Үкімет дереу ағымдағы отырыс­тарын мемлекеттік тілде жүргізуге бет алды. Бірақ бұл бір-екі рет өткізіп қоя салатын көзбояушылық па, әлде тұрақты бағыт па? Оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы тап осы жерде Президент беделі сарапқа түскелі тұр.
Дастан ҚАДЫР

Жауап қалдыру