Елбасы сапары ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Табысты ынтымақтастық орнайды

0
64

Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев     15-16-қаңтар күндері ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Сапар аясында Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекет қайраткерлерімен, іскер топ өкілдерімен бірқатар келіссөздер өткізді, сондай-ақ  Дүниежүзілік  Х «Болашақтың энергиясы» саммитінің жұмысына қатысты.
Салтанатты қарсу алу рәсі­мінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагері сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мә­дени-гуманитарлық сала­лар­дағы екі елдің ынтымақ­тас­тығы мәселелерін қарастырды. Сон­дай-ақ, күн тәртібіндегі өзекті ха­лықаралық мәселелер талқы­ланды.
Келіссөздер қорытындысы бо­йынша Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Респуб­ликасының Біріккен Араб Әмір­ліктеріндегі Елші­лігінің жә­не Біріккен Араб Әмір­лік­терінің Қазақстан Респуб­лика­сындағы Елшілігінің қажет­тіліктері үшін Астана қаласында және Абу-Даби қаласында жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім,  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы дипло­ма­тиялық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама,  Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қо­ғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам істері және уақыфтар бас агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, «АСТАНА ЭКСПО-2017» және «ЭКСПО ДУБАЙ 2020» бюросы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум, Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасындағы Консулдық мәселелері бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері  Экономика министрлігі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Құрлықтағы және су көлігі федералдық агент­тігі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автокөлік арқылы халықаралық тасымалы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум сияқты құжаттарға қол қойылды.
Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев  Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтар өкіл­дерімен кездесті.  Әмірлік­тердің әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компания­ларының басшылары қатысқан кездесуде Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғалы бері елімізге Біріккен Араб Әмірліктерінен келген тікелей инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтағанын айтты.
– Қазақстанда әмірліктер ка­питалының қатысуымен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетика салаларын қамтиды. «Мубадала» мемлекеттік инвестициялық компаниясымен тығыз байланыс орнаған, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Астанада жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын «Абу Даби Плаза» екі жақты ірі инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономиканы әртараптандыруға айрықша көңіл бөліп, озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін алдына қойып отырғанына тоқталды.
– Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырылып, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республикамызда жүргізіліп жатқан бірқатар жүйелі шаралар мен институционалдық реформаларға тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік жылдары елі­міздің экономикасына жұм­салған шетелдік тікелей инвестиция 265 миллиард доллардан асады. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-ші орынға ие болды. Бүгінгі таңда 56 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар, –деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға Біріккен Араб Әмірліктері компанияларын белсене қатысуға шақырып, еліміз жан-жақты инвестициялық қол­дау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Басымдығы бар салаларда инвестор корпоративтік табыс салығынан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Шетелдік кәсіпкерлерге қолдау көрсететін Шетелдік инвесторлар кеңесі 19 жылдан бері тиімді жұмыс атқарып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін айтты.
– Бізді Біріккен Араб Әмірліктерінің индустрия­­лық аймақтар жұмысы жө­ніндегі тәжірибесі қызық­тырады. Біз осындай ай­мақ­тарды әмірліктер ком­­­па­нияларының бас­қа­руына беруге дайынбыз, – де­ді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әмірліктердің бизнесмендеріне Қазақстанда қазір ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүріп жат­қа­нын, оның аясында же­ті жүздей мем­ле­кет­тік кә­сіпорын са­ты­­­лымға шы­ғарыл­ға­нын жеткізді.
– Бұл – тау-кен ме­тал­­­лургиясы, мұнай өн­діру, энергетика, кө­­лік және байланыс са­ла­сындағы кә­сі­­­­порындардың, инф­ра­құрылым ны­сан­дарының акциялары. Біз әмірліктер компанияларының осы жекешелендіру ісіне атсалысуын біз құптаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Астана халықаралық қаржы орталы­ғының қызметіне және Абу-Дабидегі саммитпен тақырыбы ортақ алдағы «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесіне тоқталып өтті.
– Қазақстанның елордасында биыл «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» ха­лықаралық көрмесі өтеді. Оған 110-нан астам мемлекет, 18 халықаралық ұйым және жаңартылатын энергетика сала­сындағы жетекші әлем­дік компаниялар қатысады. Әмірліктер – араб мемлекеттері арасынан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған бірінші мемлекет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты келіссөздер аясында «Астана ЭКСПО – 2017» мен «Бюро ЭКСПО Дубай 2020» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтіп, «жасыл» энергия не­месе ба­ламалы және жаңар­­ты­латын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмір­ліктерімен арада табысты ынтымақтастық ор­найды деп үміт­те­нетінін жеткізді.
Соңында Мемлекет бас­­шысы кездесуге қа­ты­­сушылардың бә­ріне алғыс айтып, тараптар өзара тиімді ынты­мақ­тас­­тық­тың жаңа мүм­кін­діктері мен бо­ла­­­шағын айқындай ала­­тынына сенім білдірді.
Сапар аясында Қазақстан Пре­зиденті Х Дүниежүзілік «Бо­лашақтың энергиясы» саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы саммит саясаткерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың энергетика саласында және энергияны үнемдеу ісінде таза технологияларды дамытуға ықпал ету бағытында жүріп жатқан жаһандық диалогының маңызды бөлігіне айналғанын айтты.
– Сарапшылар оны қазірдің өзінде «таза энергияның дипломатиясы» деп атауда. Бұл әсіресе жаңа Климат жөніндегі Париж келісімі ауқымында жұмыс жүргізіліп жатқан кезде ерекше маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті 2015 жылы жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігіне жұмсалған инвестицияның мұнай-газ саласына салынған инвестициямен алғаш рет теңескеніне назар аударды.
– Ресурсқа бай кейбір мемлекеттер өкілдері өз энергетикалық саясатының салдары туралы ойлана бермейді. Басқа елдерде бұл саясат өз ресурстарын сақтап қалып, үшінші елдерге экономикалық энергетикалық экспансия жасауға негізделген, – деді Қазақстан Президенті.

Жауап қалдыру