Елбасы Асқар Маминді қабылдады

0
26

«Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Мемлекет басшысына компанияның қазіргі қызметі, оның еншілес кәсіпорындарының тиімділігін арттыру шаралары, негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.
Қазақстан Президенті елімізде іске асырылып жатқан «Нұр­лы жол» бағдарламасының ма­ңыз­дылығына, оның аясында ау­қым­ды жұмыстар жос­пар­лан­ға­ны­на тоқталды.
– Астанадан шұғыла тәрізді тарайтын автокөлік жолдарын салу және қалпына келтіру мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмыстар өн­діру­шілерді техника мен құ­ры­лыс материалдарын жеткізу жөніндегі тапсырыстармен қам­тамасыз ете отырып, мультипликативті әсерге ие болмақ. Бұл экономика үшін қиын уа­қыт­та оны дамытудың драйве­ріне айналады. Біздің еліміз Жі­бек жолының «экономикалық бел­деуіне» кіретіндіктен, Қытай Халық Республикасы да қолдау көрсететін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Астанада халық­ара­лық қаржы орталығын құру ісі де көлік-логистика саласын да­мы­ту жұмыстарын жүргізуді қа­жет ететінін айтты.
– Елорданы Дубай, Франкфурт, Гонконг сияқты жетекші қаржы орталықтарымен байланыстыру қажет. Азаматтық авиация саласында осыған дайындалып, жаңа бағыттарды игерген жөн. Сонымен қатар біз ішкі рейстерді кеңейту үшін авиакомпаниялар құруға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақстан темір жолы» АҚ президенті «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында жаңа теміржол, автомобиль магистральдарын салу, теңіз порттары мен әуежайлардың ин­фрақұрылымын қайта жөн­деу бойынша ауқымды жұ­мыс жүргізіліп жатқанына тоқ­тал­ды. Соның ішінде ол Инфра­құ­ры­лымдық даму жоспарында межеленген бір­қа­тар ірі жобалардың жүзеге асыры­луы туралы айтты. Батыс өңір­дің көлік жүйесін дамыту мақ­сат­ында Ақтау теңіз портын ке­ңейтуге мүмкіндік беретін үш жаңа жүк терминалы салынды. Бор­жақ­ты – Ерсай теміржол желісі салынып жатыр.
А. Мамин Қазақстанды Еу­ра­зияның көлік-логистика хабына айналдыру жөніндегі мін­дет­терді жүзеге асыру үшін қа­жетті күш-жігер жұмса­лып жатқанын атап өтті. Сол үшін елдің ішінде және шетел­де логистикалық инфрақұры­лым салу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытында контейнерлік тасымал соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша 15 есеге өседі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Үндістанға транзиттік тасымал ұйымдастыру мәселесі де пысықталуда.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Жауап қалдыру