Экономика мақсатты дамиды

0
28

Нұрсұлтан Назарбаев 6 желтоқсан күні «ЭКСПО конгресс-орталығында» өткен Индустрияландыру картасы жоба­ларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлық­тарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру кар­тасының ең маңызды нысандары таныстырылды.
– Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаны іске асыруды бастадық, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ауқым­ды индустрияландыру бағы­тын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.
– Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискі­лерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхол­динг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көш­бас­шысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар­мен ынтымақтастық орны­ғуда, – деді Мемлекет бас­шысы.
Сонымен қатар, Қа­зақ­­стан Президенті эко­­но­миканы әртарап­тандыру үшін инфра­құрылымды дамы­тудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұр­­­­лы жол» бағдар­ла­ма­сы аясында Еура­зия­лық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосыл­ғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқтал­ға­нын айтты.
– Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия – Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынты­мақ­­­тастықты нығайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технология­лар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды дайындаудың маңызды екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Үкіметке шет елдерге шығарыл­ған капи­талды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, Қазақ­стан­ның тауарларын экспорттық нарықтарға жеткізу жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес-ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.
Іс-шара соңында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқар­ма­сының төрағасы М.Есе­новке, «Үздік азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шы­ғаратын кәсіпорын» сый­лығы – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді, «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Евразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исеке­шевке берілді.

Дастан ҚАДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру