ЕАЭО болашағы жарқын

0
27

Мемлекет басшысының төрағалығымен 13-қазанда Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы қазіргі жағдайы мен перспективалары, сондай-ақ әлемде қалыптасқан геосаяси ахуал талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев сөз сөйледі. Талқылауға Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері қа­тыс­ты.
Мемлекет басшысы интегра­циялық бірлестіктің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермей отырған әлемдік нарық­тағы қолайсыз конъюнктура мен өзге де сыртқы жағдай­ларға қарамастан, ЕАЭО-ның болашағы жарқын екенін айтты.
Мемлекетаралық кооперацияны жолға қойып, экспортты ұлғайту үшін Қазақстан биз­несінің алдынан зор мүмкін­діктер ашылып отыр. «ЕАЭО – тек экономикалық бірлестік, ол экономика және сыртқы сауда аясында дамуға тиіс» деген Қазақстанның нақты ұстанымы атап өтілді.
Мемлекет басшысы отандық өндірушілерді қорғау мен қол­дау, олардың тауарлары мен қызметтерінің бәсекеге қа­білеттілігін ЕАЭО-ға мүше елдермен қатар өңірлік ауқымда да арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге айрықша назар аударды. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесінің отырысында күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер, Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы ахуал талқыланды.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер мен тәуекелдердің алдын алу шараларын дер кезінде да­йындау мақсатымен әлемде және өңірде болып жатқан үде­рістерді жіті бақылау қажет­тігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бо­йынша Қазақстан Президенті Үкіметке бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктеді.

Жауап қалдыру