Домбыраны жас ұрпақтың санасына сіңіру маңызды

0
396

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласының бас алаңында биыл екінші рет ұйымдастырылған Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Қ. Тоқаев елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл мейрамды руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсіну керек екенін айтты.
– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ларымызға рух, ақындары­мызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Ұлт­тық домбыра мерекесі жас ұрпақтың дәстүрлі өнер­ге деген құрметін арттыратынына сенім білдірді.
– «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұра­мызды сақтап, қадір тұтуы­мыз қажет, – деді Қасым-Жо­март Тоқаев.
Қазақстан Президенті бүгінде домбыра бүкіл Қа­зақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатынын және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы екенін атап өтті. Сондықтан, бұл ұлттық өнерді кеңірек насихаттауға шақырды.
– «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Бар­шамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты на­сихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте ма­ңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қазақ­стан Президенті төл мәдение­тімізге деген қамқорлық әр­қашан мемлекеттің ай­рықша назарында болатынын айтты.
«Қазақ елі» монументі алаңында өткен ұлттық руханиятымызды дәріптейтін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір оркестрдей домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады.

 

 

Жауап қалдыру