Диалог тұрғысында бірігу маңызды

0
159

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 13 қарашада Астана клубының үшінші отырысына қатысты. Елбасы Астана клубы Еуразия құрлығының болашағы үшін өзекті мәселелерді кең ауқымды сараптамалық деңгейде талқыға салатын бірегей өңірлік басқосу алаңы екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана клубының жұмысы аясында қазіргі заманның түйткілді мәселелерін шешудің тиімді жолдарын табуға болатынын айтты.
– Біз әлемге соңғы уақытта жетіспей жатқан нәрсені бергіміз келеді. Бұл дегеніміз – жаһандық міндеттерді шешу үшін бірігу, ауызбіршілік пен толеранттылық таныту, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халық­аралық терроризм мен экс­тре­мизмнің күшеюіне әкеп соқтыратын әлемдегі геосаяси және идеологиялық күйреудің белең алып келе жатқанын айт­ты.
– Жаһандық дамудың жаңа беталысы Шығыс – Батыс ба­­­ғы­­­ты бо­йын­­­ша гео­саяси, гео­­экономикалық және гео­иде­оло­гиялық күйреудің белең алуы жағдайында жүріп жатыр. Саяси қуғын-сүргін, жоқшылық, білім беру мен денсаулық сақтау деңгейінің төмендігі халықаралық терроризм мен экстремизмнің күшеюіне себепші болып отыр, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев өңірлік және ха­лық­аралық қауіпсіздіктің қа­зір­­гі жүйе­сінде бірқатар мә­­се­­­лелердің бар екенін атап өт­ті. Бұл мәселелер әлем­нің экономикалық және тех­нологиялық кеңістігін бө­ле-жарып, қауіп төндіретін санкциялық текетіреспен байланысты болып отыр.
Қазақстан Президенті жа­һан­дық шиеленістің күшеюіне әсер ететін милитаристік пиғылдың таралуын, қарулану үдерісінің артып келе жатқанын, сондай-ақ ядролық қаруды қолдану қаупінің қайта пайда болғанын айтты. Бұл ретте, халықаралық терроризм мен экстремизм апаттық ауқымға ие болғанын атап өтті.
– Үшінші мыңжылдық бас­талғалы террорлық актілердің де, қаза болғандардың да саны он есе өсті. 104 елде террорлық акт жасалды. Бұл – әлемнің тең жартысынан астамы. Географиясы мен ауқымы жағынан біз, шартты түрде айтқанда, үшінші дүниежүзілік соғыс – террорға қарсы соғыс жағдайындамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы соңғы 25 жылда әлемдегі халықаралық мигранттардың саны екі есе өсіп, бүгінде 250 миллион адамнан асқанын атап өтіп, бақылауға келмейтін жаһандық көші-қон мәселесіне назар аударды. Жаһандық деңгейде халық санының өсуі азық-түлік ресурстары тап­шы­­лығын өзекті мәселелер қа­тарына қосуда.
Қазақстан Президенті аталған мәселелерді шешу үшін Еуразия құрлығы қауіпсіздік, экономикалық өсім мен диалог саласында біріктіруші күн тәртібін ұсына алатынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол», Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының эко­номикалық өлшемі баста­маларын, «Нұрлы жол» бағ­дарламасын және басқа да жобаларды іске асыру Еуразия құрлығының жаңа гео­эконо­микалық кескіндемесін жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы жиында болған пікірталас орнықты жаһандық даму мақсатында әрі қарай нақты шешімдер қабылдау үшін септігін тигізетініне сенім білдірді.
Жиын соңында Қазақстан Президенті достық пен ын­тымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Первый канал» акционерлік қоғамының бас директоры К.Эрнстті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру