Өңдеу саласы өркендеуі тиіс

0
235

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 4 көкек күні «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мемлекет басшысы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «Теңізшевройл» жобасы туралы келісімге қол қойылған сәттен бері ширек ғасыр өткенін айтты.
– 25 жыл ішінде «Теңіз­шевройл» мұнай-газ нары­ғын­дағы көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи межеге – үш миллиард баррельге жетті, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы бұл кәсіпорынның ел экономикасына зор үлес қосып отырғанына тоқта­лып, Қазақстанда өндірі­ле­тін мұнай көлемінің үштен бір бөлігінен астамы «Теңіз­шевройл» компаниясына тиесілі екеніне назар аударды.
– «Теңізшевройл» компаниясы экономиканың машина жасау, мұнай-газ саласын­дағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты сала­ларын­да жұмыс істейтін мың­даған қазақстандық кә­сі­порынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз – алын­ған салықтар мен дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін та­уарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сатып алынуы. Бү­гінде жоба аясында 30 мың­нан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жоба­ның барлық шығынының 32 пайызынан астамы Қа­зақ­стан­да өндірілетін тауар­лар мен көрсетілетін қыз­меттердің үле­сіне тиеді, – деді Мемлекет бас­­шысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елі­міз­дің Үшінші жаңғыруы және Төртінші өнеркәсіптік револю­­ция элементтерін енгізу жағ­дайында өндірістің өнім­ділі­гі мен тиімділігін арттыратын заманауи цифрлық технологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Мұнай мен газ бағасының құбылмалылығына және баламалы технологиялардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақстан да бұл мәселеге мүдделілік танытып отыр. Үкімет компаниямен бірлесе отырып қайта өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруға және бұл жөнінде баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірінші кезекте тұр. «Шеврон» компаниясы бұл мәселеге орай қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Те­ңіз­шевройл» компа­ния­сы­ның бүгінгі жетістіктерге ең­­бек­керлерінің білімі мен тә­жірибесінің арқасында қол жеткізгенін атап өтті.

Дастан ҚАДЫР,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру