Дамудың жаңа мүмкіндіктері

0
128

Үстіміздегі жылғы 23-маусымнан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Сапар барысында Елбасы өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді, сондай-ақ кәсіпкерлермен және жұртшылық өкілдерімен кездесті.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
«Президент және Халық»

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ең алдымен Өскемен технологиялық жаб­дық­тар зауытында болды. Зауыт­ты аралау барысында Мем­­­лекет басшысына облыста жү­зеге асырылып жатқан Ин­дус­­трияландыру картасының жо­ба­лары көрсетілді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев техно­­логиялық жабдықтар өнді­ретін жаңа зауыт құры­лы­сы­ның ба­рысымен таныс­ты.
Өскемен технологиялық жаб­дықтар зауыты жылу-энер­гетикалық кешен, құры­лыс ин­дустриясы мен метал­лургия кәсіпорындарына арнал­ған өнім­дер шығаруға маман­дан­дырылған. Оның жабдық­тары Қазақстанмен қатар алыс-жақын шетелдерде сатылады.
Мемлекет басшысы бұдан соң «Айтас-МП» ЖШС-нің құс еті өнімдерін жете өңдеу және өн­діру зауытында болды.
Қазақстан Президенті зау­ытта Шығыс Қазақстан об­лы­сының агроөнеркәсіп ке­ше­нінде жүзеге асырылып жат­қан жобалар туралы баян­далды. Сондай-ақ зауыттың құс еті өнімдерін терең өңдеу және өн­діру жұмыстарымен та­ныс­ты.
«Айтас-МП» ЖШС кәсі­по­рыны 2013 жылғы тамызда іске қосылған. Шұжық өнімдерін, де­ликатестер мен жартылай дайын өнімдер шығарады. Өн­діріс көлемі жылына 6 мың тон­наны құрайды. Жобалық қуа­ты – 12 мың тоннаға 2020 жыл­ға қарай жету көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы осы сапары барысында Өскемендегі спорт кластерінің нысандарына баса назар аударды. Елбасы жекпе-жектер сарайын, жеңіл атлетикалық орталық пен жү­зу бассейнін аралап көрді. Сондай-ақ Өскемен қаласының спорт базасын кешенді дамыту жұмыстары барысымен және Шығыс Қазақстан облысында спорт, білім, жастар саясаты саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Сонымен қатар Қазақстан Пре­зидентіне өзекті әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге ба­ғыт­талған, атап айтқанда, же­тім балаларды қолдауға («Мейі­рім» акциясы), мүгедек балаларға көмек көр­сетуге («Әлемге ашылған терезе»), тү­­лектерді жұмысқа орна­лас­тыруға, меце­наттыққа бай­ла­ныс­ты жо­балар туралы баяндал­ды.
Нұрсұлтан Назарбаев өңір­дегі спорт саласы ардагер­лерімен әңгімелесіп, оң өзгеріс­терді атап өтті.
– Экономикалық дамудың арқасында біз әлеуметтік, со­ның ішінде спорт мәселелерін шешуге мүмкіндік алдық. Бүкіл еліміз бойынша спорт нысандары қалпына келтіріліп, салынуда. Атлеттеріміздің нә­тижелері де барлық бағыттар бойынша қарқынды түрде жақсарып келеді. Осының бәрі ұлт саулығын нығайтуда маңызды мәнге ие болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Жекпе-жектер сарайында күрес, бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары бар, оларда жалпы саны 1114 адам жаттығады. 350 адамға арналған жеңіл атлетикалық орталық жүгірумен, сырықпен және биіктікке секірумен, көп­сайыспен айналысуға мүм­кін­дік береді. Түрлі жарыс­тар өт­кізуге арналған, халық­аралық стандарттарға сай салынған жабық жүзу бас­сейнінің есігі қала тұрғын­дары үшін ашық.
Елбасы сапар кезінде Шы­ғыс Қазақстан облысының жұрт­шылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысы еліміздің бірегей өнім түрлерін өндіретін ірі өнеркәсіптік өңі­рінің бірі екендігіне тоқтал­ды.
– Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты өңір кәсіпорындарының алды­нан жаңа нарық ашылуда. Индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асыруға зор көңіл бөлінуде. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы қарыштап ілгерілеуде. Облыста майлы дақылдардың төрттен бірі өндіріледі, ет пен сүт өндіруден жетекші орында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бүкіл республика бойынша ба­сым­дыққа ие шағын және орта бизнес секторының бұл өңір­де қарқынды дамып келе жат­қан­дығына тоқталды.
– Шағын және орта кәсі­порындар шығаратын өнім­дердің көлемі екі жарым есе­ге ұлғайды, барлық жұмыс істейтіндердің үштен бірі осы салада қамтылған. Бұл өте маңызды, өйткені экономикаға негізгі табысты ірі кәсіпорындар әкеледі, бірақ олар барлығын жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан бұл тұста нақ осы шағын бизнес баға жетпес рөл атқарады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ша­ғын кәсіпкерліктің дамуы орта тапты қалыптастыра оты­рып, экономикалық қана емес, әлеуметтік жүйенің де тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ететінін айтты.
Қазақстан Президенті өңірде әлеуметтік сала жақсы да­мып келе жатқандығына назар ау­дарды.
– Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының өмір жасының орташа ұзақтығы жетпіс жасқа дейін ұзарды, туу көрсеткіші 41 пайызға өсті. Бұл – тұрмыс деңгейі көтерілгендігінің, ден­саулық сақтау саласы халық үшін тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқандығының айғағы, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан үшін айрықша өзек­ті экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстарын да атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Пре­зи­денті баса ден қоюды қажет ететін бірқатар бағыттарға да тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыста түсті металдардың негізгі қоры шоғырланғанына және оны игеру мен экономикалық айналымға тарту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті өнер­кәсіптік бесжылдық аясында іске қосылған нысан­дарды то­лық пайдалану қажеттігін де атап көрсетті.
– Әкімдіктердің барлығы жобаларды өз аумағына тарт­қысы келеді, бірақ жаңа өн­дірістік нысандардың қажетті болуын және олар нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға тиіс екендігін ескерген жөн. Биыл іске қосылған барлық нысандардың жұмысын қам­тамасыз ету керек, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы аграр­лық секторды қолдау үшін көптеген елдердің ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­ші­лерінің қолы жете бер­мейтін түрлі мүмкіндіктер ұсы­нылып жатқанына назар аудар­ды. Оларды өз деңгейінде пай­да­лан­бауға болмайды.
Қазақстан Президенті апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді және ден­саулық нысандарының құры­лысы кестесін мүлтіксіз сақ­тауды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев сырт­қы нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында экономиканы әрта­рап­тандыру, ішкі резерв­терді пайдалана отырып, дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу мә­селелеріне ерекше тия­нақ­ты­лық­пен қарау керек­ті­гін айтты.
Бұл орайда кадрлық және ғылыми әлеуетті дамыту ше­шуші маңызға ие болмақ.
– Өңірде жақсы ғылыми-ағартушылық база бар, бірақ оның нақты сектормен өзара іс-қимылын күшейту керек. Ғылым еңбек өнімділігін арт­тыруға қызмет етуге тиіс, инно­вацияның мәні де осында жатыр. Жаңа технологиялар әлемде қарқынды түрде енгі­зілуде, біз де қалыспауға тиіс­піз, – деді Мемлекет бас­шы­сы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станда барлық негізгі әлеу­­­меттік-экономикалық сала­­ларда – бизнес жүргізуде, ауыл ша­руашылығы өндірісін ұйым­­дастыруда, тұрғын үй құ­ры­лы­сында, оқуда, меди­цинада, мәдениетте тең­дес­сіз шарттар ұсынылып отыр­­ғандығын атап өтті. Тек тұрғындар тарапынан баста­ма­шылық қажет, ол үшін тиімді түсіндіру жұмыстарын жүр­гіз­ген жөн.
Қазақстан Президенті об­лыстың жалпы алғанда табысты дамып келе жатқанын, бірақ қарқынды әлі де үдете түсу қажеттігін айтты.
– Қажетті бағдарламаның барлығы қабылданды және қара­жатпен қамтамасыз етілді. Олар сапалы орындалуға тиіс – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында облыс әкімі Б.Сапарбаев өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы жө­нінде баяндама жаса­ды.
Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы «жасыл экономика» және баламалы энергетика сала­сын­дағы жобалардың Oskemen EXPO 2014 көрмесін аралап көрді.

Жауап қалдыру