ҰБТ сұрақтары 30 пайызға жаңарды

0
156

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен 18 маусымда өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.
ҚР БҒМ мәліметтерінше, 2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізілмек. 2004 жылдан бері тестілеуге 1 млн 775 мың адам қатысқан.
Білім және ғылым министрі хабарлағандай, биыл да ҰБТ форматы өзгерген жоқ.
– Биылғы 20-30 маусым аралығында ҰБТ 169 пунктте өткізіледі. ҰБТ-ға жалпы саны 117 242 адам қатысады, оның ішінде биылғы мектеп бітірушілер 96 380 немесе түлектердің жалпы санынан 71,6%. 20 862 – өткен жылдар­дағы мектептер мен колледж­дердің түлектері, – деді А. Аймағам­бетов.
Білім және ғылым министрі ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын қадағалау үшін өңірлерге ҚР БҒМ өкілдері жіберілгенін хабарлады. Тестілеу материалдары өңір­лерге құпиялылығын сақтай отырып жеткізілді. Респуб­ликалық апелля­циялық комиссия және ҰБТ өткізілетін әрбір пунктте апелляциялық комиссия құрылды.
– Барлық аудиториялар ұялы байланысты бәсең­де­тетін құрылғылармен және бейнекамералармен 100% қамтамасыз етілді. ҰБТ өткізілетін пункттерде бейнетрансляция жасайтын мониторлар орнатылды. Жылдам ақпарат алмасу үшін Білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары жұмыс істейді, – деді А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі биыл ҰБТ жетілдіруге бағыттал­ған бір­қа­тар шаралар қабыл­дан­ғанын айтты.
Бірінші. Биылдан бастап ҰБТ ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер үшін жылына 4 рет өткізіледі. Бұл мектеп оқушыларының психо­логиялық қысымын төмен­детіп, маусымда өтетін ҰБТ-ға әзірленулеріне мүмкіндік бер­ді.
Екінші. Өз бейіні бойынша ақылы оқуға түсетін колледж түлектері ҰБТ тапсырудан босатылады.
Үшінші. халықаралық сертификаттары бар және шет тілін білетіні расталған тұлғалар «Шет тілі» пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға автоматты түрде ең жоғарғы балл – 40 балл беріледі. ҰБТ-ға қатысатын балалардың ішінде олардың саны – 708.
Төртінші. Әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қа­тар, ақпараттық парақ бері­леді. Онда білім беру бағдар­ламалары тобының тізімі, биыл бөлінген гранттар саны, өткен жылғы конкурс нә­тижелері көрсетіледі. Бұл түлекке өзінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді.
Бесінші. Биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсуші одан әрі оқуы үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.
Жалпы, А. Аймағамбе­тов­тың айтуынша, ҰБТ өткі­зуге барлық дайындық жұмыстары аяқталған. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тестілеу өткізуді тиісті деңгейде қамтамасыз етеді.
А. Аймағамбетовтың айтуынша, 2019 жылы тест тапсырмаларының базасы 30 пайызға жаңартылды. Сұрақтар функционалдық сауаттылыққа, логикалық ойлау деңгейін анықтауға, базалық құзыреттіліктер мен түсінікке бағдарланған.
– Біз үшін маңыздылардың бірі – сұрақтардың мазмұнын жаңарту. Сұрақтар қандай да бір жаттанды ақпаратты қайталауға, есте сақталған белгілі бір фактілерді еске түсіруге бағытталмауы тиіс. Осы тест арқылы оның сауаттылығын, баланың бағдарлануын, мектепте алған білімін қаншалықты пайдалана алатынын түсіну керек. Тест сұрақтарының базасы, басты назар және мазмұны өзгертіледі, – деді білім және ғылым министрі.
А. Аймағамбетовтың ай­туын­ша, сұрақтарды құ­растыру үшін ең тәжірибелі әрі алдыңғы қатардағы пе­да­гогтар тартылады. Әзір­леушілер мен сарапшылар облыстық, қалалық білім беру басқармалары, тілдерді дамыту басқармалары, тілдерге оқытудың өңірлік орталықтары, біліктілікті арттыру институттары, оқу-әдістемелі бірлестіктер, колледждер, ЖОО-лар ұсынған білім беру ұйымдарының қызметкерлерінен, мұға­лімдер мен оқыту­шылардан іріктеп алынады.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі тестілерде мағынасы түсініксіз немесе түлектердің пікірінше қате жауаптар болса, апелляция рәсіміне жүгіну керек екенін атап өтті.
Апелляциялық комиссия әрбір ҰБТ өтетін пункт­те құрылған, сонымен қатар Рес­публикалық апел­ля­циялық комиссия құрыл­ды. Комиссия құрамына тәжі­рибелі мамандар енгізілген, олар шағымды қарас­тыру­дың объективтілігін қадағалайды.
– Ондай жағдайлар бар, тіпті, ғылымда белгілі бір күндер, оқиғалар бойынша бірнеше мәлімет бар. Сондықтан кейде түлектер апелляцияға келіп, тиісті дерек көзін көрсетіп, дәлелдеп жатады. Комиссия қарап растаған сұрақтар саны бірнеше есе төмендегенін атап өткім келеді, – деді А. Аймағамбетов.
2019 жылы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген 96 380 түлектің ішінде 73 389 түлек тестілеуді қазақ тілінде, 22 823-і орыс тілінде тапсыратын болады, бұл 75:25 ара қатынасын құрайды. ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында 9 ағыммен 169 ҰБТ өткізу пунктінде өткізіледі. Тестілеу 5 пән: білім беру бағдарламаларының таңдалған тобына сәйкес 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша жүргізіледі. Барлығы 120 тест тапсырмасы болады. Ең жоғары балл – 140.
Биыл бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындылары бойынша мектептер рейтингінен бас тарту көзделіп отыр. Министр бұндай ұсынысты ҚР Үкіметінің отырысы кезінде өңірлердің әкімдеріне бағыттады.
– Бүгін Үкімет отырысында баяндама жасай отырып, мен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың әкімдерінен Бі­рың­ғай ұлттық тестілеу қо­ры­тындысы бойынша рейтинг жүргізбеулерін сұрадым. Біз мұндай рейтингтің қажеті жоқ деп санаймыз, – деді А. Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрі мұндай рейтинг объективті емес және мектептердің әзірлік деңгейін көрсетпейді деп санайды.
– Егер бұрын ҰБТ бірден екі функцияны: мектептегі қорытынды аттестаттау мен ЖОО-ға түсуді қамтыса, қазір олар бөлініп, бұған тек жоғары оқу орнына түскісі келетіндер ғана ерікті түрде қатысатын болды. Сондықтан жоғары оқу орнына түсу нәтижелері бойынша рейтинг жүргізудің, мектептерге баға берудің қажеті жоқ деп ойлаймын, – деді А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр атап өткендей, оқушылардың жетістіктерін бағалаудың бас­қа да көрсеткіштері, мүм­кін­діктері мен тетіктері бар.
– Әрине, мұндай көрсет­кіш­тер бойынша белгілі бір қорытынды жасауға болады, бірақ біз мектеп туралы айтсақ, рейтинг ұғымының өзі күрделі процесс. Бұл ең алдымен тәрбиелеу, оқыту процесі. Бұл түрлі процестер, сондықтан оларды қандай да бір тетік арқылы бағалау біршама әділетсіз. Бұл жерде кешенді тәсіл қажет, – деді А. Аймағамбетов.
А. Аймағамбетовтің айтуынша, биыл бакалавриат үшін 53 785 грант бөлінді. Өткен жылғыдай, магистратура үшін 13 мыңнан астам грант қалып отыр. 2 312 грант докторантураға бөлінеді.
Сонымен қатар баспасөз конференциясы барысында министр Білім және ғылым министрлігінің Telegram-канал арқылы ҰБТ нәтижелерін алу мүмкіндіктері жайлы айтып берді.
– Біздің өзімізде Telegram-канал бар, тестілеу нәтиже­лерін сол арқылы алуға болады. Өткен жылы біз бұл рәсімді алғаш рет іске қосып көрдік. Сонымен қатар біз тестілеу рәсімінде орын алған қандай да бір бұзушылықтар туралы ақпаратты жіберуге болатын Telegram-каналды ашуды жоспарлап отырмыз. Біз бұл хабарламаларды бірден алып, сол бойынша бірден шаралар қабылдай аламыз, – деді министр.
Баспасөз конференциясы соңында ведомство басшысы абитуриенттер мен ата-аналарға тілегін жеткізді.
– Бірыңғай ұлттық тестілеу – бұл өте маңызды емтихан. Әрі, тым қарбалас дүние. Әрине, бәрі көп нәрсеге қол жеткізуді армандайды, бірақ ең бастысы қобалжымау керек. Сіздер әзірлендіңіздер. Көпшілігіңіз бұл тестілеуден өттіңіздер. Мектепте сіздерге қажетті білімді берді. Сондықтан жақсылап ұйықтап, емтихан тапсырамын деген ойдан бір сәт сергіген жөн, – деді А. Аймағамбетов.
Министр ҰБТ кезінде тыйым салынатын заттар туралы да айтып берді.

primeminister.kz

Жауап қалдыру