Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

0
53

«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің үстіміздегі жылғы 12-сәуірдегі санында   Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді.  Төменде «Президент және Халық» газеті оқырмандарының назарына осы мақала  ұсынылып отыр.

КІРІСПЕ
Еліміз жаңа тарихи кезең­ге аяқ басты. Мен жыл басын­дағы халыққа Жол­дауымда Қазақ­станның үшінші жаңғыруы басталғанын жа­рияладым.
Осылайша, біз қайта түлеу­дің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.
Біздің мақсатымыз айқын, бағы­тымыз белгілі, ол – әлем­дегі ең дамыған 30 елдің қата­рына қосылу.
Аталған екі жаңғыру проце­сінің де нақты мақсат-міндет­тері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көз­деген жұмыстарымыздың бә­рі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.
Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.
Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.
2004 жылы «Мәдени мұ­ра» бағдарламасы аясында Қа­зақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.
2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.
Енді осының бәрінен де ау­қымды және іргелі жұмыс­тарды бастағалы отырмыз.
Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгер­тетініміз туралы көзқарас­тарымды ортаға салуды жөн көрдім.

І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ
Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.
ХХ ғасырдағы батыстық жаң­ғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздері­не ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Бірақ, ұлттық кодымды сақ­таймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығай­тып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлт­тық дәстүрлерге шекеден қа­ра­мауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табы­сты жаң­ғырудың маңызды ал­ғышарт­тарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаң­ғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.
Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақ­тастыратын ұлт жадының тұ­ғырнамасы.
Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркен­деудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.
Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім.

1. Бәсекелік қабілет
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.
Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзге­лерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.
Сол себепті, «Цифрлы Қазақ­стан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасыр­дың талаптарына даярлаудың қамы.

2. Прагматизм
Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толық­қанды жаң­ғыруымыз мүм­кін емес.
Төл тарихымызға, баба­лары­мыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы праг­матизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.
Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ эколо­гиялық өмір салтын ұста­нып келді.
Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жара­тылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың бар­лық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мың­даған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.
Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.
Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қаны­мызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жос­парлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнем­шіл­дік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлық­тың прагматизмі деген осы.
Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.
Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.
Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.
Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау
Ұлттық жаңғыру деген ұғым­ның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Оның екі қыры бар.
Біріншіден, ұлттық сана-се­зім­нің көкжиегін кеңейту.
Екіншіден, ұлттық болмыс­тың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмас­тыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебие­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөз­бен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезов­тің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біз­дің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
Сонымен бірге, жаңғыру ұғы­мының өзі мейлінше көнер­ген, жаһандық әлеммен қабыс­пай­тын кейбір дағдылар мен әдет­терден арылу дегенді білдіреді.
Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыз­дырақ мәселені – өзіңнің бір­тұтас ұлы ұлттың перзенті еке­ніңді ұмытуға әсте  болмайды.
Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.
Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқа­шан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлт­тық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұс­тарынан бас тарту керек.
4. Білімнің салтанат құруы
Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.
Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.
Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уа­қытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.
Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.
Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
5. Қазақстанның революция­лық емес, эволюциялық дамуы
Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кес­тең еткен 1917 жылдың қа­зан айын­дағы оқиғаға 100 жыл толады.
Күллі ХХ ғасыр революция­лық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті.
Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.
Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ.
Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.
Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.
Екіншіден, ұлтымызға адам айт­қысыз демографиялық соқ­қы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.
Төртіншіден, еліміздің көп­теген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды.
Әрине, тарих тек ақтаң­дақтардан тұрмайды.
ХХ ғасыр Қазақстанға бір­қатар игіліктерін де берді.
Индустрияландыруды, әлеу­мет­тік және өндірістік инф­ра­құ­рылымдардың құ­рылуын, жа­ңа интелли­генция­ның қалып­тасуын осыған жатқызуға болады.
Бұл кезеңде елімізде белгілі бір  жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді.
Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен  мазмұны түбе­гей­лі өзгерді.
Біздің кешегі тарихымыз бұл­тартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.
Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.
Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.
Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп,  болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.
Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.
Сондықтан, әлемдегі оқиға­ларды ой елегінен өткізіп, қоры­тынды жасау – қоғам­ның да, саяси партиялар мен қоз­ға­лыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүние­танымдық, рухани жұмысының бір бөлігі.
6. Сананың ашықтығы
Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.
Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей.
Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, ис­пан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен үнденезиялықтар, малайлар ағыл­шын тілін еріккеннен үй­реніп жатыр ма?
Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты.
Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді.
Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ол жаңа техно­логияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.
Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық же­тістіктерін бойға сіңіру мүм­­кіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қы­тайдың бүгінгі келбеті – осы мүм­кіндіктерді тиімді пай­даланудың нағыз үлгісі.
«Өзімдікі ғана таңсық, өз­генікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсет­кіштерінің бірі.
Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.
Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле ал­майды. Тіпті, бірқатар ұста­нымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.

ІІ.  ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР
Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптас­тыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына ла­йықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.
Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.
Біріншіден, қазақ тілін бір­тіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауы­мыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйек­тілік қажеттігін терең түс­ініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайын­далдық.
Қазақ тілінің әліпбиі тым терең­нен тамыр тартатынын білесіздер.
VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды.
Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.
V-XV ғасырларда түркі ті­лі Еуразия құрлығының аса ау­қымды бөлігінде ұлтаралық қа­тынас тілі болды.
Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен ха­лықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.
Халқымыз Ислам дінін қа­былдаған соң руникалық жазу­лар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бас­тады.
Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан ау­мағында араб әліпбиі қолда­нылды.
1929 жылғы 7-тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қол­данылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13-қарашада «Қазақ жазуын латындан­ды­­рылған әліпбиден орыс гра­фикасы негізіндегі жаңа әліп­биге көшіру туралы» заң қабыл­данды.
Осылайша, қазақ тілінің әліп­биін өзгерту тарихы негі­зінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Мен 2012 жылғы желтоқ­сан айында жария еткен «Қазақ­стан-2050» Страте­гиясында «2025 жылдан бастап латын әліп­биіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.
Бұл – сол кезден барлық са­лаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.
Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспа­сөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек.
Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі за­манғы технологиялық орта­ның, коммуникацияның, сон­дай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғы­лыми және білім беру проце­сінің ерекшеліктеріне байла­нысты.
Мектеп қабырғасында ба­лаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.      2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.
Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Әрине, жаңа әліпбиге бейім­делу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады.
Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бо­йынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.
Оның мәні мынада:
1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.
2. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.
3. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.
Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?
Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық дең­гейде білім бере бастаймыз.
Бұл – білім саласындағы жаһан­дық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даяр­лау деген сөз.
Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бә­секелік қабілет сияқты сана­ны жаңғыртудың негізгі қағида­ларын қоғамда орнық­тыратын басты күшке айналады. Осы­лайша, болашақ­тың негізі білім ордаларының аудитория­ларында қаланады.
Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.
Бұл – мемлекеттің міндеті.
Үкімет мұны аудармашы ма­мандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдіс­темелік бағдарламалар мен про­­фессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайт­тарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек.
Үшіншіден, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.
Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.
Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды кө­ріністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.
Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
Туған жерге деген сүйіспен­шілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті дең­гейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қал­пына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс.
Бұл жұмысты өз бетімен жі­беруге болмайды, мұқият ой­лас­тырып, халыққа дұрыс түсін­діру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.
Бұл жерде де көп жұмыс бар.
Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.
Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлт­тық патриотизмнің нағыз өзе­гіне айналады.
Туған жерге деген сүйіспен­шілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұла­сады.
Төртіншіден, жергілікті нысан­дар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдар­ламасынан бөлек, біз халық­тың санасына одан да ма­ңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңі­руіміз керек.
Ол үшін «Қазақстаның қа­сиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.
Әрбір халықтың, әрбір өр­кениеттің баршаға ортақ қа­сиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.
Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.
Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.
Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жер­леріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.
Мәселе еліміздегі ескерт­кіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлы­тау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзо­лейін, Тараздың ежелгі ескерт­кіштерін, Бекет ата ке­сенесін, Алтайдағы көне қо­рымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жер­­лерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды мең­зейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық біре­гей­лігінің мызғымас негізін құрайды.
Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз ар­қылы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жер­лерінің мәдени-геогра­фиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қай­нар бұлағы.
Ол – ұлттық бірегейлік негіз­дерінің басты эле­менттерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.
Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзір­леуі керек.  Онда үш мәселе қам­­тылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:
1. Аталған «Мәдени-геогра­фиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.
2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.
3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар.
Бесіншіден, заманауи әлем­дегі бәсекелік қабілет – мәде­ниеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі табы­сының қомақты бөлігі Голли­вудтың еншісінде.
Біз ХХІ ғасырдың жаһан­дық картасында ешкімге ұқса­майтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыруға тиіспіз.
Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.
Бұл жоба нені көздейді?
Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.
Екінші, ол бүгінгі қазақстан­дықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.
Үшінші, мәдени қазыналары­мызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.
Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мульти­медиалық тәсілдермен де шық­қаны абзал.
Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және ком­муникациялар министр­ліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұ­мыс істеуі керек.
Бесінші, бұл жұмыста шығар­машылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, универ­ситеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.
Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек.
Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз.
2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тыңғылықты жүзеге асырамыз.
Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұң­ғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, бас­ты тілдерінде сөйлейтін болады.
Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билері­міз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.
Мен бүгінгі замандас­тары­мыздың жетістіктерінің та­рихына да назар аударуды ұсы­намын.
Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.
Еліміздің Тәуелсіздік жыл­намасы жазыла бастаға­нына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.
Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету та­рихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қа­лып қояды. Шын мәнінде, Қа­зақ­­станның әрбір жетістігінің ар­тында алуан түрлі тағдырлар тұр.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.
Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмір­баяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.
Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама заман­дастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көр­­сет­кіш.
Сондықтан, оларды телеви­зиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын аза­маттар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек.
Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алын­ған шынайы оқиғалар қалыптас­тырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысана­сына айналуға тиіс.
Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн.
1. Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту.
2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тастыру.
3. «100 жаңа есім» жоба­сы­ның өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қо­рына енетін тұлғаларды білуге тиіс.

ҚОРЫТЫНДЫ
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек.
Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.
Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.
Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.
Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныс­тар­дың маңызын терең түсінеді деп сенемін.
Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.

«Егемен Қазақстан»,
№70 (29051)
 12-сәуір 2017 жыл

Жауап қалдыру