Бірлесе даму арқылы – тұрақтылыққа

0
140

Үстіміздегі жылғы 14-15-мамыр күндері Қазақстан Президен­ті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысу үшін Қытай Халық Республикасында  болды. Сапар аясында Қытай Халық Республикасының  Төрағасы Си Цзиньпинмен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің басшыларымен кездесті. «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев сапар аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.
Елбасы «Бір белдеу, бір жол» идеясының өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін атап өтті. – Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрай­тын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасын­­дағы екіжақты және көпжақ­ты ынтымақтастық үлгі алар­лықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады, – деді Мем­­лекет басшысы.
Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұр­сұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Қытай Халық Республика­сының Төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының табысты­лы­ғы­н, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің халықаралық бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын еке­нін айтты.
Елбасы  бұдан соң «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумының салтанатты ашылу рәсімі аясында бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу өт­кізді. Нұрсұлтан Назар­баев Ре­сей Президенті В.Путин­мен және Түрік Респуб­ли­ка­сының Президенті Р.Ердо­ған­мен әңгімелесіп, таяуда Аста­нада өткен Сирия жөнін­дегі келіссөздердің қорытын­ды­ларын талқылады. Р.Ердоған Астана процесінің нәтижелеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Беларусь Прези­денті А.Лукашенкомен және Өзбекстан Президенті Ш.Мир­зиеев­пен, Пәкістанның және Малай­зияның Премьер-Министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік эко­но­микалық форумның төра­ғасы К.Швабпен жүздесті.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қа­тысу ниеті бар екенін растады.
Сондай-ақ, Испания Премьер-Министрі М.Рахой Қазақстан Президентімен әңгімелесу ке­зінде ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесіне Испания Ко­ролінің қатысатынын растады.
15-мамыр күні Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форум аясында өткен «Тығыз ынтымақ­тастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты «дөңге­лек үстел» жиынына қаты­сушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, зама­науи форматта қайта жан­дандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гума­ни­тарлық дағдарыстарға беріл­ген уақтылы жауап екенін атап өтті.
– Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адам­дардың экономикалық белсенділігін төмендетіп,  өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд адам тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі.
Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» өңірлік коопера­циясының жаңа моделінің мық­ты тұстарына ерекше тоқ­талды.
– «Бірлесе даму арқылы тұрақ­тылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақ­тастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйле­сімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орта­лық Азия әлемнің ең ірі нарық­тары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стра­тегиялық маңызға ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразиялық эконо­микалық одақтың осы процестегі маңызды рөліне тоқталды.
– «Үлкен Еуразияның» бір­тұтас экономикалық кеңіс­тігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
– Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруа­шылығы кооперациясын дамы­тудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму сала­сындағы ынтымақтастықты терең­детуді ұсынды.
– Жобаларды бірлесе қаржы­­ландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалымдардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континенталды трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселелесін де назардан тыс қалдырмаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

«Астана Медиа Пресс»
жаңалықтар агентігі

Жауап қалдыру