Білім саласының ардагерлері Үкіметке арызданды

0
143

«Нұр Отан» фракциясы кеше Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
Депутат Бейбіт Мам­раев­­тың айтуынша, Пар­ламент Мәжілісіне кәсіп­тік-техникалық білім сала­сының ардагерлері мен жұмыс берушілерден үндеу түскен. Соның негізінде Үкімет басшысының атына депутаттық сауал әзір­лен­ді.
«Олар Білім және ғылым министрлігінің шешіміне алаңдап отыр. Аталған меморган кәсіптік-техникалық білім бойынша мемлекеттік стандарттардан жалпы білім беру пәндерін алып тастауды жоспарлап отыр. Соның салдарынан колледжге түскен жастар жалпы білім ала алмайды.
Ал Қазақстан Республи­касы Ата заңының 30-бабы, 1-тармағы бойынша тегін орта білімге кепілдік берілген. Ел азаматтары оны міндетті түрде алуы қажет. «Білім туралы» заңда да орта білім жалпы білімнің бір сатысы ретінде белгіленген. Осы­лайша, министрліктің қа­зіргі жоспарлары конс­ти­­туциялық норма­ларға да, заңға да қайшы. Ондай­да азаматтардың орта білім алуға қатысты құқық­тары шектеледі», – деді Б.Мам­раев кешегі пленар­лық отырыста.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы 9 қаңтарда министрлік арнайы жос­пар қабылдаған. Онда өн­дірістік оқытумен айналысатын ұстаздар мен мамандарды басқа жұмысқа орналастыру мәселесі қа­растырылған. «Орта білім пәндерін алып тастап, оның орнына практиканың уақытын ұзартуға жұмыс берушілер де дайын емес. Осының салдарынан жас­тар арасында кәсіптік-тех­никалық білімге деген сұраныс төмендеп кетуі мүмкін», – деп атап көр­сет­ті Б.Мамраев.
Айта кетейік, пленарлық отырыста «Ақжол» фракциясы да өз депутаттық сауалын жолдады. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатировтың айтуынша, өткен жылы «Күнделік» ақпараттық жүйе­сі ақпараттық қауіп­сіздік талаптарынан өте алмады. Соған қара­мас­­тан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы келі­сім­шартқа қол қойыл­ды. «Күнделік» ЖШС директоры Александр Григорян да, министр де аталған жүйені қолданғаны үшін ақы алынбайтынын талай рет айтқан. Бұл дегеніміз, электронды сабақ кестесі, электронды журнал, күнделік, мектептің ішкі желісі, баланың сабақ үлгерімі туралы есеп, әдістемелік материалдар, үй жұмыстары, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы хабар алмасу – бәрі-бәрі тегін болуы шарт. Оны компьютер, гаджет пен смартофонға жүк­теу міндеті де болмауы қа­­жет», – дейді К.Абса­тиров.

(ҚазАқпарат)

Жауап қалдыру