Бесінші Каспий саммитіне дайындық пысықталды

0
70

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 3 тамызда Бесінші Каспий саммитіне дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, Президенттің көмекшісі Н.Онжанов, Қорғаныс министрі С.Жасұзақов және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қа­тыс­ты.
Басқосуда Каспий теңі­зі­нің құқықтық мәртебесі ту­ралы конвенцияға және өзге де келісімдерге қол қоюға әзірлік барысы талқы­ланды, сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы халықаралық іс-шаралар кестесі қарас­ты­рылды.
– Біз Каспий саммитіне көп жылдар бойы дайындалдық. Сарапшыларымыз шетел­дік әріптестерімен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқар­ды. Сонымен қатар, Түрік­менстанда халық­аралық Арал­ды құтқару қорын құ­рушы мемлекеттер басшы­ларының кездесуі өтеді. Біз соған қатысуымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Кеңесте Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың Бесінші Каспий саммитіне дайындық барысы жөніндегі есебі тыңдалды.
– Бесінші Каспий самми­тінің аясында Каспий те­ңізінің құқықтық режімін анықтау үшін көп жылғы келіссөздерді аяқ­тау жос­парлануда. Каспий жаға­сындағы елдер­дің теңізді пайдалану жө­ніндегі құ­қық­тары мен міндеттеріне байланысты бүкіл мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция саммиттің негізгі құжаты болып саналады, – деді Қ.Әбдірахманов.
Нұрсұлтан Назарбае­в Кас­пий маңы елдері ара­сын­дағы өзара тиімді эконо­микалық қарым-қаты­настарды ны­ғайтуға бағыт­талған Кон­венцияға қол қоюдың ма­ңыз­дылығын ерекше атап өтті.

Жауап қалдыру