Бейбіт заманға ардагерлер үлесі зор

0
90

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9 мамыр күні Алматыдағы Даңқ мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы сап түзеген Құрметті қарауылмен бірге Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар рухына бір минут үнсіздік арқылы тағзым етті.
Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушыларға ар­налған құттықтау сөзінде қазақстандықтардың фашистік басқыншыларды же­ңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Қазақстаннан майданға 1 миллион 800 мыңнан астам жауынгер аттанды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Тыл ең­беккерлері майданға қару, азық-түлік және керек-жарақ жөнелту үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сұ­ра­пыл соғысты көрмеген қа­зіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.
– Біздің аталарымыз революция мен репрессияны, әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Ал біздің ұрпақ бейбіт заман­да өмір сүруде. Бұған арда­герлеріміздің қос­қан үлесі зор. Сіздерге алғы­сымыз шек­сіз! – деді Мем­лекет бас­шысы.
Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек ардагерлерімен еркін әңгімелесті.
– Сіздер жанымыз­да жүр­генде, біздер – бала­лар­ыңыз бен немерелеріңіз, өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұ­тып, сіздерден қайсар­лық­ты, Отанымыз­дың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жанымызды құрбан етуге дайын болуды үйренеміз. Қымбатты достар, барша­ңызды мерекелеріңіз­бен құт­тықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және жақ­сылық тілеймін! – деді Қа­зақстан Президенті.
Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру