Бауырластық байланыс артады

0
88

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2-3 қыркүйек күні Қырғыз Республикасында сапармен болды. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесіп, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімін тамашалады. Артынша Шолпан-Ата қаласында өткен Түркітілдес мем­ле­кеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы сам­митіне қатысты.
Саммитті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Респу­б­ликасының Президенті Соорон­бай Жээнбековке дәс­түрлі қонақжайлылық көр­сеткені үшін ризашылық біл­діріп, саммитке Өзбекстан Рес­­публикасының Президен­ті Шавкат Мирзиёев пен Вен­грия Премьер-Министрі Виктор Орбанның қатысып отыр­ғанын ерекше атап өтті.
– Бүгінгі басқосуға құр­мет­ті қонақтардың келуі Түркі ке­ңесінің ықпал аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жет­кізетін уағ­даластық пен шешім­дердің ар­қасында өзара ынты­мақ­тас­тығымыз бен бауыр­ластық байланыстары­мыз одан әрі арта түсетініне сенім­дімін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кі­ріс­пе сөзінің соңында Түркі ке­ңе­сінің төрағалығын Қырғыз Рес­публикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке табыстай отырып, оның жаңа мәр­тебесіне орай табыс тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев қа­зіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мә­дениетімізді жас ұрпаққа қал­дыру ерекше маңызды еке­­нін айтты.
– Осыған байланысты бү­гінгі саммит ұлттық ойын түр­лерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйе­лі түрде Түркі кеңесі жас­­тары көшбасшыларының фо­румын, ғылыми конферен­циялар мен семинарлар өт­кі­­зуді, түркі әлемінің біре­гей тарихи жерлеріне өл­ке­тану экспедицияларын ұйым­дас­­тыруды ұсы­намын. Бұл ша­ралар жастарымызды жа­қын­дастырып, елдеріміздің мә­дени ерекшелігі туралы білім­дерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның Түркі кеңесіне тө­рағалық еткен кезеңдегі нә­ти­желеріне арнайы тоқтал­ды.
– Біздің төрағалығымыз ба­­ры­­сында ғылыми-ағар­ту­шы­­лық жұмыстарға ай­рықша көңіл бөлінді. Атап айт­қанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзер­байжанның, Түр­кияның, Қырғызстанның және Қазақ­станның мектеп бағ­­дар­ламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тари­хы­мыз­­ды танытып, сананы жаң­ғыр­туға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұра­мызды жинақтап, оны жария­лауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қо­сыл­ды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыра­тын «Түрк­барометр» әлеу­меттік зерттеу жобасы жүзеге асыры­ла бастады. Туризм сала­сын­дағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы әлем­дегі геосаяси және гео­эконо­микалық ахуалдың өзгеруіне орай халықаралық қауіпсіздік проблемалары шиеленісе түс­кенін атап өтті.
– Бұл – терроризм, діни экс­тремизм, ұйымдасқан қыл­мыс, заңсыз миграция және есірт­­кі тасымалы. Аталған за­манауи сын-тегеуріндер түркі дүниесіне де әсер етпей қой­майды. Мұның барлығы біздің кешенді іс-әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Түркі кеңесі аясындағы ынты­мақ­тастық күш-жігерді жұ­мыл­ды­рып, өзара даму үшін ел­­деріміздің одан әрі өркен­деуі­не қолайлы жағдай жасау­ға мүмкіндік беретінін айтты.
– Астана халықаралық қар­­жы орталығының мүм­кін­­діктерін бірлесе пайдалануымыз керек. Онда қаржы құралдарын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы эксперттерін тартуға барлық жағдай жасалған. Осы­ған орай, елдеріңізді қар­жы орталығының жұмысына бел­сене қатысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кі кеңесіне мүше мемлекет­тер арасындағы сауда-эко­но­­микалық қатынастарды те­­рең­детудің маңыздылығын атап өтіп, елдердің транзиттік әлеуетін пайдаланудың ба­сым­­дықтарына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының жүзеге асырылуына орай Мемлекет басшысы түркі халықтарының руха­ни жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қа­ра­шығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа ла­йықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әле­мінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.
Жиын соңында Мемлекет бас­­шысы қырғыз тарапын Түркі кеңесіне төрағалығының бас­­талуымен тағы да құт­тық­тап, табыс тіледі.
***
Мемлекет басшылары сам­миттің қорытындысы бо­йын­ша мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Түркітілдес мемле­кет­тердің ынты­мақтастық кеңесі VI сам­митінің декларациясы.
2. Түркітілдес мемле­кет­тердің ынты­мақтастық кеңе­сінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын таға­йындау туралы шешім.
3. Венгрияға Түркітілдес мем­лекеттердің ынты­мақ­тас­тық кеңесіндегі ба­қы­лау­шы мәртебесін беру туралы шешім.
Мемлекет басшылары саммит қорытындысы бойын­ша мы­надай құжаттар қабыл­дады:
1. Түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырым­дамасы.
2. Түркітілдес мемлекет­тердің ынтымақ­тастық ке­ңесі мемлекеттері басшы­лары­ның ұлттық спорт түрлері сала­сындағы ынтымақ­тас­тықты да­мыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі.
3. Түркітілдес мемле­кет­тердің ынтымақ­тастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.
Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру