Бауырлас елмен жағдай реттеледі

0
32

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) саммиті аясында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында президенттер екіжақты қарым-қатынасты дамыту мүмкіндіктерін тал­қы­лап, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай туралы сөйлесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековті Қырғыз­стан­ның президенті болып сайлануымен құттықтады.
– Біз бауырлас халық ретінде, көрші мемлекеттер ретінде республикаларымыз арасындағы тығыз қарым-қатынасты дамыта береміз деп ойлаймын, – дей келе Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет шекарасындағы жағдайдың себебін көпшілік білетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы екі елдің Үкіметтері арасында Жол картасы бар екендігін атап өтті және алдағы бір-екі күнде аталған жол картасын қарастыру үшін Қырғыз Үкіметінің делегациясы Қазақстанға келетіндігін айтты.
– Біз Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан үкіметтері жасаған жол кар­­тасын қарастырдық. Екі мем­лекеттің жұмыс топтары оны жан-жақты талқылап, жол картасына қол қояды, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстан тарапынан да, Қырғызстан тарапынан да шекараға бақылау қою туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Еуразиялық эко­но­микалық одақ тарапынан үш адам жүктерді тексеріп, шека­ра­дан өткізетін болады. Нұр­сұл­тан На­зар­баев Сооронбай Жээен­беков­пен кездесу барысында екі ел­дің арасындағы туыстық-ба­уыр­ластық қаты­настың бар­лы­ғы қайта орнына келтіруге ке­ліс­ке­нін атап өтті.
– Бұл – екі халықтың мүддесі. Мен Сооронбай Шәріпұлын Қазақстанға ресми сапармен шақырамын. Сол кезде барлық шаруаны артқа тастап, қазақ пен қыр­ғыз арасындағы жағдайды тү­зететін боламыз, – деді Елбасы.
Кездесу барысында президенттер баспасөз өкілдеріне брифинг өткізді.
– Барлық проблемалар бойынша сөйлесіп, шешімге келдік. Екі елдің Үкіметтері жол картасын жасайды. Содан кейін көп мәселе шешіледі. Шешілмейтін проблема болмайды. Көп мәселе бар, оларды екі тарап бірігіп шешеміз деп ойлаймын. Желтоқсан айында жол картасы бойынша жұмыстар аяқталуы керек. Рахмет сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, – деді Сооронбай Жээнбэков.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ

Жауап қалдыру