Бастамалар – әл-ауқатты арттыруға бағытталған

0
11

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 14 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Елбасы жиынға қатысушыларды және барша Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Қазақстан Президенті тә­уелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз өзінің даму жолында зор жетістіктерге жеткенін атап өтті.
Елбасы егемен еліміз­дің құ­рылу тарихында Қазақ­станның жас астана­сының ма­ңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

– Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елорда жаңғырған Қазақстанның сим­волы саналады. Биыл Ас­танамыздың 20 жыл­ды­ғын еліміздің барлық өңірі­мен бірге жоғары деңгейде атап өттік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қа­зақ­станда жүргізілген ау­қымды нарықтық рефор­малар мил­лионнан астам аза­мат­­тары­мыздың кәсіп­керлік қабі­леттерін эко­но­ми­каға жұмыл­дыруға жол аш­қа­нын айтты.
– Экономиканы жүйелі индустрияландыру өңдеу өнер­кәсібінің үлесін айтарлықтай арттыруға септігін тигізді. Бү­гінде мұндағы өнім көлемі шамамен 9,5 триллион тең­гені құрап отыр, – деді Қа­зақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы көлік-логистика инфрақұры­лы­мына тартылған инвес­ти­цияның арқасында Қазақ­стан құр­лық­тық маңызы бар транзиттік хабқа айнал­ға­нын атап өтті.
Сонымен қатар, Нұр­сұл­тан Назарбаев тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұр­ғындар саны 15 есе азайып, ал нақты еңбекақы 4 есе артқанын айтты.
– Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғын­дардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетуі. Осы ма­ңыз­ды жеңістеріміз бен игі нә­ти­желеріміз біз таңдаған ба­ғыт­тың дұрыс екенін растап отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті 2018 жылы еліміздің сыртқы сая­сатта да, жаңғыру бағ­дарламаларын іске асыру аясында да қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталды.
– Біздің жауапты әрі сындарлы сыртқы саясатымыз әлемдік аренадағы өз орнымызды айтарлықтай нықтай түсуге мүмкіндік берді. Қазақстанның жемісті бітімгерлік қызметі Аста­надағы Сирияаралық келіссөздердің нәтижелі болуына септігін тигізді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан На­­зар­баев «Астана» ха­лық­аралық қаржы орта­лы­ғын, «Астана хаб» ІТ-стар­­тап­тардың халықара­лық технопаркін және «Жа­сыл» технологиялар мен ин­вес­тициялық жоба­лар­дың халықаралық орталығын іске қосу жөніндегі жұмыс­тардың нәтижелеріне назар аударды.
– Қоғамдағы бірлік пен келісім біздің барлық жетіс­тігі­міздің бастауында тұрға­нын әрдайым есте ұстауы­мыз керек. Этно­саралық және кон­фессияаралық да­мудың қазақстандық моделі бүгінде халықаралық брендке айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президен­ті елі­­міздегі кейінгі баста­ма­лардың бәрі тұрғын­дарымыздың тұр­мыс сапа­сын жақсартуға, қо­ғам­дық қауіпсіздікті жоғары дең­гейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арт­ты­­руға бағытталғанын атап өтті.
– Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің ма­ңызды бағытымыз. Тәуел­сіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз, – деді Елбасы.
Соңында Нұрсұлтан На­зар­баев тәуелсіз ел тұрғын­дары­ның қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қа­зақ­стандағы әрбір отбасы­ның игілігі мен бере­кесін нығайтуға үлес қоса­тынына сенім білдірді.

Жауап қалдыру