Бар күш – төтенше жағдайға

0
190

Осы аптада күннің күрт жылынуынан Алматы облысының біршама аймағындағы көптеген үй ауласы қар суының астында қалды. Атап айтқанда, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарында және Талдықорған қаласында үй аулаларына қар суы кіріп кеткен.
Табиғаттың тосын «сыйы» әсі­ресе Жамбыл ауданы тұр­­ғын­дарын әбігерге салу­да. 28 ақпан күні онда төтенше жағ­дай жарияланды. Облыстық Төтенше жағдайлар департа­менті баспасөз қыз­ме­ті­нің мәліметінше, Жамбыл ауда­нының Ұзынағаш ауы­лындағы 120 ауланы су басқан. Ал 50 үй ауласы судың астында қалған Қайназар ауылында жағдай тұрақталды. Суды сораппен шығару жұмыстары қазір қал­ған 3 аулада жүргізілуде. Ал Қарасай ауданында 82 осындай жағдай тіркелген. Аулаларды су басу Қаскелең қаласында – 28, Батан ауылында – 34, Қыр­ғауылды – 5, Абай ауылында 15 жағдай тіркелген.
Талғар ауданында да жағдай мәз емес, Тұздыбастау ауылында 250 үйден 1 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Ал Еңбекшіқазақ ауда­нын­дағы Байтерек ауылында  15 аула судың астында қалған.
Облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаевтың айтуынша қар суының бұлайша жайылып кетуіне аяздан тоң болып қалған жерге судың сіңбеуі себеп болған.
Төтенше жағдайлар қыз­ме­­тінің мәліметінше, оқиға орын­­дарында жергілікті орган, құт­қарушылар, әскери қыз­мет­керлер жұмыс істеп жа­тыр. Қазір су басқан елді­мекен­дерге Алматы облы­сының әкі­мі Амандық Баталов барып, қолма-қол көмек ұйымдастыруда.
Су тасқынының алдын алуға өзге облыстар да қам жасауда. Павлодар облысының билігі елдімекендерді су басу қаупінің алдын алу шараларын бастап кеткенін хабарлады.
«Алдағы ауа райы бол­жам­дары мен өткен жылдағы тәжі­рибелерді есепке ала отырып, аймақтағы су басу қаупі бар деген 57 елдімекенді анықтадық. Оның құрамына 1065 тұрғын үй, 58 әртүрлі мақсаттағы ғимарат, 4619 адам кіреді. Сонымен қатар ұзындығы 4,951 шақырымға созылатын 42 автомобиль жол­дары және теміржол учаскесі кіреді», – деп хабарлайды өңірлік ТЖД.
Қазір мамандар қардың қа­лың­дығынан бастап, қауіпті жағ­дай туа қалғанда тұрғын­дарды эвакуациялау бағыт­та­рын, қажетті техниканы сай­лау сияқты жұмыстарды пысық­тап жатыр. Сонымен бірге жер­гілікті басшылар қауіпті су қой­маларының басына барып, нысандардың беріктігін ба­қылауға алды. Баянауыл ауданында былтырғыға қарағанда қар аз түскен. Соған қарамастан мамандар күн жылынып қар үздіксіз ерісе елдімекендерді су басу қаупінің арта түсетіндігін айтады. Төтенше жағдайлардың алдын алу айлығы 20 наурызға дейін созылмақ.
Ал Ақтөбе облысы аумағында қардың түсімі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе аз. Дегенмен, төтенше жағдайлар қыз­меті қауіп сейілмегенін жасырмады. Себебі, жердің үстіңгі қабаты қа­тып қалған. Егер қар ерісе, жер­ге сіңбей, бірден жылғаларға ағады.
Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Маңғыстау облысында да арнайы шаралар жүзеге асырылып жатыр. Биыл төтеншеліктер 308 техника, 42 су сорғыш көлігін алған. Сондай-ақ, 10 қайық та бар. Сонымен қатар, жеке құрамның 575 қызметкері мен 112 техника да сақадай сай. «Су басу қатерлерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» жол картасына Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданының дренаждық жүйе­лері құрылысын салуға 2 жоба енгізілді», – дейді облыс­тық Тө­тенше жағдайлар депар­та­ментінің басшысы Қуанар Базарбаев.

Асан ШАҢБАЙ

Жауап қалдыру