Балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту керек

0
46

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 21 қараша­да білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнін­де кеңес өткізді.
Жиында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев білім саласын биылғы Жолдау бағыттарына сай жетілдіру жөнінде баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев ми­нис­трдің мәліметін назар­ға алып, отандық білім беру жүйесіндегі бірқатар проб­лемаларға және шеші­мін табуға тиіс міндеттерге тоқ­талды.
– Балаларды балабақ­шамен 100 пайыз қамту керек. Бұл мәселемен Үкімет те, әкімдіктер де айналысуы қажет. Сондықтан Үкіметке 3 жылда еліміздегі барлық 55 мың тәрбиешінің біліктілігін арттыруды тапсырамын, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті орта білім беру ісін жаңартылған мазмұнға кө­шіруді 2021 жылға қарай аяқтауды тапсырды. Осы­ған байланысты зият­кер­лік мектептердің тәжі­рибесіне сүйеніп, жаңа бағдар­лама­лар, сапалы оқулықтар, сондай-ақ, кадрлар даярлау жүйесін енгізу қажеттігі атап өтілді.
– Оқушылар мен ата-аналарды артық оқу жүк­темесінен босату керек. Жергілікті жерлердегі орта білім берудің проблемаларын сапалы түрде шешу мәсе­лесіне бүкіл өңірлердегі әкімдердің назарын ерек­ше аударғым келеді. Әкім­діктер оқушылардың дамуы мен білім алуы үшін мектеп асханаларындағы са­палы тамақтан бастап ба­лалардың мектепке қаты­науына дейін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауы қажет. Әрбір баланың білі­міне жұмсаған күш-жіге­ріміз – еліміздің жарқын бола­шағына салған инвестиция, – деді Мемлекет бас­шысы.
Сонымен қатар, Нұрсұл­тан Назарбаев педагог кә­сібінің мәртебесін арт­тыруға бағытталған нақ­ты ынталандыру шараларын енгізе отырып, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын тиянақты дайындау қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті үш ауысымды және апатты жағдайдағы мек­тептердің проблемаларына тоқталып, өңір әкім­деріне осы мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Атап айтқанда, Елбасы осы мақсатпен 123 мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың аяғына де­йін кем дегенде 75 мың орын­ға арналған студенттік жатақхана салу жөніндегі тап­сырманың уақтылы орын­далуы маңызды екенін атап өтті.

Жауап қалдыру